Таяуда, ұялы телефоныммен бір тауардың бағасын білейін деп сілтемеге кіріп қалып едім, «WhatsApp» желімнің бетіне «Уақытша жабылды, кешіріңіз» деген жазу шықты. Сосын 10 минутта ашылатыны туралы жазу пайда болды. Ойымда ештеңе жоқ телефонды өшіріп, қайта қосып жатсам, үйдегі әкеме ағайындар телефон соғып «Балаңа не болды, ақша сұрап жатыр ғой. Полицияға түсіп қалғаны рас па?» деп соғып жатыр екен.
Сөйтсем жаңағы сілтемеге өткен сәтте интернет алаяқтар «WhatsApp» желімді бұзып кіріп, мен болып біраз адамнан ақша сұрапты. Тіпті статусқа «Қарызға 10 мың теңге керек. Полицияға түсіп қалдым» деп жазып қойыпты. Оны көрген кейбір туыстарым мен достарым «Ақшаны қайда аударайық?» деп әбігерге түссе, кейбірі «Бұл – алаяқтардың ісі» деп бірден біліпті. Абырой болғанда ешкім ақша аударып үлгермеген. «WhatsApp» желім де дереу ашылып, барлық танысыма бұл интернет алаяқтарының ісі екендігін ескертіп үлгердім. Алайда, бір қауіптің алдын алғанымызбен мәселе мұнымен бітпейді. Бұл интернет-алаяқтық деген нашақорлық, суицид, жемқорлық сияқты қоғам дертіне айналып отыр. Сондықтан сақ болған жөн!




