Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамау ұстанымы қоғам мәдениеті мен азаматтық жауапкершілікті айқындаушы өлшемдердің бірі ретінде қалыптасуда.
Тазалық енді тек тұрмыстық мәселе ретінде ғана емес, жетілген қоғамның маңызды көрсеткішіне айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бастамасы осы үрдістің жан-жақты орнығуына тікелей ықпал етуде. Бұл бастама экологиялық науқан аясында шектелмей, қысқа уақыттың аралығында жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Президент атап өткендей, бүгінде тазалық ұғымы ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігіне және еліміздің негізгі құндылықтарының біріне айналып отыр. Қоршаған ортаға деген ерекше көзқарас пен қатынастың тарихи тамыры тереңнен бастау алады.
Ұлы даладағы дәстүрлі мәдениетке сай, бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста, үйлесімділікте өмір сүрген. Өзін табиғатты бағындырушы емес, оның ажырамас бір бөлігі ретінде сезінген. Олай болса маңызды бастама алдағы уақытта да жалпыұлттық сипат алып, қоғамдық санада жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруда шешуші рөл атқара берері анық.
Сымбат ҒАЗИМ,
Белсенді жас


