Жаз – жанға жайлы жылы күндерімен, ұзақ кештерімен және табиғат аясындағы ұмытылмас сәттерімен ерекшеленетін мезгіл. Дәл осы уақытта ауыл тұрғындары саябақтарға, өзен бойы мен демалыс орындарына жиі ағылады.
Алайда, халық шоғырланған сайын бұл орындардағы тазалық мәселесі жыл сайын өзектілігін жоғалтпайтын үлкен мәселеге айналады. Жаз айларында қоршаған ортаның, әсіресе халық демалатын қоғамдық орындардың тазалығына ерекше көңіл бөлу – әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің басты көрсеткіші. Жазда тазалықты сақтаудың маңыздылығы тек эстетикалық көрініспен ғана шектелмейді, оның терең экологиялық және санитарлық себептері бар.
Біріншіден, саябақтар мен демалыс аймақтарында бейберекет тасталған пластик құтылар, полиэтилен қаптар мен өзге де тұрмыстық қалдықтар топырақ пен өсімдіктер дүниесіне орасан зор зиян келтіреді. Әсіресе, жасыл желектер мен өзен-көл жағалауларының қоқысқа толуы жергілікті экожүйенің бұзылуына әкеп соғады.
Екіншіден, ыстық күндері тамақ қалдықтары өте тез шіріп, айналаға жағымсыз иіс таратып қана қоймай, түрлі жұқпалы аурулар мен зиянкестердің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Бұл – демалушылардың, әсіресе жас балалардың денсаулығына төнген тікелей қауіп. Сондықтан демалыс кезінде тазалықты да ұмытпаған жөн.
Айқын МӘМБЕТОВ,
Миялы ауылының тұрғыны



