«Халқымызда «бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экологиялық мәдениеті жоғары мемлекетке айналуы керектігін де атап өтті. Бұл үшін үлкен мемлекеттік бағдарламалармен қатар әр азаматтың күнделікті дағдысы мен жауапкершілігі маңызды. Өйткені тазалық көшеге қоқыс тастамаудан, өз аулаңды күтуден, ағаш егіп, оны баптаудан басталады.
Президенттің айтуынша, биылдың өзінде елімізде 600-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Оған 7 миллион адам қатысып, 130 мың гектардан астам жер тазартылып, 1,3 миллион көшет отырғызылған.
«Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы», деді Мемлекет басшысы.




