Президенттің биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға берген бағасы – ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Ардагер ретінде бұл бастамаларды толық қолдаймын.
Табиғатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буын алдындағы қасиетті борышы. Ақбөкендердің қайта көбейіп, жойылып кету қаупінен арылуы, сондай-ақ қар барысының санының артуы – мемлекет тарапынан жүргізілген жүйелі әрі нәтижелі жұмыстың дәлелі. Бұл – тек экология саласының жетістігі ғана емес, тұтас елдің жанашырлық пен қамқорлыққа негізделген саясатының жемісі. Соңғы жылдары орман алқаптарының ұлғаюы, миллиондаған ағаштың отырғызылуы – табиғатқа деген дұрыс көзқарастың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Осындай игі істерге әр азамат үлес қосуы тиіс деп есептеймін. Халықаралық деңгейде де сирек кездесетін жан-жануарларды қорғауға шақыру – Қазақстанның жаһандық экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын білдіреді. Бұл бастамалар ел беделін арттырып қана қоймай, табиғатты сақтаудағы ортақ күш-жігерді нығайтады. Қорыта айтқанда, табиғатты қорғау – ұлттың болашағын қорғау. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, барша жұрт болып қолдау көрсетуіміз қажет.
Еңсеген ӘБИ, ардагер


