Бала – әрбір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ең қымбат байлығы. Оның күлкісі мен арманы қауіпсіз ортада ғана қанат жаяды.
Сондықтан баланың қауіпсіздігі туралы сөз қозғалғанда, біз тек жол ережесін немесе терезеден құлаудың алдын алуды ғана емес, тұтас өмір салтын қалыптастыруды ойлауымыз қажет.Өкінішке қарай, бүгінгі таңда балаларға төнетін қауіп бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Көшедегі қауіппен қатар, интернеттегі алаяқтар, әлеуметтік желідегі зиянды контент, бақылаусыз су айдындары, көлік құралдарын заңсыз басқару, ашық терезелер, психологиялық қысым – мұның барлығы бала өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Көп жағдайда қайғылы оқиғалардың себебі – ата-ананың немқұрайлылығы емес, «менің балама ештеңе болмайды» деген жалған сенім. Ал қауіп ешқашан ескертіп келмейді. Қауіпсіздік – бір күндік акция немесе бір реттік түсіндіру жұмысы емес. Ол – күн сайын қалыптасатын тәрбие, сенім мен жауапкершіліктің нәтижесі. Балалар үлкендердің айтқанынан бұрын, істегенін қайталайды.
Сондықтан ата-ананың жеке үлгісі – қауіпсіздіктің ең тиімді сабағы Қызылқоға ауданы полиция бөлімі аудан тұрғындарын балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әрбір сақталған өмір – ортақ жеңіс. Әрбір қорғалған бала – елдің жарқын болашағы.
Айтөре НЫҒЫМЕТ,
Қызылқоға ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны



