Ауылдың көркейіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Осы орайда «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында Ойыл ауылдық округінде жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді.
Биыл округ көлемінде 12 рет сенбілік өткізілді. Оған 168 тұрғын және екі техника қатысып, 4,7 тонна қоқыс тиісті орынға шығарылды. Сенбілік барысында Жасқайрат ауылының көшелері, кірме жол бойы, орталық саябақ, мекемелер мен кәсіпкерлік нысан айналалары толықтай тазартылды. Сондай-ақ округ әкімі аппаратының мамандары учасклік полиция инспекторымен бірлесе тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға тексеріс жүргізіп, тазалық жұмыстарын жүргізбеген тұрғын үй иелері мен кәсіпкерлерге ескерту берілді. Жасқайрат ауылында тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында Ы.Шөреков және С.Қалекенов көшелерінде баннер орнатылды. Тазалық бойынша «Жанэль» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалып, олар округ орталығында орналасқан жеті контейнер алаңындағы 28 контейнер мен алты пластик құтыларға арналған тор контейнерді және 10 көше қоқыс жәшігін тазалап тұрады. Округте көгалдандыру жоспары бекітіліп, биыл 300 түп үйеңкі талын отырғызу жоспарланып отыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдың санитарлық жағдайы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасып келеді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ


