Ауыл тазалығы баршаға ортақ. Десе де, тұрғындар арасында ескерту беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан өлкемізді ластамау, өзгенің еңбегін бағалауға құлықсыздық танытатындар ара кідік кездесіп қалады. Мұндайда аудан, ауыл тазалығы кімге керек? деген сұрақ туындайды. Тазалық алдымен тұрғынның өзіне керек емес пе?!
Қоқыстар, қалдықтардың шіруінен пайда болған иістер су мен ауаны ластайды. Ал су-тіршілік көзі болса, ауасыз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Лас ауамен демалатын да өзіміз. Сондықтан ауыл тұрғындары балаларын ауыл тазалығын сақтау, көріктендіру жұмыстарына тартып, тазалық күтімі бәрімізге байланысты екенін іспен көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді. Әркім тұратын үй-жайының айналасын таза ұстап, тазаланған жерлерді ластамай, туған ауылымызды таза, көрікті мекенге айналдыруға үлесімізді қосайық дегім келеді. «Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» деген мәтелді ұмытпайық.
Жаңылсын Оразғалиева,
Миялы ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы



