Күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қараймыз. Әйтсе де, сол даму қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке түрілген.
Бұрынғы әжеміздің қолдан тіккен өміршең қолдорбасын пакет алмастырды. Сүт, сұйық май, шырын, сусын бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді «баклажкаға» құйылған. Міне, ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар. Тіпті екі-үш бала дүкен алдында балмұздақ жеп, шырын ішсе соның өзі-ақ жетіп жатыр. Өз үй-жайларының айналасындағы көң-қоқысты көше шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме. «Ауылына қарап азаматын таны» дейді халқымыз. Сырттан қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе?! Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!
Қайырғали ЕРЕКЕНОВ,
Көздіғара ауылдық округі


