Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың борышына айналуы тиіс өзекті мәселе. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы зор. Бұл бастама – табиғатты аялауға, айналамызды таза ұстап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экологиялық жағдайды жақсарту, халықтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін басым бағыттардың бірі ретінде атап келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық акциясы – осы бағыттағы нақты әрі жүйелі шаралардың бірі деп санаймын. География пәнінің мұғалімі ретінде мен бұл акцияны тек сенбілік деңгейіндегі шара деп емес, жас ұрпақтың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін дарытатын тәрбиелік мәні зор іс деп қабылдаймын. География – табиғат пен адам арасындағы байланысты зерттейтін ғылым. Бұл пән арқылы оқушылар жердің құрылысын, климатты, материктер мен мұхиттарды, халықтың орналасуын, шаруашылық салаларын, экологиялық мәселелерді және картамен жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар, туған өлке мен еліміздің табиғи-экономикалық ерекшеліктері туралы мағлұмат алып, табиғатты қорғау мәдениетін бойларына сіңіреді.
Жайнагүл СӘРСЕНҒАЛИ,
Миялы орта мектебі география пәнінің мұғалімі



