Бүгінгі күні маскүнемдік қоғамды жайлаған індетке айналды. Ішкіліктің салдарынан талай жанның өмірі қиылып, қаншама отбасының шаңырағы шайқалды. Арақтың денсаулыққа ғана емес, қоғамға тигізер зияны шаш етектен. Десе де, бұл қасіретті індетпен күрес жүйелі жүргізіліп жатса да, қоғамда араққа деген сұраныс азаяр емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алкоголизмді ауру деп таныған.
Алкогольді ішімдік денсаулықты, мінез-құлықты бұзумен қоса қылмысқа да итермелейді. Ішімдіктер әр түрлі жеміс-жидектердің ашытқысынан жасалады және түстері кұрамындағы қоспаларға әрі ашыту процесіне байланысты өзгереді. Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміз алкогольді тұтыну жағынан әлемде 10-шы орында екен. Ал бұны жіктейтін болсақ ерлер 11-ші, әйелдер 19-орында тұр. Қазақстанстандық ер адамдардың алкогольге тәуелділік деңгейі – 9,52 пайыз, әйелдерде 1,48 пайыз екен. Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша еліміз алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда халықтың жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынудың салдарынан болып отырғаны да жасырын емес. Аудандық орталық аурухананың нарколог дәрігері Жұмақайыр Бертілеуовтің айтуынша, ішімдікті көп мөлшерде қолдану тыныс жолдарын тарылтып, мүгедектікке апарып соғуы мүмкін. Ішімдік біріншіден миға әсер етеді. Яғни, ішімдік ішуден мидың қызметі бұзылады да адамның ойлау қабілеті нашарлап, мінез-құлқында үлкен өзгеріс байқалады, алкогольдық психоз пайда болады. Сонымен қатар, қандағы холестеринді көбейтіп, артериалды гипертензияға және миокард ауруына шалдықтырады. Үнемі ішімдікті қолдану ішектің құрылымын және ас қорыту жолдарының қызметін бұзып, асқазанның ойық жарасына әкеп соқтырады. Ішімдікке тәуелді адам оны қолданбайтындарға қарағанда диабет (сусамыр) дертімен он есе көп ауырады.
Алкогольді ішімдікке тәуелді болған жандарды емдеу үшін аудандық орталық аурухана жанынан психологиялық денсаулық орталық кабинеті ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда оларды облыстық психологиялық денсаулық орталығына жібереді. Ішімдіктің кесірінен ауруға шалдыққан адамға аурулығы туралы парақ берілмейді және де уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі жәрдем төленбейді. Қазіргі таңда алкогольді ішімдік тұтыну жағдайына байланысты соңғы жылдарда елімізде бірқатар шектеу жасалып, тыйым салынды. Яғни, алкоголь сатылымына жасқа және алкогольдің жарнамасына байланысты бірнеше шектеу қойылды. Сонымен қатар, мас болып көлік айдап ұсталған жүргізушілерге жаза қатаңдатылды. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы жол қозғалысы ережелерін бұзған тұлғаларға қатысты 1517 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 608 бабына сай, яғни көлік құралын алкоголдік ішімдік ішкен мас күйінде басқарғаны үшін 52 тұлға тоқтатылып, оларға қатысты жинақталған әкімшілік іс құжаттар аудандық сотқа жолданып, аудандық соттың шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқықтарынан айырылып, әкімшілік қамаққа алынған.
Сондай-ақ, осы айда ауданда «Алкогольсіз аула» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп, онда аудандағы азық-түлік дүкендерін аралап, жергілікті атқарушы органдар және мешіттің бас имамымен бірлесіп, алкоголь өнімдерін сатпау жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудан көлемінде Рамазан айы кезінде дүкен сөрелерінен алкогольдік өнімдерді алып тастау челленджі жалғасын табуда. Ендеше, ел боламыз десек ең алдымен арақтан аулақ болғанымыз абзал. Өйткені, арақ атамыздан қалған ас емес.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ


