Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ҚАЙТСЕ ДАМИДЫ?

Биылғы жылдың қазан айында Қызылқоға ауданының 75 жылдығына және жастар жылына орай аудан орталығында «Миялы марафон-2019» жарысы өткені белгілі.

12 шақырымдық бұл жарыста барлық жүлдені сырттан келген желаяқтар жеңіп алып, қызылқоғалық спортшылардың арасында бір бала ғана мәре сызығын сегізінші болып кескені мәлім. Бұл ауданда аталмыш спорт түрінің тұралап қалуының айғағы. Осы орайда, мен ұзақ жылдар жеңіл атлетика спортына оқушыларды, ауыл жастарын тәрбиелеп, облыстық жарыстың жеңімпаздарын дайындаған жаттықтырушы ретінде қолыма қалам алып «Ауданда жеңіл атлетика спортын дамытуға не жетіспейді, не жасау керек?» деген сұрақтарға жауап беру мақсатында ойымды айтқым келеді.

Осыдан біраз бұрын «Қызылқоға» газетінде «Жеңіл атлетикаға неге жеңіл-желпі қараймыз?» атты мақала жарияланып, сонда ардагер спортшы, ұзақ жылдар нәтижелі еңбек еткен сағыздық Ақниет Жанбосынов менің жаттықтырушылық жұмысыма шынайы баға берген болатын. Бұл орайда әріптесімнің пікірімен толық келісемін.

Біз бұрында мектептегі әріптестеріммен бірігіп қаракөлдік оқушылар мен жастарды облыстық жарыстарға апарып жүргенде, командалық есепте жүлдесіз қалған емеспіз. Бұрынғыны айтпағанда соңғы өткен екі облыстық оқушылар спартакиадасында каракөлдік оқушылар жеңіл атлетикадан командалық бірінші орынды жеңіп алды. Ал, президенттік көпсайыста бас бәйгені ала алмауымыздың себебі, оқушыларымыз жүзу білмейді. Соның салдарынан ылғи екінші, үшінші орындарға табан тірейтінбіз. Одан бөлек, Атырауда өтетін дәстүрлі көктемгі, күзгі кросқа команда апарып, І, ІІ, ІІІ орынды жеңіп алып жүрген кезіміз болды. Апарған оқушыларымыз жүздеген спортшылар арасында алғашқы ондықтан түскен кезі болған жоқ. Сол жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылардың барлығы 1998-2002 жылы туған ұл-қыздар еді. Міне, осындай мықты оқушыларды «Миялы марафон-2019» жарысына дұрыстап дайындап апарса жүлделі орынға таласар еді. Маман есебінде айтарым соңғы 3-4 жылда облыста жеңіл атлетика қарқынды дамып кете қойған жоқ. Тек біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмай қалдық. Мысалы, Миялыда өтетін марафон алдында өзіміздің намысты қолдан бермейтін спортшыларымызды дайындап алуымыз керек еді.

Ал, жеңіл атлетикадан қаракөлдік спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуінің басты себебі – аптасына үш рет болатын дене тәрбиесі сабағы бағдарлама талабына сай өтетін еді. Бағдарламада І, ІV оқу тоқсаны түгел жеңіл атлетика өтіп, әрбір оқу тоқсанының соңында жоғары сыныптың ұлдары 5000 метрге, қыздары 3000 метрге, кіші, орта сыныптың ұлдары 2000, 3000 метрге, 1500, 2000 метрге жүгіріп аяқтау керек. Осы талапқа оқушыларды ІV сыныптан бастап бастап бейімдейді. Бұл мұғалімге де, оқушыларға да оңай емес. Өте төзімділікті қажет етеді. Ауа-райы жел, салқындық әсер етеді. Осыған бейімделіп әрбір сабақта үнемі жүгіріп дағдыланған оқушы жоғарыдағы қашықтықта бір, бір жарым минутқа жеткізбей аяқтап тастайды. Жарысқа баратын болсақ осындай оқушыларды қосымша дайындаймыз. Біз қыста да, көктемде де жүгіріп кете аламыз. Бұған оқушылар да дағдыланған. Ал, жеңіл атлетикадан мектеп біріншілігін кішілер, үлкендер арасында бөлек өткіземіз. Мектепте бүкіл сынып оқушыларын қатыстырып, жаппай кросқа жүгіру күндерін, қысқа, ұзақ қашықтыққа жүгіру күндерін өткіземіз. Сосын оқу жылының аяғында Президенттік сынама тапсыратын сыныптар арасында жарыс өткізіп, сынама қабылдаймыз. Сонда спортқа бейім оқушылар Президенттік деңгей, ұлттық деңгейді қорғап шығып жатса, бұны орындай алмаған оқушылар жыл бойы алған бағаларын қорғайтын ұпай жинап шығады.

Оның тағы бір пайдасы – жыл бойы мұғалім қалай жұмыс жасады, дұрыс бағалады ма, оқушы бағдарлама талабын меңгеруі осы жерде анықталады. Өз жұмысына салақ қараған мұғалімдердің жыл бойы «бес» қойған баласы үштің ұпайын жинай алмаған кездері болады. Ауданның көптеген мектептерінде осындай жұмыс жоқ. Мұғалімдер бағдарлама талабына сай сабақ өткізбейді. Өткізуге құлықтары да жоқ. Балаларға доп бере салып, қасында тұрады. Осы жағдайды тексеріп жатқан адам жоқ. Бұл сауатсыздық. Ал, дене тәрбиесінің өсіп келе жатқан жасөспірімдердің дене бітіміне, мінез-құлқына, өмірге керекті дағдылардың қалыптасуына тигізетін әсері мол.

Сонымен қатар, кейбір мектептерде сабақ өткізетін жүгіру жолағы жасақталған спорт алаңы жоқ. Осындай жағдайда қалай сабақ өткізуге болады. Ауданда жеңіл атлетиканың дамымауының екінші себебі – оқушылар арасында да, жастар арасында да аталмыш спорт түрінен жарыс өтпейді. Жарыс өтпеген спортқа оқушы да, мұғалім де қызықпайды. Ауданда жеңіл атлетиканы дамыту үшін аудан оқушыларының спартакиадасында өтетін спорт түрлерінің қатарына қаражат қарастырып, жеңіл атлетиканы қосу керек. Командада 15-16 оқушы болады. Ауылдың жастары арасында жеңіл атлетика мен Президенттік көп сайыстан аудандық біріншілік өткізген жөн. Одақ кезінде аудан біріншілігі жылда өтіп тұратын. Оқушылар арасында аудандық көктемгі, күзгі кросқа жүгіру күндерін өткізуді дәстүрге айналдыру қажет. Аудан оқушыларының, жастардың арасында жеңіл атлетиканың дамуына үшінші кедергі болып тұрған нәрсе – дұрыс жүгіру жолағы бар спорт алаңы мен стадионының болмауы. Қазіргі баланың балалық шағы күтіп тұрмайды. Олар есін білмейтін шақтан телефонға қарап өсіп келеді. Міне, сондықтан сол балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау керек. Бүгінде, ауыл стадионының 400 метр жүгіру жолағы тегістеліп, ақ жолақтармен белгіленіп, жарқырап көрініп жатса, айналасы қоршалып, талдар егіліп, өсіп тұрса бала түгілі біздер секілді зейнет жасындағы азаматтар да жүгіріп кеткен болар еді. Бұл арман емес, қазіргі жағдайда қолдан келетін жұмыс. Осы бағытта талмай жұмыстану қажет.

Сайып келгенде қай спортты да дамытуға бірден-бір мұрындық болатын тұлға, ол – әрбір сабағын бағдарлама талабына сай жоғары деңгейде өткізе алатын, шәкірттерін жақсы көре алатын, талап қоюмен қатар, өзін сыйлата алатын дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Дене тәрбиесі мұғалімінде бағдарламаға кіретін, кірмейтін қай спорттан да шәкірт дайындауға білім дағдысы болуы керек. Ал, біздің ауданда дене тәрбиесі мұғалімдері волейболға бет бұрып кеткен. Қалған спорт кейінге қалып отыр. Ауданда мен білетін Оңғарбек Досақаев сияқты өз ісіне берілген дене тәрбиесі мұғалімдерінің қатары көбейсе, қай спорттың да деңгейінің көтерілуіне сенімдемін.

Рахмет ҒАЛИАХМЕТОВ,

ардагер ұстаз

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521