Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАНТЕРЕКТЕ ЖАҢА БАСТАУЫШ МЕКТЕП

Ақын Мағжан Жұмабаевша пайымдасақ, әрбір ел келешегіне қызмет етуге негізді – балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебін салмақ.

Бір елдің тағдыры – мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін шындық. Ендеше, жас ұрпаққа саналы да, тәрбиелі білім беру үшін заман талабына сай білім ордасын салған дұрыс емес пе?! Осыған орай, кеше, яғни, бейсенбі күні Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жантерек елдімекенінде жаңадан алпыс оқушыға арналған типтік жобадағы мектеп салынып, салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында алдымен Мұқыр орта мектебінің оқушылары «Шашу» биін билесе, аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев құттықтау сөз сөйлеп, бүгінде білім беру саласына зор көңіл бөлініп, мұғалімдердің мәртебесін айқындайтын заң қабылданып жатқандығын атап өтті.

Одан соң, аудан басшысы №75 мектеп директоры Гүлжауған Сұлтановаға жаңа мектептің символикалық кілтін табыс етті. Ал, ата-аналар атынан сөз сөйлеген Сисенбай Қабдолов білім ошағынан елдің абыройын асқақтататын азаматтардың тәрбиеленіп шыға беруіне тілектестігін білдірсе, ашылғалы жатқан мектептің оқушылары құттықтау тілектерін өлең шумақтарымен жеткізді. Бұдан кейін аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев пен ардагер ұстаз Ақілгек Сахиева мектептің лентасын қиып, келген қонақтар жаңа білім ошағының ішін аралап көрді.

- Заман талабына сай типтік жобадағы мектеп асхана, жаттығу залы, медициналық кабинет, ішкі әжетхана, сыртқы спорт алаңымен қамтылған. Қазіргі таңда мектепте 55 оқушы білім алуда. Оларға білім беруде 8 мұғалім, үш тәрбиеші еңбек етуде. Барлығы да жоғары білімді мамандар, - дейді мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырған №75 мектеп директоры Гүлжауған Сұлтанова.

Сөйтіп, жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары көптен күткен армандарының орындалғанына дән риза.

Б.АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521