Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАТУ ЕЛГЕ БАҚ ҚОНАДЫ

Тұрақтылық пен татулықты ту еткен елімізде бейбітшіліктің салтанат құрғанына келесі жылы отыз жыл толады.

Осы жыл аралығында еліміз сарабдал саясатты ұстанып, 130 ұлт пеп ұлысты бір шаңырақ астында ұйыстырып келеді. Елімізде орнаған татулықтың арқасында экономикамыз да алға басып, дамыған елу елді еңсердік. Енді озық отыздықтан орын алуды мақсат етіп отырмыз. Бұл, біз сияқты жас мемлекет үшін зор жетістік. Алайда, соңғы жылдары шаңырағымызды шайқап, бірлігімізге сызат түсіргісі келетін сыртқы күштердің пайда болғаны жасырын емес. Олар үнемі әлеуметтік желілер арқылы халыққа түрлі үгіт-насихат жүргізіп, елдігімізге сызат түсіргісі келіп отыр. Қазір дүние дидарына дүрбімен көз тастап қарар болсақ арам ниетті сыртқы күштердің кесірінен елдігінен айрылып, босып кеткен елдер жетерлік. Кезінде олар да біз сияқты дамудың даңғыл жолына түсіп, гүлденген мемлекетке айналған болатын.

Алайда, үй ішінен үй тіккісі келген дүмшелер ақыры ханын тақтан құлатып, халқын қаңғытып жіберді. Осындай зобалаң бізге керек пе?! Жоқ, әрине. Керісінше осындай қым-қуат заманда бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды ту етуіміз керек. Сонда бізді дау да, жау да ала алмайды. Осындайда Қаблиса жыраудың: « – Бақыт қайда барасың? – Соғысқа құмар ойы жоқ, Ұлан-асыр тойы көп Бейбіт елген барамын» – деген жыры еске түседі. Қандай, керемет айтылған?! Расымен де бақытты елдің басты құндылығы – татулық, бірлік, тұрақтылық. Егер осы құндылықтан айрылсақ әлем алдында көк тиындық құнымыз қалмайтыны анық.

Сол себептен дау мен жанжалдан аулақ болғанымыз абзал. Осы сәтте бабаларымыздың «Бір күндік ұрыстың - қырық күндік кесірі бар» деген нақылы ойға оралады. Ұрыс бар жерден ырыс қашатынын осыдан-ақ білуге болады. Ендеше, жер дүниені жаулаған жаһандану заманында басымызға біткен бағымызды бағалап, асылымызды ардақтайық, ағайын!

Жәния ІЗБАСҚАН,

ауданның Құрметті азаматы

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521