Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ БЕЛСЕНДІ БОЛУЫ КЕРЕК

Бұдан кейін аудан басшысы бастаған топ Жамбыл ауылдық округіне ат басын бұрып, ауыл әкімі Сәндібек Салықовтың былтырғы жылы жасаған жұмыстарын тыңдады.

Әрине, мұнда да жасалған жұмыстар жетерлік. Өзге округтердегі есеп беруге қарағанда жаңашылдықтың бар екені байқалады. Ерекшелігі сол – округ әкімінің есебі қазіргі заман талабына сай лед экраннан видеоролик түрінде көрсетілді. Мұндай тәсіл басқа округтердің бірде біреуінде кездескен жоқ. Халқымыз әуелден «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген емес пе?! Бұл тұрғыда, ауыл әкімі халықпен тығыз жұмыс жасайтынын ауыл тұрғындарының әңгімелерінен байқау қиын емес.

- Өткен жылғы есеп беру кездесу барысында ауыл тұрғындарынан 2 ұсыныс-пікір түсіп, орындалу үстінде. Айталық, асфальт жолдың аудан орталығы Миялы ауылынан Индер кентіне жеткізу бойынша, қазіргі таңда Миялы-Қарабау 123 километр тас жолы төселіп пайдалануда. «Қарабау-Индер» бағытындағы автомобиль жолдарын жаңартуға облыстық бюджет арқылы 2019-2021 жылдарға жоспарланған, жол құрылысы жұмыстары басталды. Қаракөл ауылы бойынша мемлекеттік мекемелер (мектеп, әкімшілік, амбулатория) кең жолақты интернет желілері тартылды. Қалған мекеме мен тұрғын үйлерге жоспарлы қосылу кезең-кезеңімен жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді округ әкімі Сәндібек Салықов.

1

Жиын барысында, сөз сөйлеген еңбек ардагері Саламат Даяшев, «Қаракөл» орта мектебінің мұғалімдері Алмагүл Галиева, Оспан Аронов, ардагер ұстаз Рахмет Галиахметов, ауыл тұрғындары Медет Айтуаров, Жалғас Мұхадиевтер мектептің жанынан арнайы спорт зал салу, мектепті жасөспірімдер инспекторы және диетолог маманмен қамтамасыз ету, каналдар қазып, су мәселесіне көңіл бөлу, жаңадан ашылған мешіт жұмысын қатаң бақылауға алып, оқушылардың мешітке баруға құқы бар ма, жоқ па екендігін анықтау керектігі туралы ұсыныс білдірсе, зейнеткер Алтынзер Жұмағалиева кәсіпкерлердің мәдениеті өте төмендігін сынға алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға топ берген кезде, үшініші топ пен екінші топты ажыратып алу қажеттігін алға тартты.

Барлық ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

- Мемлекет басшысының тапсырмаларын, Үкіметтің қабылдаған бағдарламаларды ауыл халқына жеткізіп, оның орындалуын қамтамасыз ету біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды Жамбыл ауылдық округі өз деңгейінде атқарылып жатыр деген баға беремін. Ауылдың тыныс-тіршілігі жылдан-жылға дамып келеді. Әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етілген. Мұнда жетпей тұрған – учаскелік дәрігерлік амбулоторияның құрылысы биыл аяқталады. Балалардың әр түрлі спортпен айналысуы үшін спорт зал салу бағытымен жұмыстанатын боламыз. Тапсырмасы берілді. Мектептің тыныс-тіршілігімен таныстым. Бірақ, мектептің жағдайы ұнаған жоқ. Салыстырмалы тұрғыда, ауданда бұдан да ескі мектептер бар. Әйтсе де, олардың мектеп ішін таза ұстап, безендірілуі, мұғалімдердің өз кабинеттерін жабдықтаған кезде көз қуантады. Бұл жағы «Қаракөл» орта мектебінде көңіл көншітпейді. Сондықтан, осы олқылықтың орнын толтыруды қолға алған дұрыс.Мектептің интернаты да нашар. Діни мәселе – өте нәзік мәселе. Дінтанушылармен сөйлесіп, ауыл тұрғындары, оқушылар арасында дұрыс түсінік жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ал, су мәселесі табиғи құбылыс. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, судың тасымауы, жауын-шашынның аз болуы судың келмеуіне кесірін тигізіп отыр. Әкімдердің белсенділігінің артуы халықтың мұң-мұқтажын шешуге үлкен септігін тигізеді, - деп қорытындылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521