Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Абай мұрасы – ұлт қазынасы

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының биылғы туғанына 175 жыл толуына орай республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 9 қаңтардағы санында жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы оқыған әрбір адамды тебірентіп, терең ойларға жетелейді.

Ия, шынында да хакім Абай – дүниежүзілік кемеңгерлермен қатар тұрған қайталанбас ұлы тұлға. Осы тұрғыда данышпан Абайдың өзі кезінде: «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым. Хакімнің ісі, мақсаты, ой – шеңбері ғалымға қарағанда әлдеқайда кең әрі мазмұнды», деп хакімнің кім екеніне анықтама беріп кеткені қандай ғажап?! Сондықтан ғылыми интеллигенция арасында «Абайды әлемнің бесінші ұстазы ретінде орнықтыруымыз керек» деген пікірлер де орынды деп есептейміз.

Абай мұрасы, яғни өлеңдері, поэмалары, қарасөздері, мақалалары қоғамның барлық саласын қамтып жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Ғұлама Абай қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл – ойдың жемісін сыйлады... Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. ...Біз енді ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты»,-деп атап көрсетеді. Бұл өзекті ойларды қазіргі кездегі жастарға қатысты айтар болсақ, маңызы ерекше арта түседі. Өйткені соңғы кезде қалада да, далада да сырғақтап еңбек етуден қашатын, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді қалайтын, жеңіл жолмен ақша табуды көздейтін жастардың көбейіп бара жатқаны ащы да болса шындық. Қоғамнан өз орнын таба алмаған ер жеткен жігіттер ұрлық немесе қылмыс жасап темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады, ал бойжеткен қыздар жезөкшелік жолға түсіп, ұлт атына ұят келтіреді. Содан барып, екі дүниеде де обалы жібермейтін тастанды сәбилер қоқыс жәшігінде жатады. Бұған жол бермеу үшін ұлттық сананы, салт-дәстүрді, ата-әже, әке-ана тәрбиесін Абай айтқандай, қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Демек, ұлы Абайдың «Пайда ойлама, арды ойла» деген даналығын басты қағида етуіміз қажет. Жалпы халқымызда іздеген табады, талаптыға нұр жауады деген тәмсіл бар. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой» деп ұлы ақын Абай жырлағандай, маңдай термен тапқан ырыс бойға құт болмақ. Осы жерде Абайдың «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөзі тағы алдан шығады. Олай болса, жастарымыз табысы көп жұмыс іздемей, адал еңбек етсе, мұратқа жетпек.

Президент өз мақаласында «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын» деген гуманисттік ойы да әрбір адамды, барша отбасын рухани кемелдікке бастайтыны сөзсіз. Қорыта айтқанда, біз ұлы Абайды дәріптей бермей, данышпан, хакім Абаймен мақтанатындай дәрежеге көтерілгеніміз жөн. Аталған мақаладан осындай сындарлы ойлар түйеміз.

Қалидолла ІЗЕКЕНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

«Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521