Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жаңа форматтағы әлеуметтік көмек

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарының 84-ші қадамында көрсетілген «Әлеуметтік көмекті оның атаулылығын күшейте отырып оңтайландыруды» жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, ол биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Аталмыш Заңға сәйкес аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік балалар жәрдемақысы мен зейнетақы төлеу орталықтары арқылы тағайындалып, төленіп жүрген төрт және одан да көп жасы кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу биылғы жылдың қаңтар айынан бастап тоқтатылып, аз қамтылған отбасыларға жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек берілуде.

Әлеуметтік көмектің жаңа түрін енгізудің басты мақсаты – аз қамтылған отбасылардағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, жеке кәсіппен айналысу, жеке шаруашылығын дамыту арқылы табыс көзін молайту нәтижесінде кедейлік деңгейінен шығуға ықпал ету, әртүрлі себептермен қоғам өмірінен шеттеп қалған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу шараларына тарту арқылы олардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесу және әлеуметтік масылдық пиғылдың таралуына тосқауыл қою.

Жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларындағы еңбекке қабілетті азаматтарға шарт қоя отырып, ал еңбекке қабілетсіз азаматтарға шартсыз түрде беріледі. Нақтырақ айтқанда, шартты ақшалай көмектің бұған дейін беріліп жүрген әлеуметтік көмектерден басты айырмашылығы – жоғарыда айтылғандармен қатар, аз қамтылған отбасын кедейлік деңгейінен шығарудың нақты жоспарына сүйене отырып жасалған келісімшарт негізінде берілуі. Келісімшарт жасалған кезде еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жеке басының мүмкіндіктері мен тұрғылықты жерінің әлеуметтік-экономикалық, климаттық және басқа да ерекшеліктері есепке алынады.

Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты тараптардың жобаға қатысу міндеттемелерін, атап айтқанда, жұмыспен қамту шараларына қатысу, жеке шаруашылығын дамыту, жеке кәсіппен айналысу, сонымен қатар қажет болған жағдайда скринингтік тексеруден өтуге, туберкулез, маскүнемдік, нашақорлық сияқты әлеуметтік мәні бар дерттерден емделуге немесе басқа да әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуға дайын болуы секілді міндеттемелерді қамтиды.

Барлық округтерде консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдемдесу функцияларын орындауға ассисенттер жұмыс жасайды. Биылғы жылдан бастап күшіне енген бұл көмекті алуға тоғыз айда 184 отбасынан өтініш түсіп, төрт отбасындағы 19 адамға 681 068 теңге шартсыз атаулы әлеуметтік көмек, 180 отбасындағы 1000 адамға 28 192 316 теңге шартты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Бағыт РЫСҚҰЛОВА,

аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521