Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Туған жерді тану – туризмді дамыту

Газетіміздің өткен санында туристік экскурсияның Сағыз ауылдық округіндегі тарихи маңызы бар орындарды аралағаны жазылған еді.

Бүгінгі санда экскурсия құрамындағылардың Тайсойған, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріндегі іссапарларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мемлекеттік қамқорлық қажет

Туристік экскурсия 24 қазан күні Тайсойған ауылдық округінде жалғасты. Тайсойған ауылынан он шақырым қашықтықта орын тепкен әулие Сұлтануәйіс атаның басына барған топ мүшелерін округ әкімі Әділет Шаймарданов, атаның шөбересі Бағытжан Құлқайыров және тайсоғандық кәсіпкерлер қарсы алды. Алдымен әулие атаның зиратына барып дұға еткен соң, туристік топ шырақшы Бағытжан Құлқайыровтың айтуы бойынша атаның өмір жолдарымен танысты.

Жайық-Беріштің Құлмәлі бөлімінен тарайтын Сүлтануәйіс Ыбырайымұлы 49 жыл ғана өмір сүрген. Әкесі Ыбырайым дауылпаз ақын Махамбеттің туған інісі. Әулиенің жалғыз ұлы Құлқайырдан Қайыр, Әмин, Қазим тарайды. Қазимнан бүгінгі күні атаның шаңырағында шырақшы болып отырған шөбересі Бағытжан. Өзінің азулы, бай ағайындарының өктемдігіне көнбеген әулие Жарыпшыққан өзенінің бойынан салдырған мешітте ауыл балаларын оқытып, Ислам дініне үйретеді. Қасында тек алысқа көше алмайтын ағайындары ғана болады.

Әулиенің өз қолымен көтерген там үйі ғасырдан асса да әлі сол күйінде тұр. 1993 жылы көктемгі тасқын кезінде Жарыпшыққанның арнасынан асқан су атаның үйіне де кіреді. Сонда кезінде кеңшар салған жапсарлас бөлмесі, ортадан бөлген пеші құлағанмен үйіне ештеңе болмаған. Бұдан басқа, үйдің жанындағы құдық та сақталып қалған, одан әлі күнге тұщы су шығады. Тоқсаныншы жылдардың басында сол кездегі аудан әкімі Есенкелді Нұршаевтың бастамасымен кеңшар басшылығы және ауыл ақсақалдарының ұйымдастыруымен атаның бұрынғы үйінің қасынан қонақ үйі салынды. Бертін келе ұрпақтары жаңадан үй салып алды. Ата аруағына бас иген жандар Тайсойған ауылынан электр желісін тартып берді. Сұлтануәйіс атаның өзі салған үйінің төрінде отырып, шөбересі Бағытжанның әңгімесіне қаныққан туристік топ күні бүгінге дейін сақталған әулиенің қанжарын қолдарына ұстап тамашалады.

– Әулиелік Алла Тағаланың өзін мойындату үшін Сұлтануәйіс атамызға берген сыйы ғой. Денсаулығына шипа іздеген жандар атаның басына түнеп, сыйынып, сауығып кетіп жатыр. Талай жанның дертіне шипа болған әулие атамыздың қорымы мен түнек үйі мемлекет қамқорлығына алынса жақсы болар еді, – дейді Бағытжан Құлқайыров.

Халел және Ығылман

Бұдан соң экскурсия құрамындағылар 20 шақырым қашықтықтағы Ойыл ауылдық округі жеріндегі «Халел ставкасына» атбасын тіресе, одан әрі «Сорқуыс» алқабында жерленген ақын Ығылман Шөрековтің зиратына тағзым етті. Ақын Тайсойған өңірінде 1876 Жыңғылдыкөл аймағында дүниеге келген. Ол өз жанынан өлең-жыр шығаруымен қатар бұрынғы ақындар Махамбет Өтемісұлының, Есет Қараұлының, Нұрым Шыршығұлұлының, Мұрат Мөңкеұлының, Шернияз Жарылғасұлының және басқа да ақындардың өлеңдері мен толғауларын, термелері мен дастандарын бояуы қанық күйінде бүгінгі күнге жеткізген.

Әулиелігімен тәнті еткен

Мәтен қожа Жұма күні экспедиция мүшелері ертемен атақты әулие Мәтен қожа атаның қорымына бағыт алды. Еліміздің Батыс өңіріне әулиелігімен танымал атаның зираты Қаракөл ауылынан 10-12 шақырымдай жерде. Ал, атаның зиратынан шамамен төрт шақырымдай жерде «Атаның майы» деген жер бар. Кезінде Мәтен ата бақилық болғанда денесін жуындырған орында жер бетінен 25-30 сантиметр тереңдікте мұнай шығып жатыр. Жұртшылық дұға қылып, мұнайдан алады да емге пайдаланады. Кезінде бұл жерде сағат маятниктеріне ұқсас үлкен-үлкен сом темірлер жататын. Көне көз қариялардың айтуынша, бұл темірлер 1890 жылдарда ағылшын мұнайшыларынан қалған. Олар жер бетінде көрініп тұрған мұнайды алуға қаншама мәрте жұмыстанса да темірлері қайта-қайта істен шығып отырған. Шамасы ата рухы риза болмаса керек. Ақыры мұнайды ала алмайтындарына көздері жеткен ағылшындар әкелген құралдарын тастап, тайып тұрады.

Мәтен қожа атаның басында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықов, кәсіпкер М.Құрманғазиев қарсы алды. Ата шырақшысы Нияз қожа ауылда болмағандықтан оның баласы Мәулет бізді ілестіріп, зират басына барып дұға оқыдық. Деректерге қарағанда Мәтен қожа әулие осыдан 250-300 жыл бұрын қазақ даласына Араб елінен Ислам дінін тарату үшін келген. Осы жерде орнығып, ұрпақ таратқан. 1802 жылы 63 жасында қайтыс болған атаның әулиелігіне табынып, жанына шипа іздеген жандар еліміздің әр түкпірінен күн-түн демей ағылып келіп, түнеп жатады. Әруақ қона алмай жүрген адамдар 2-3 күн түнеп, бала көтермей жүрген әйелдер де келіп, атадан медет сұрайды. Бұдан басқа да ата туралы азды-көпті мағлұмат берген шырақшы Нияз қожаның зайыбы Ғайнидың айтуынша, 1995 жылы Тасшағыл кеңшарының демеушілігімен атаның басына түнек үйі салынған. Қазір ол атаның басына түнеушілердің көптігінен тарлық етуде. Сондай-ақ, салқын мезгілде зиярат етушілердің дәрет алып жуынатын да жері жоқ. Сондықтан, түскен қаражатқа және демеуші жандар арқылы осыдан екі-үш жыл бұрын басталған кең әрі жуынатын жері бар ғимараттың құрылысы бітпей тұр. Соны бітіруге демеушілік көрсететін қолы жомарт, кең жүректі жандар болса нұр үстіне нұр болар еді.

Құм астындағы қалашық

Аудандағы тарихи жерлердің бірі – Қаракөл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым қашықтықтағы Қорғанша қалашығы. Қала туралы нақты жазбаша деректер болмағанмен, Желмаясына мініп жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз осы өңірде он шақты жыл тұрақтап, қала салдырған деген аңыз әңгіме бар. Талай сырды ішіне бүгіп жатқан бұл тарихи орын бүгінгі күні мемлекеттің қамқорлығына алынған. Сондай-ақ, экскурсиялық топ биылғы жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген «Қарабау-3», «Қарабау-4» обаларына келді. Археологтар бұл жерлерден жерленген адам мүрделерімен бірге жануарлар сүйектері, айна сынықтары, моншақ, қыш құмыралар, әшекей бұйымдар тапты. Әсіресе, «Қарабау-4» обасының күн батыс жағынан биіктігі 4-5 метр, ені 26 метр болатын ғибадатхананың табылуы әлі де көп зерттеуді қажет етеді. Ал, бұл обаның айналасында әлі 200-ден астам кішкентай обалар бар.

 Сөз сардары Бөкен би

Негізінен Қарабау өңірі тарихшы археологтар әлі толық зерттеп болмаған, көне тарихымыз топырақтың астында көміліп жатқан қазыналы аймақ. Осынау қазыналы жерде халқымыздың көрнекті билерінің бірі Есентемір Бөкен бидің мазары бар. Қарабау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай тоғыз шақырым қашықтықта орналасқан мазар 1995 жылы тұрғызылған. Қарабаулық шежіреші Шапиғолла Қонысбаевтың айтуынша, 1771 жылдан 1857 жыл аралығында өмір сүрген даңқты би ең алдымен ел ішінің бүтіндігін, татулығын тілеп өтті. Кіші жүздің өзге билерінен жасы жағынан аға би болған Бөкен әділдігімен, көрегендігімен, шешендігімен көрші елдерге де әйгілі болған. Он екі ата байұлының бас биі атанған ол адамды дәулетіне қарап емес, ақыл-ойына, парасаттылығына, азаматтылығына қарап бағалаған. 17 жасынан билікке араласқан Бөкен би бақилық болғанша билік айтқан. «Аттың үстінің желі болады» деп атқа мінбей өмір бақи өгізге мініп жүргендіктен өгізге мінген Бөкен би атанды. Бөкен би туралы, оның жары Ақбикештің қырық жосығы жайлы деректерге қаныққан экскурсиялық топ мүшелері әруақтарға тағзым етіп, Миялыға қарай бет түзеді.

Үш күндік туристік экскурсия кезінде тарихи орындардың құпиялары кәсіпкерлердің қызығушылығын туғызғаны сөзсіз. Алға қарай да осындай игі шаралар қалталы азаматтардың қатысуымен жиі ұйымдастырылғаны жөн. Өйткені, кәсіпкерлер демеушілігімен аудандағы тарихи маңызы бар жерлерді туристік орындарға айналдыруға мүмкіндік мол.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521