Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАЗАЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР

Өткен аптаның сәрсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде Миялы ауылдық округі тұрғындарының жалпы жиналысы өтіп, күн тәртібіне төрт мәселе ұсынылды.

Тұрғындар ауыл тазалығы, мал бақтыру, малдан қан алу және Ойыл өзені бойына бау-бақша егу жұмыстары бағытында тиісті мамандардың хабарламалары тыңдалды. Хабарламашылардың айтуынша, аудан әкімінің қаулысымен 15 наурыз бен 15 мамыр аралығы тазалық айлығы болып белгіленді. Айлық кезінде сегіз рет сенбілік өткізіліп, ауылдың іші-сыртын толық тазалау жоспарлануда. Жұмыстың көлеміне қарай мекемелерге тазалайтын аймақ бөлініп беріледі. Аула-қораларынан жинақталған қоқыстарды тұрғындар өз күштерімен шығаруы қажет. Қоқыстарды «Камаз» көліктері бар кәсіпкерлер бір рейсін 6000 теңгеден, ал трактор тіркемесімен 3 000 теңгеден шығаруға келісіп отыр. Сондай-ақ, айлық аясында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе ұйымдастырылған рейд кезінде тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың тазалығы тексеріліп, тазалық сақтамағандарға заң талаптарына сай тиісті шаралар алынады. Бойдақ сиырлар жылдағыдай биыл да 14 жерге бағылса, сауын сиырларды бес жерге бағу жоспарланған еді.

Алайда, сауын сиыр мен қой-ешкіні бағуға әзірге бір адам келісіп тұр. Сондай-ақ, жол апатын болдырмау мақсатында «Миялы-Қарабау-Миялы», «Миялы-Сағыз-Миялы» тас жолы бағытына жайылатын малдарға жарық шағылыстырғыш лента тағу қажет. Ал, жыл басынан бері қан алынған 1410 бас мүйізді ірі қараның жетеуі бруцеллез ауруына оң нәтиже берсе, тексерілген 118 қой-ешкінің сегізінен аталмыш ауру анықталды. Мүйізді ірі қара, қой-ешкі, түйе малдары сібір жарасы, құтыру, қарасан, эхинококкоз, пастереллез ауруларына қарсы егілді. Жиын барысында, сөз алған жеке кәсіпкер Айжан Ізімова саяси қуғын-сүргін құрбаны Құныскерей Қожахметов пен сол жылдары аштықтан қырылған балаларға ескерткіш орнатылып, саябақ салынатынын хабардар етіп, атсалысуға шақырса, жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Асхат Құлбаев мал ұрлығының алдын алу бағытында үш жақты келісімшарт жасақталу қажеттігін тұрғындар қаперіне берді.

img_6603

Ал, «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов жұртшылыққа жаназа және түрлі садақаларды атқару бағытында қысқаша түсінік беріп, Атырау облысы имамдары мен ардагерлері және зиялы қауым өкілдерінің қабылдаған үндеуімен таныстырса, Миялы ауылының тұрғыны Марат Айтқалиев:«Қазіргі қоқыс алаңын пайдалана береміз бе? Әлде, жаңадан қоқыс төгетін жер бөліне ме? Ауылдан өріске шығатын малдың жайылатын жері тарылып барады. Ауылға жақын мал жайылатын жерлерде шаруа қожалықтары орналасқан. Осы жағына көңіл бөлсеңіздер екен» деген ұсынысын айтты. Сол сияқты, зейнеткер Орынғали Салықов «Ауладағы өсіп кеткен кәрі терек, талдарды қалай, кімге кестіреміз? Әйтпесе, желді күндері электр желілеріне тиіп, кедергі келтіріп тұр.» десе, Іңірбай Сағиев: «Тұрғын үйлердің, аулалардың арасында өрт сөндірушілерге арналған жол (пожарный ход) болуы тиіс емес пе еді?! Қазір мұндай жерлердің басым бөлігін тұрғындар бөрене төсеп, сым керіп бітеп тастаған. Бұған кім тосқауыл қояды?» деген сауалын жолдады.

Жиынды қорытындылаған Миялы ауылдық округінің әкімі Қайырғали Базарбаев:

– Биыл Ойыл өзені тасыған жағдайда егіс егуіміз қажет. Жыртып, тырмалап, қоршап, су сорғысын (насос) орнатып береміз. Егер өр суы тасымаса тамшылатып суару әдісімен ауладан көкөніс, гүл түрлерін егуді қолға алу керек. Мүмкіндігінше жеміс ағаштарын еккен жөн. Сондай-ақ, наурыз айының соңына таман «Бәйтерек» мешітінде тасаттық беруді ойластырудамыз. Бұл қосымша хабарланады. Ал, тазалық бар жерде берекенің де тұрақтайтынын естен шығармаған жөн. Сондықтан ауыл тазалығынан ешкім шет қалмай, атсалысуы тиіс. Жаңа қоқыс алаңына 50 гектар жер телімі бөлінді. Енді мемлекеттік жер актісін алған соң, қоршау жұмыстары жүргізіледі. Әзірге қоқыстар бұрынғы алаңға төгіле береді. Жаңа алаң пайдалануға берілген соң ескі алаң тегістеледі. Сондай-ақ, жаңадан лас суларды төгетін орын (септик) жасалады. Орталық парктердегі талдарды тегістеу жұмыстары порталға беріледі. Негізінен әрбір тұрғын үйдің тиісті жер телімі бар. Басқа жер мемлекеттікі. Ол жерлерді қоршап, білгендерін істеуге ешкімнің құқы жоқ. Тиісті мекеме, бөлім қызметкерлерімен құрылған комиссиямен тексеріп, заң тұрғысынан шарасы алынады. Ауылға жақын жерлерде орналасқан шаруа қожалықтарының иелері Миялы ауылында тұрады. Бірақ жер Жангелдин ауылдық округіне қарайды. Сондықтан, осы жерлерді біздің округке беруге аудан әкіміне сұраныс жіберілді,- деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521