Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өңір тарихы терең зерттеуді қажет етеді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімінің қолдауымен, «Атырау-Ақпарат» ЖШС бастамасымен «Ұлтқа – мұра, ұрпаққа – рух» атты тарихи-танымдық экспедиция құрылған болатын.

 

 

Елбасының биылғы Жолдауында «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Сондай-ақ, «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай туризмін қайта жаңғырту керек», – деді. Осы мақсатта экспедициялық топ Елбасының бастамасын жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұн мен жаңа бағыттармен толықтыруды қолға алып отыр.

Құрамында Қазақстан Жазушылар Одағының басқарама төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Светқали Нұржан, ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты Жұмаш Кенебай, Қазақстан Республикасы Журналистер Академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, облыстық мемлекеттік архив директоры Серік Қуаныш, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Баязи Әбдешев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің әдеби редакторы Әбілхан Төлеуішов бар экспедициялық топ сенбі күні алғашқы сапарын Қызылқоға ауданынан бастады. Алдымен Мұқыр ауылдық округіндегі ақын Шернияз Жарылғасұлы кесенесі мен Сағыз ауылдық округіндегі Алып ана қорымына атбасын тіреуді мақсат тұтқан делегацияны аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов пен Мұқыр ауылдық округінің әкімі Аман Жанұзақов Жамансор елді мекенінен күтіп алып, жол бастады.

Тарихи деректерге сүйенсек, Шернияз Жарылғасұлы – Кіші жүз қазақтарының Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы және оның жалынды жыршыларының бірі. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісінің бел ортасында жүрген Шернияз бұл қозғалыстың ұраншысы әрі ақыны болады. Көтерілісшілер жеңіліске ұшыраған соң, Шернияз қуғындалды және оған қатаң бақылау қойылады. Осыдан кейін ол Баймағамбет сұлтанның қол астынан пана тауып, қалған ғұмырын осында өткізді. 1867 жылы дүниеден озған ақын Мұқыр ауылдық округінің аумағында жерленген.

Ал, Сағыз ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Алып ана қорымына атбасын бұрған экспедиция тарихи деректерге қанық болды. Аңыз бойынша он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт кезінде ме, әлде ноғайлы заманында ма, әлде қалмаққа қарсы күрес тұсында ма, әйтеуір осы атырапта ерлі-зайыпты екі кісі өмір сүріпті. Жаугершілік заманы болса керек. Жауға қарсы ұрыстарда анамыздың ерлігі елден ерек, жұрттың көзіне түседі. Кейін жастар оны «Алып ана» деп атап кетіпті. Денелі, ірі адам болған. Дүйім жаудың ортасында қалғанда да, алып батырдай алысып, тіпті, жекпе-жекте де жау батырын найзамен түйреп, ат үстінен лақтырып жібереді екен.

ЖАСТАР ҮШІН МАҢЫЗЫ ЗОР

Экспедиция мүшелері жексенбі күні «Арман» мәдениет үйінде баспасөз конференциясын өткізді. Оған аудан әкімі Арман Баженов, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл ақсақалдары, тарихшылар қатысты. Жиынды аудан әкімі Арман Баженов ашқаннан кейін «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Баязи Әбдешев сөз алды.

– Бұл облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен қолға алынып отырған шара. Экспедиция құрамы облысқа қарасты аудандардағы тарихи жерлерді аралайды. Ондағы мақсат – би-шешендер, тарихи тұлғалар жайында тың деректер мен ел ауызында қалған тарихи аңыз әңгімелерді жинақтау. Оны баспасөз беттерінде жариялап, кейін жолжазба ретінде жарыққа шығару ойда бар, – деді.

Содан соң сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов:

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бірқатар шаралар қолға алынып, оң нәтижесін беруде. Бүгінгі щараның Қызылқоға өңірінен басталуының өзі тегін емес. Өңір тарихи жәдігерлер мен көне ескерткіштерге бай. Індете зерттеуді қажет етеді. Әлі де ашылмаған дүниелер жетерлік. Сондықтан, бүгіннен бастап бұл жұмыстарды қолға алып кейінгі ұрпаққа табыстауымыз керек, – деді.

Ал, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Светқали Нұржан:

– Жалпы кей кезде қолға алынған шаралар аяқсыз, жай ұрандату үшін жасалған дүние болып қалып жатады. Елім деп еңіреп өткен ерлер мен киелі жерлерімізді зерттеу мақсатында ұйымдастырылып отырған шараның кейінгі жастарымыз үшін маңызы зор. Сол себептен де жолға шығып, осы мақсатты жүзеге асыруды көздедік. Әр қазақ тәуелсіздікті баян ету жолында қызмет етіп, оның құндылығын жойып алмауымыз керек. Әрдайым білгенімізді кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп өсірсек, кем болмаймыз, – деді. ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты Жұмаш Кенебай тарих тағылымдарынан сыр шертсе, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, ақын, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Қалидолла Ізекендер өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

– Егеменді ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Тарихымызды толықтай зерттеп үлгермедік. Қазақстанның қай жерін алсақ та тарихы сырға толы. Әріге бармай-ақ, өзіміздің Тайсойған өңірінде біраз тарихымыз жатыр. Оны зерттеп кейінгі ұрпаққа табыстау сіз бен біздің басты парызымыз. Сондықтан, қолға алынып отырған осынау игі шараның мән-маңызы зор деп білемін, – деді ауыл тұрғыны Есенбай Нұров. Экспедиция мүшелері айтылған ұсыныс-пікірлерді қаперге алатындықтарын айтып, баспасөз конференциясын қорытындылады.

БӨКЕН БИ

Одан әрі экспедиция мүшелері аудан аумағындағы Мәтен Қожа Ата қорымына ат басын бұрды. Мәтен Қожа Ата қорымы Қаракөл ауылынан 10-12 шақырымдай жерде. Ал, атаның зиратынан шамамен төрт шақырымдай жерде «Атаның майы» деген жер бар. Кезінде Мәтен ата бақилық болғанда денесін жуындырған орында жер бетінен 25-30 сантиметр тереңдікте мұнай шығып жатыр.

Содан соң Қарабау ауылына табан тіреген экспедиция мүшелері Бөкен бидің мазарына тағзым етті. Қарабау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай тоғыз шақырым қашықтықта орналасқан мазар 1995 жылы тұрғызылған. Шежіреші Кәрім Тұрдағалиевтің «Есентемір Бөкен би» атты кітабында: «Бөкеннің әкесі Қосалдың алған алты әйелінен отыз ұл болған екен. Бөкен бесінші әйелі Аққойқыннан туған. «Әке балаға сыншы дегендей» Қосал да балаларын сынау үшін жатарда отыз ұлына төсекті қатар салдырады. Таңертең ерте тұрып қараса Бөкеннен басқа жиырма тоғыз ұлының бірінің басы бірінің аяғына, бірінің аяғы бірінің басына кетіп, әрқайсысы әр жаққа шашылып жатады екен. Тек қана Бөкен жастықтан басын асырып жатады. Сонда Қосал: «Отыз ұлдың біреуі Бөкен, қалған жиырма тоғызы саяқ. Түбі бұлардың Бөкеннен басқасынан шай суымас» деген екен. Содан болса керек, ел аузында:

Қосалдың бір баласы – аты Бөкен,

Ішінде отыз ұлдың заты бөтен.

Басқасы отызының Бөкен емес,

Әншейін жайылып жүрген саяқ-некен, – деген сөз қалыпты», – деп жазады.

Бөкен би шешуін күткен даудың бәріне де жанына атқосшысын ертіп, қолына жуан ақ тұсауын ұстап, жалғыз баратын көрінеді. Ол барған жерде қандай ма дау болмасын, ұрыс-керіссіз, барымта-қарымтасыз, қан төгіссіз, тек бейбітшілікпен аяқталып отырыпты. Мылтықтарын кезеніп, атысып-шабысқалы отырған дауласушы жақ Бөкен би барғаннан кейін бар қаруларын тастап, оның мойнына тұсау салып тұрып айтқан билігіне көніп, өзара бітімге келіп, тарасады екен. «Бөкен барған жерде даудың түйіні қылышпен кесілмей, тұсаумен кесіледі» деген сөз содан қалса керек. Бұдан соң экспедиция мүшелері әр қарай сапарларын Индер ауданында жалғастырып, Қаройдағы Махамбет, Малайсары би, ақын Мұрат Мөңкеұлының бастарына барып, тағзым етті.

Гүлмира МАҚСОТ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521