Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ШАРУАГЕРЛЕРГЕ МҮМКІНДІК МОЛ

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлованың қатысуымен аудандағы кәсіпкерлерге несиелеу бағытында «Игілік», «Бірлік», «Сыбаға», «Кәсіпкер», «Ырыс», «Ынтымақ» бағдарламалары түсіндірілді.

Ең алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев келген қонақтарды таныстырса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова аудан тұрғындары шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы мемлекетттік бағдарламаларды тиімді пайдалану жағынан алдыңғы орында келе жатқандығын тілге тиек етті.

Мамандардың айтуынша, бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау саясаты ерекше қарқын алуда. Соның ішінде шаруа қожалықтарына, ауылшаруашылығымен айналысушы кәсіпкерлерді қолдауда жыл сайын түрлі бағдарламалар дайындалып, кәсібін ашып, нәсібін табамын деушілерге мол мүмкіндік берілуде. Мәселен, мал мен құс, балды араларды өсіремін деушілерге «Игілік» бағдарламасы арқылы алты пайызбен 4 миллион теңгеге дейін несие берілсе, сүт фермаларын құрып, дамыту үшін «Бірлік» бағдарламасы арқылы алты пайыздық үстемемен 12 миллион теңгеге, «Ырыс» бағдарламасы бойынша алты пайызбен 85 миллион теңгеге дейін, ауылшаруашылық тауар өндірушілерге «Сыбаға» бағдарламасы арқылы он төрт пайызбен 40 миллион теңгеге дейін қомақты несие беру көзделген.

Сондай-ақ, ауылшаруашылық және ауылшаруашылық емес бизнес түрлерін ұйымдастырамын дегендер «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 6 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Бұған қоса, көктемгі егістік және жиын-терім жұмыстарына айналымдық қаражаттарын толықтыру АӨК субъектілерін несиелейтін «Егінжай», «Ынтымақ» бағдарламалары да бар.

- Бұл ретте, несие алушы кәсіпкердің салықтар мен бюджетке төлейтін төлемдерінің, екінші деңгейлі банктер мен басқа қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешектің болмауы керек. Және несиелеуге болатын несие тарихы, мал ұстауға арналған қажетті инфрақұрылымның болуы міндеттеледі. Орналасқан округте жағымды ветеринарлық-санитарлық жағдай қалыптасып, қарыздық немесе жеке қаржы есебі мал азығымен қамтылғаны дұрыс. Сонымен бірге, несие алушыда «Бастау Бизнес» сертификаты немесе Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы, басқа да бағдарламалар бойынша сертификаты қолында болғаны дұрыс,-дейді әлгінде айтқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова.

Жиын соңында мамандарға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Нұрәділ ЕЛАМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521