Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сағызды ауызсу, Миялыны қоқыс алаңдатады

Жақында аудандық «Nur Otan» партиясының ғимаратында партиялық бақылау комиссиясы мен депутаттық фракция мүшелерінің біріккен мәжілісі болып өтті.

Мәжіліске депутаттық фракция мүшелерінен бөлек аудан әкімі Арман Баженов, аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жиынды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Содан кейін аудан әкімі Арман Баженов «2016-2020 жылдарға арналған Қызылқоға ауданының аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуы және проблемалық мәселелері туралы» баяндама жасады. Онда аудан басшысы экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары бойынша ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жасалатын жұмыстарды атап өтті. Баяндамадан соң кезек сұрақ-жауапқа беріліп, депутаттық фракция мүшесі Мәлік Сүлейменов Сағыз ауылындағы ауызсу мәселесі мен Миялының күл-қоқыс алаңының ауылға тым жақын орналасуын айтып, аталмыш мәселелерді шешуді сұрады.

2

Оған жауап берген аудан басшысы:

– Сағыз ауылындағы ауызсу мәселесін шешу бағытында бірқатар жұмыстар жасалды. Жаз айында бұған дейін «Кереген-Сағыз-Жамансор» су құбырын сенімгерлікпен басқаруға алған «ИП Садыков» мекемесі өздеріне тапсырылған жұмысты дұрыс атқармағандықтан келісімшарт бұзылып, қайтадан конкурс жарияланған еді. Конкурс нәтижесінде «ТемірЖолЖылу» мекемесі жеңімпаз атанып, қазіргі таңда Сағыз ауылына ауызсуды тұрақты беру мәселесімен айналысып жатыр. Ауызсу бұрынғыға қарағанда жеткілікті берілуде. Қазіргі таңда, бұл мәселе бақылауда тұр. Сонымен қатар, Миялы ауылында көптен бері іске қосылмай тұрған су тұщытатын қондырғының да мәселесі шешілді. Оған да жаңа мердігер келіп, бүгінде құрылғыны іске қосу жұмыстарын жасап жатыр. Көп ұзамай мембрана толықтай іске қосылады. Ал, Миялы ауылындағы күл-қоқыс алаңы мәселесінен де хабардармыз. Қазіргі таңда, ауылдан үш шақырым қашықтықтан арнайы жер белгіленді. Қазіргі уақытта құжаттары жасақталуда. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін күл-қоқыс алаңының жан-жағы қоршалып, ауылдың барлық қоқыстары сол жаққа төгілетін болады, - деді.

Содан кейін, аудан әкімінің баяндамасына орай депутаттық фракция төрағасының орынбасары Сайлаубек Темірғалиев пікір білдіріп, жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Содан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Тасшағыл ауылдық округінің әкімі Мәлік Қуанышов «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы аясында Тасшағыл ауылында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Баяндама аяқталған соң партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Жаңыл Жұбаева ауылдық округте мал шаруашылығын дамыту бағытында жаңаша жұмыстарды ұйымдастыру жайлы ұсыныс айтты.

Ал, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов Сағыз және Тасшағыл орта мектептерінде ашылатын ІТ сыныптың ашылуы неліктен кешігіп жатқанын сұрады. Оған жауап берген аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров конкурспен ұтып алған Қостанай облысының кәсіпкері түрлі сылтаумен уақытынан кешіктіріп жатқанын жеткізді. Күн тәртібі бойынша баяндамалар аяқталған соң жиналыстың қаулы жобасы таныстырылып, ол бірауыздан қабылданды.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521