Репрессия құрбанының ұрпақтарымен кездесті

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қызылқоға ауылдық округінің қолдауымен, Қарабау орта мектебі қуғын-сүргін құрбаны, Еңбек Қызыл Ту Орденінің иегері, орыс тілі пәнінің мұғалімі Қойшыбай Есембаевтың ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырды.

Кездесуге Қойшыбай Есембаевтың қызы Ақжай Қойшыбайқызы, жиені Сайфолла Қабдолов, шәкірті, ауданның Құрметті азаматы Жауқаш Тұрдағалиев, ақтөбелік қуғын-сүргін құрбаны С.Асановтың қызы Назымхан Асанова қатысты. Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы қатысқан тағылымды шарада сөз алған округ әкімі Қанат Қайруллин ұстаздың өмір жолымен таныстырса, қызы Ақжай Қойшыбайқызы әке туралы естелігін айтып, білім ордасына қуғын-сүргін құрбандары туралы жазылған кітапты тарту етті.

Ұстазы туралы шәкірті Жауқаш Тұрдағалиев: «Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Қарабау орта мектебінде оқып жүргенімде орыс тілі пәнінен Қойшыбай ағай сабақ берді. Бойшаң келген, етжеңді, мұртты адам болатын. Өте талапшыл, нағыз шебер мұғалім еді. Ауыл балаларына орыс тілі пәнін үйретуде зор еңбек сіңірді. 1951 жылдың қыс айларының бірінде ол кісі мектепке келмей қалды. Кейін ес біле келе түсінгеніміз, 1951 жылдың 14 ақпанында тұтқындалып, сол жылы 28 наурызда РКФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабымен 10 жылға сотталған екен. 1962 жылдың 21 ақпанында ісінде қылмыстық құрам жоқ болуына байланысты қысқартылады. Алайда, қатты азапқа шыдамаған Қ.Есембаев 1952 жылы Ақтөбе қаласындағы түрмеде көз жұмады. Қайда жерленгенгені белгісіз. Ұстаздың дәрігерлік қызметі туралы да атыраулық журналист Н.Қосшиевтың жазбаларында нақты келтірілген», – деп еске алады.

Сондай-ақ, кездесуде сөз сөйлеген Қызылқоға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тауман, мұғалім Әлібек Ишақов, ауыл имамы Қойшыбай Дәулетов өз естеліктерімен бөлісті. Кездесуден кейін Қойшыбай Есембаевтың рухына арнап дұға оқылып, ас берілді.

Гүлжан ТОҚМУРЗИНА,

штаттан тыс тілші.

Қарабау ауылы.

Редактор-Журналист

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031