Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Рәміздерге құрмет – баршаға міндет

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану жолдарын түсіндіру және насихаттау» тақырыбында семинар өтті.

zhiyn2

Аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Алаш мәдениеті» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткен семинарға округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жиынды ашқан Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі техникалық және метреология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Эльмира Ғатамова:

– Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің ажырамас бөлігі. Ал, оған құрмет көрсету ел тұрғындарының азаматтық парызы екені анық. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздердің ғимараттарда орналасу тәртібіне де мән берген дұрыс. Көп жағдайда кейбір мекемелер Ту мен Елтаңбаны орнатқанда заңдылығын сақтамай жатады. Ал, ол өз кезегінде заңбұзушылыққа жатады. Себебі, мемлекеттік рәміздерді орналастырудың тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген. Сол қаулыға сай Мемлекеттiк Ту ғимаратқа кiреберiс маңдайшада немесе төбесiнде орналастырылса, Елтаңба кiреберiс маңдайшада болуы тиіс. Биік ғимараттарда рәміздер алыстан көрінетіндей етіп қойылады. Оның өзіндік өлшемдері болады. Ал, мекеменің ішінде Елтаңба жоғары жақтың ортасында, Ту сол жағында орналасады. Сонымен қатар, Мемлекеттік рәміздерді мекемеге сатып алғанда оны шығаратын кәсіпкердің лицензиясы болуы міндетті, - деді.

Бұдан кейін сөз алған «Мәдени мұралар бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас сарапшысы Шоқан Болатбеков Мемлеттік рәміздердің авторлары мен тарихына тоқталып, Елтаңбаға енген соңғы өзгерістерді түсіндірді. Хабарламалар аяқталған соң аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлжихан Маратова техникалық және метреология комитеті мамандарынан мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкестігін қалай анықтайтынын сұрады. Оған жауап берген аталмыш комитеттің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Эльмира Ғатамова рәміздердің стандартқа сәйкестігі көзбен көру арқылы ажыратылатынын, егер сай келмесе жасаған жеке кәсіпкерге кері қайтарылатынын тілге тиек етті.

Ал, Жангелдин ауылдық округінің әкімі Аязбай Оразаов мемлекеттік рәміздерді жасайтын жеке кәсіпкерлер Туды сапасыз жасауы салдарынан матасының түсі тез өзгеріп кететіндігіне тоқталып, соларға қатаң бақылау орнатылса деген ұсынысын білдірді. Ұйымдастырушылар бұл ұсыныс алдағы жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521