Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қос соғыстың куәгері

Талай адамның өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысының қасіретті жылдары ұрпақ санасының есінде мәңгі сақтаулы.

Сол сұм соғыста қолына қару алып аттанған азаматтар бүгінгі Сағыз ауылдық округінен де аз болмады. Деректерге сүйенсек, Сағыз ауылдық округіне қарасты Ақшелек, Былқылдақты, Қоянды ауыл советтерінен 538 азамат Ұлы Отан соғысына қатысып, оның 516-сы Серік Тұрыш пен Бауыржан Сисеновтің құрастырған «Ерлікке тағзым» атты кітабына енді. Ал, 22 Ұлы Отан соғысына қатысушы кейіннен табылды. Өкінішке орай, олардың барлығы бүгінде бақилық болып, мәңгілік сапарға аттанды. Міне, сол аты өшкір сұм соғыстың Сағыз ауылында қалған соңғы сарбазы Құрал Сәрсенбаев та 93 жасында дүниеден озып отыр. 1925 жылы Былқылдақты елдімекенінде туған Құрал ақсақал бозбала кезінен елдегі қиыншылық жағдайға байланысты ТОЗ-да жер жырту, егін егу, мал бағу жұмыстарына араласты. 1899 жылы дүниеге келген әкесі Шалабай 1942 жылдың 7 қаңтарында соғысқа аттанып, 1943 жылдың 7 желтоқсанында хабарсыз кеткен.

Сөйтіп, сұм соғыстың кесірінен әкеден айырылған Құрал ақсақал 1943 жылдың басында Гомель қаласында ІІ Беларусь майданы құрамында соғысқа кірісіп, Беларусь майданында Австрия мен Венгрия мемлекетін азат етуге қатысады. Жапониямен соғысқа шақырылып, кейіннен ұрыс болған жерлерді қалыпқа келтіруге араласады. 1947 жылы елге келіп, 1951 жылға дейін Ақкиіз колхозында малшы, 1961 жылы құрылған Ленин атындағы кеңшарда зейнеткерлікке шыққанша жүргізуші болып жұмыс жасайды. Ол бар ғұмырын еселі еңбекке арнап, ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға арнаған жан еді. Ұл-қыз өсіріп, немере-жиендерінен шөбере көрген ұлағатты ата. Оның өнегесін өрісті ету мақсатында көзі тірісінде Сағыз ауылында көптеген спорттық шаралар, кездесулер өткізілді. Біз әрдайым ардагердің есімін мәңгі жүрегімізде сақтаймыз. Ендеше, Сәрсенбаев Құралдың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Соғыстағы ерлігімен, бейбіт күндегі еңбегімен қадірлі болған майдангерге топырағың торқа, жаның жәннатта болсын демекпіз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521