Ойыл салған ойран

Бұлай болады деп кім ойлаған?! Иә, қаннен қаперсіз тірлік кешіп жатқан бұйығы ауыл-аймаққа бүйі тигендей бүрліктіріп, шақ-шәлекейін, әлем-тапырығын шығарған мұндай зауалды шақ туады дегенге илану қиын. Жыл сайын өр суы келе жатқанда миялылықтар селоның күнбатыс, теріскей беттерін қымтап, ерте баста жағалай көтерілген бөгеттің ойпаңданған жерлерін биіктетіп, тышқан салған ін іздерін бітеп әлек болатын еді.

Тіпті су қатты тасыған бір жылдары Қазбек тоғайынан бергі көлге су жалпақ жайылып, Миялының іргесіне соққанда аудан, село әкімшіліктері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жергілікті радио торабы арқылы тасқын қаупі жайлы тұрғындарға ескерту жасап, халықты жаппай жұмыла күш біріктіруге шақырып, тыным-тыныштық көрмейтін. Бөгет бойына қолтықтарына қапшық қыстырған, қолдарына күрек ұстағандар қаптап кететін.

Бұл жолы қалай болған? Құдай тас төбеден ұрғанда, 1993 жылғы сәуірдегі тасқын су күткен жақтан емес, мүлдем ойламаған жақтан, ең болмаса түске де кірмеген басқа тұстан келген. «Секер, Самай аймақтарындағы көлдікке су жайылыпты, Сақал ата бетке тақап қалыпты» деген сыбыс шығып, жұрт судың мол келетініне қуанысып жатты. Олай етулерінің жөні бар еді. «Су аяғы құрдым» деп жататынымыз бар, тіпті «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» деп те тілімізді тақылдатып қоямыз. Қазақ тауып айтқан, солайы солай. Қызылқоға ауданы Ойыл өзенінің төменгі бөлігін иемденеді. Иемденеді деген бос сөз сияқты, ақтөбеліктер жіберген азын-аулақ суға ғана қожа болысады. Жібермесе көз сатып отыра береді. Енді қайтсін?! Өз жерлерін аузы-мұрнынан шығарып қандырып алғаннан кейін барып, көздері қиса дағарадай бетонды бөгеттерінің аузын ашқан болады. Ал бұл жылғы су келісі, шынында да, көңілге медеу.

Ауданның бірінші басшысы Есенгелді Нұршаев ауылда жоқ еді, Ойыл бойындағы кеңшарларды аралауға кеткен-ді. Ұялы телефонның қолданысқа енбеген кезі. Сасып, абдырау кіргенде қапелімде онымен байланысуға қайдан мүмкіндік бола қойсын? Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Мергенғали Бейісқалиев аяқ астынан туындаған төтенше жағдайдың бет алысын бағамдай келе ауданның өндіріс, мекеме басшыларын, қолында билігі барларды шұғыл жинап, қауіптің алдын алу жөнінде тапсырмалар берді. Бірақ бәрі кеш еді, тіпті кеш еді. Өрекпіген тасқын су алдына жөпелдемеде апыл-ғұпыл асығыс тұрғызылған кішігірім бөгеттерді, қойылған кедергілерді шүлдік ғұрлым көрмей жайпап, сәуірдің 17-сі күні селоның солтүстік шығыс жағынан, бұрынғы тұтынушылар қоғамының қоймасы тұсынан ентелей кірді. Арыны тым қатты болды. Оның жолын бөгеу үшін не қойылмады десеңізші?! Қойылған ескі автомашина кабинасы да тосқауыл болуға жарамады. Әрі суға тұмсығымен шаншылып түсіп, ырыққа көнбей әлекке қалдырды. Алып жыланбауыр ДТ тракторы көлденеңдеп барып тұрып көрді. Қаптаған қалың жұрт тасқынға бір кедергі болса осы зілбатпан трактор кедергі болар деп үміттенген. Өкінішке қарай, олай болмады. Табиғат шіркіннің дүлей күші оны да бұйым ғұрлым көрмей қас пен көздің арасында жерге сіңіріп жіберді. Ауыр-ауыр тастар да төгілді. Кранмен әкелініп темір бетон блок тастар да тасталынды. Кранды тас-масымен қоса лақтырып тастауға шақ қалды. Құдай сақтағанда, шайқалақтаған кран теңселеп барып тіктеліп тұрды. Қапшық-қапшық құм да салынды. Жанталаса қимыл көрсетіп, қызыл танау болып аласұрып жүрген адамдар сан-сапат. Істелінбеген әрекет жоқ. Ердің ерлігі осындай ел басына күн туған қиыншылықта танылады емес пе? Жойқын қуатпен сарқырап ағып жатқан зәрі тас төбеңнен шығатын мұздай судан қаймықпай түсіп, алапат ағынмен алыса әрекет еткен атпал жігіттердің батылдығы мен батырлығы кімді таң қалдырмады екен?! Олар – екі жыл бұрын осы селода атқару комитетінің төрағасы болған, ауданда басқару тетігінің бір құлағын ұстап жүрген құрылыс маманы Мейрамбай Әлиев, атақты палуан, спорт шебері, қазіргі Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменов, екі жаужүрек. Долданып ырыққа көнбей жатқан тасқын суды бөгеу үшін құм салынған қапшықтардың бастарын түйістіріп тосқауыл жасаймыз деп жүргенде Мейрамбай аяғы тайып кетіп, ағыспен бірге төмен құлдыруға шақ қалады. Егер Мәліктің тегеурінді қолы ұстап, оны кері қарай тартып алмағанда не боларын құдай біледі. Бәлкім, төменде жерге сіңіп жоғалған тракторға соғылып, мерт болар ма еді, болмаса, ағысқа жұтылып кете барар ма еді. Көз алдыңа елестетіп, ойлаудың өзі қорқынышты. Қолдарында күрек Халел Досмұхамедұлы, Берқайыр Аманшин атындағы орта мектептердің оқушылары да осында. Орталарында алдында қандай зауалды күн тұрғанынан мүлдем бейхабар Дулат Жәдігерұлы да шапқылап жүр еді ғой. Оны қайдан білсін?! Әттең, дүние-ай! Кім қандай қарекет етсе де, қанша тырысса да төтендеп келген алапаттан Миялыны құтқара алмады, араша түсуге шама жетпеді. Тылсым табиғат аудан атқамінерлерінің бейқамдығын кешіре алмай өз дегенін істеп тынды. Демек, «Жыланның уы басында, бейқамның жауы қасында» деген мақал босқа айтылмаған.

Партия, шаруашылық органдарының талай тарамында қызмет атқарған, көпті көрген, аупарткомның екінші хатшысы болған, кеңшар басқарған дегдар, Қызылқоғаның абыз ақсақалы Төлеп Тілегенов өзінің «Ойыл көздің жасы еді» («Атырау» газеті, 2001 жылғы сәуірдің 24-і) деген мақаласында «...1993 жылы су тасқынының екпіні мен жылдамдығын аңғара алмай қалып, бір ылдидан судың құлауын байқамай аудан орталығы Миялыны суға кетіріп алғаны естерінен сірә, шығар ма?» деп сөз сабақтай отырып, мақтамен бауыздағандай етіп сынап-мінейтін кезі дәл осы тұс. Ауыл іші азан-қазан. Ызы-қиқу, айқай-ұйқайдан құлақ тұнатын, қой маңырап, сиыр мөңіреп, бота боздап, ит біткен ұлыған шақ. Тұла бойды түршіктіретін дыбыстар мен дауыстарды естіп, тыңдаудың өзі ауыр мехнат. Қапияда қаскүнем жау тиіскендей болған қарғыс атқан мезгіл бір. Бұлай демегенде не дейсің? Халықтың тірнектеп жинаған дүние-мүлкі, асыл жиһазы, көрпе-көпшігі телегей-теңіз шалқыған су бетінде қалқып бара жатса, малы опырыла құлаған қора-қопсының астында қалса, көз алдарында кіріп отырған үйлері құлап, үйіндіге айналса... басқа не деуге болады? Жер тырналап қалды деген осы емес пе өзі? Құдай ендігәрі қайтара мұндайды тірі пенденің басына бермесін деп тілек тілеуден өзге ештеңеге дәрмен келмеген уақыт бұл.

Аудан, село әкім-қаралары сандалақтады да қалды. Естері шығып кеткен. Не істеу керек? Кінә кімнен? Сарбастау көлі суға толғанда, Кенен көпірінің үстінен қинала асып тасқын жүре бастағанда неге ғана ойланбадық? Қарасу өзегі ернеуінен шығып, кері серпілмей тұрғанда неге қамданбадық? Сол тұстағы су құлауы мүмкін қауіпті ылдиды неге аңғармадық? Бас қатырған, желке ұстатқан сұрақтар бір құшақ. Осы бір сәттер туралы журналист Теңдік Жауырұлы облыстық «Атырау» газетінің 1993 жылғы мамырдың 5-і күнгі санында жарияланған «Тасқын жөңкіп өткенде» атты мақаласында бәрін тап басып, дұрыс көрсеткен. Онда «Маза бермес сауалдар. «Тілсіз жаудың» тұтқиылдан төніп келе жатқанын ешкім болжай алмай қалғаны ма?!», «Қазір енді болар іс болды, оны айтты не, айтпады не» деушілер де табылар. Рас, мақсат «қойды алдырып, қораны түзеу» немесе кінәліні жалғанның жарығына шығару емес, алдымен бүлінгенді бүтіндеу дедік қой. Солай дей тұрсақ та табиғаттың бұл төтенше құбылысынан сабақ алу керек болар. Қалайша бұлай демессің, егер анау-мынау емес, алты мыңнан астам халқы бар аудан орталығы Миялыны... дүлей тәлкегінен сақтай алмай қалған болсақ?..

... «Ойылдың көпірі сорымызға шықты». Осы әңгімені айтушылардың дәлелдері де жоқ емес. Ойыл өзенінен салынып, құрылысы 1990 жылы күзде аяқталған көпірдің ұзындығы 300-дің орнына 32-ақ метр болыпты, оның суағары секундына небәрі 150 метрге ғана шақталса, ал секундына 1200 текше метр су өтуі керек болыпты. Ойыл арнасына Миялы тұсынан төселген тағы бір жолды оны төсеушілер шала-шарпы салып, тіпті дұрыс тапсырмай да кеткен. Бәрі айтылып жатыр енді, айқындалып жатыр. Жалпы, табиғат, жер-су ерекшеліктерін ескермей, құрылыстар тұрғызғанда бәрін белден басу жақсылыққа соқтырған ба?» деп жазылыпты. Орынды айтылған, орынды уәж.

Шынында да неге қамсыз қалған? Осы сұраққа, басқа да жан толқытқан сауалдарға тасқыннан кейін іле-шала жазылған «Атырау» газетінің меншікті тілшісі Құттыгерей Смадияровтың облыс-тық қазақша басылымның бірнеше нөмерінде қатар жарияланған «Ойыл салған ойран» атты топтама материалдарынан жауаптар біршама табылады. Солардың бірінде, дәлірек айтқанда «Миялыға бет бұрған керуен» деген тақырыбының астында «... апат кезінде селода 524 үй құлап, 3298 тұрғын баспанасыз қалды» деген жаға ұстатарлық дерек келтіріліпті. Қандай масқара кесапат?!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ, жазушы-журналист, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

Редактор-Журналист

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031