Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Миялыда мал жүні қабылданады

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінде аудан әкімі Арман Баженовтің төрағалығымен өткен жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов, «Каспий Лана Атырау» ЖШС өкілі Әлімжан Балжігітов, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтары мен құрылымдарының жетекшілері қатысты.

Жиында сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов: – Өткен жылдары «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған «Каспий Лана Атырау» жүн өңдеу зауытын бүгінгі күні шикізатпен қамту қиындық туғызуда. Ал, ауданда 1500-дей түйе мен 90 мыңға жуық қой малы бар. Сондықтан, аудандағы шаруа қожалықтары мен құрылымдардағы, жеке сектордағы түйе мен қой жүндерін ысырап етпей зауытқа тапсыру қажет. Бұл өз кезегінде қаражат құрап, әрі тазалыққа көмегін берері сөзсіз. Ол үшін алдымен мал иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізе отырып, тапсырылатын жүндерді қабылдайтын оператор қажет. Бір жерге жиналған шикізатты зауытқа жеткізу жолдары ұйымдастырылады. Бұл бағытта қандай кедергілер кездеседі.

Соны анықтап, шешу жолдарын қарастыруымыз керек, – деді. Ал, зауыт өкілі Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, бүгінгі күні зауыт жұмысы бір қалыпқа түсіп келеді. Зауыт көрпе-жастық, жамылғы-төсеніштер шығарумен бірге өңделген жүнді де шетелге өткізеді.

Бірақ, шикізаттың тапшылығынан бұл бағыттағы жұмыстар кенже қалуда. Шикізатты қабылдау жүнді тасымалдау, жуу, тазалау секілді жұмыстарға бірқатар шығын жұмсалады. Сондықтан, зауыт әр аудандағы шаруашылықтар мен жеке иеліктерден қойдың жүнінің бір келісін 50 теңгеден, түйе жүнінің бір келісін 500 теңгеден алуды ұйғарып отыр. Алға қарай жұмыс қарқынды жүріп, пайда үстемеленіп жатса бағаны көтермекші. «Жасқайрат» ЖШС-і мен «Құрман» шаруа қожалығының жетекшілері өз базаларында өткен жылдан бері тайланып тұрған түйе мен қой малдарының жүндері бар екенін, соларды тапсыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ, «Жасқайрат» ЖШС-нің жетекшісі Қайреден Наубаев «Миялы Сервис» ЖШС жетекшісі Сүйеуғали Дүйсәлі жүн қабылдап, тайлауға базаларының дайын екендіктерін айтып, тасымал жағын шешуді ұсынды. «Тасшағыл» ӨК төрағасы Оңғар Жанықұлов: – Бұл төрт түлік малымен күн көріп отырған ауыл тұрғындары үшін тиімді бастама. Жасыратыны жоқ, бұған дейін қырыққан жүндерімізді сай-салаға көміп, өртеп жүргенбіз. Енді шаруа баққан жандар мал жүнін ысырап қылмай, аз да болса қаражат қылары анық. Бірақ, жүнді тапсырғанға дейін біраз шығын болары сөзсіз. Болашақта бұл бағытта атқарылған жұмыстарға субсидия беру мәселесін тиісті министрлікке, депутаттарға жеткізу қажет. Болмаған жағдайда субсидиялауды облыс бюджетіне бергені абзал.

Сонда тұрғындардың да ынтасы артары сөзсіз, – деді. Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: – Бұған дейін елді мекендерге барғанда тұрғындар тарапынан мал жүндерінің тапсырылмай, далаға төгіліп жатқанын, қырқылған жүнді қабылдайтын пункт ашу қажеттігін айтып жататын. Бүгінгі жиын арқылы бұл мәселе біртіндеп шешімін табуы тиіс. Бұл жұмыстарды жүйелі жүргізуге облыс әкімі пәрмен беріп отыр. Берілген тапсырма орындалуы тиіс екендігін баршаңыз да білесіздер. Сондықтан, барлық ауылдық округ әкімдері шаруашылық басшыларын жинап түсіндіріңіздер. Биылғы көктемде қырқылған жүндердің барлығы да шашау шықпай тапсырылуы қажет. Әр ауылдан қабылдап, тасымалдау жағын ұйымдастырамыз, – деп жиынды қорытындылады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521