Мешіт құрылысы басталды

Өткен аптаның жұмасы күні Қаракөл ауылындағы мешіт үйінің құрылысы басталды.

Іргетасы құйылған құрылыстың алғашқы тасын мешіт салуға мұрындық болған «Сазанқұрақ» ЖШС бас директорының орынбасары Әлібек Семғалиев қалады. Одан кейін ауыл тұрғындары мен қонақтары да бір-бір кірпіштен қалап, үлестерін қосты. Шарада сөз сөйлеген «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов: – Бүгін қаракөлдіктер үшін куанышты күн. Өйткені, ауылды мешіт құрылысының алғашқы тасы қаланды. Мешіт салу екінің бірінің қолынан келмейді. Кейбір қалталы азаматтар мұндай сауапты іске қаржысын қимайтыны рас. Ал, жерлесіміз Әлібек Аманжанұлы өзінің мәрттігімен туған жері үшін осындай қайырлы істі қолға алды. Жақсы бастама жалғасын тапсын. Алдағы уақытта Алла үйінің ынтымақ пен рухани достыққа шақыратын орынға, имандылық жолындағы рухани білім ошағына айналуына тілекшімін, – деді.

4

Ал, ауыл тұрғыны Аманғали Мамашев, талапты азаматтың ізгі ісі оңға басып, құлшылық еткен әрбір адамның ыстық ықыласы Алладан қолдау тапсын деген тілегін жеткізді. Айта кетсек, мешіт салуды қолға алған Әлібек Семғалиевтің ата-анасы Қаракөлде туып-өсті. Білім алып, еңбек етті. Бүгінгі күні «Сазанқұрақ» ЖШС бас директорының орынбасарымен бірге облыстық кикбоксинг федерациясының президенті лауазымын атқарып отырған Әлібек Аманжанұлының қайырымдылық істері көптеп саналады. Ол өз бастамасымен Аққыстауда «Мұнайшы» аллеясын салса, Атырау қаласындағы №23 А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебіне эко жылыжайды сыйға тартты. Сондай-ақ, үлкен жүректі азамат қаладағы баспанаға мұқтаж екі отбасына тұрғын үй алып берді. Тізе берсе оның бұдан басқа да қайырымдылық істері жетерлік. – Мен қалада туып-өскеніммен, балалық шағым Қаракөл ауылында өтті. Сондықтан, әке-шешемнің кіндік қаны тамған жерге бір нәрсе салуды ұйғарғанмын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан бастаманы қолдап жатқан жандарға ризашылығым зор. Мешіт салу Алланың тарапынан берілген үлкен сый. Болашақта пайдалануға берілгеннен кейін мешітке жамағат болып намазға келушілердің қатары көбейіп, асқақ дініміз исламның мәртебесі өсе берсін. Бұл ретте, «Қызылқоға құтты мекенім» атты қайырымдылық қорымен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Қордың негізін қалаушы жерлес кәсіпкер Медет Серікбаев та Көздіғара ауылдық округінен Алланың үйін салуды қолға алды. Алға қарай да «Бір жеңнен қол» шығара отырып, осындай игі істерді жалғастыра береміз, – дейді Әлібек Семғалиев.

4

Салтанатты шарадан соң ауыл қарттары мен жамағаттарға арнап дастарқан жайып, дұға етілді. Дастарқан басында ауыл ақсақалдары «Талап – пендеден, қолдау – тәңірден» дегендей, талапты азаматың ізгі істері оңға басып, құлшылық еткен әрбір адамның ыстық ықыласы Алладан қолдау тапсын деген баталарын берді.

Айымгул Жалғасқызы

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031