banerkzbig

Келісіп пішкен тон келте болмас

Өткен аптаның дүйсенбісінен бастап құрамында аудан әкімі Арман Баженов, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары бар топ ауылдық округтердің алдағы даму жоспарымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында ауылдарды аралап жүргендігін жазған болатынбыз.

Соған сай, аудан басшылары Көздіғара ауылдық округіне ат басын бұрды. «Самал» мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі ашып, тұрғындарға кездесудің мән-маңызын түсіндіріп өтті. Содан кейін округ әкімі Болат Қабесов округте алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндап, кешенді даму жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, 2018-2020 жылдары ауылдың солтүстік бетінен жеке тұрғын үйлер мен 100 орындық балабақша, қызметтік екі пәтерлі бір тұрғын үй салуға жер телімдері белгіленіп қойған. Одан бөлек спорт алаңы мен ветеринарлық станса салу да жоспарда бар. Бүйрек, Қосқұлақ елдімекендеріндегі клуб, кітапхана және Қоныстану ауылындағы бұрынғы әкімдіктің ғимараттарын жөндеу, облыстық маңызы бар «Миялы-Қарабау-Индер» тасжолының округке қарасты аймағының екі бетін абаттандыру да даму жоспарына енген.

Округ әкімінің хабарламасынан соң Жаңашаруа орта мектебі директорының міндетін атқарушы Гүлзира Жақсы мектепте атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Оның түсіндіруінше, биыл мектеп бітіретін 17 түлектің сегізі ҰБТ сынағына қатысуға ниет білдіріп отыр. Мектептің білім сапасы – 51 пайыз. Хабарлама аяқталған соң тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған тиісті мамандар жауап берді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Сырымұлы:

– Ауылдың келешек келбетін жоспарлағанда тұрғындардың да пікірімен санасу керек. Қазір барлық ауылда ауызсу, газ, жол мәселелері өз ретімен шешімін табуда. Енді жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім саласына баса назар аудару керек. Такси бағасының қымбаттауын ат-қарушы билік емес халық өз ортасында жиын жасап шешуі тиіс. Біздің өз көлігімен адам тасып жүрген жеке кәсіпкерлерге «бағаны түсіріңдер» деп айтуға құқымыз жоқ. Бұл өзара ақылдасып шешілетін мәселе. Бруцеллезбен күрес күн тәртібінен түспейді. Бұйырса ауру малға өтемақы төлеу де шешіліп қалар. Қосқұлақ елдімекенінің мәселесі де назардан тыс қалмайды – деді. Одан соң «Ақторғын» дүкенінің иесі Айымгүл Тәжіғалиевамен аудан әкімі Арман Баженов азық-түлік бағасын қымбаттатпай, халыққа қолжетімді түрде сату үшін меморандумға қол қойды. Содан кейін аудан әкімі округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Әкімдер топ-менеджер болуы тиіс

Көздіғара ауылдық округінен соң аудан басшылары ат басын Тасшағыл ауылына бұрды. Тасшағыл орта мектебінің акт залында өткен жиынды аудан әкімі Арман Баженов ашып, жүргізіп отырды. Онда алдымен округ әкімі Мәлік Қуанышов мінбеге көтеріліп, ауылдық округтің даму жоспарын баяндады. Округ әкімінің сөзінен білгеніміздей 2018-2020 жылдары округ көлемінде біраз игі істер жасалмақшы. Соның ішінде округ үшін өзекті болып келген 300 орындық мәдениет үйін салу, ауылға кіре беріс жолды жарықтандыру, зираттардың айналасын қоршау, балалар ойын алаңын жасақтау, Қоғам, Қоныстану елдімекендеріне ауызсу тартып, кірме жол салу сияқты жұмыстар бар. Округ әкімінің хабарламасын тыңдаған аудан басшысы:

– Кез келген ауылдың, ауданның дамуы үшін ең бірінші жүйелі жоспар керек. Ол тек бір-екі жылға емес ұзақ мерзімге жасалғаны абзал. Ертең ауыл халқының саны өседі делік. Сонда оларға үй салу үшін инфрақұрылымы тартылған жер керек, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көбірек қажет болады. Сол үшін даму жоспары нақты, жүйелі болғаны дұрыс әрбір әкім өзін белгілі бір жобаны жүзеге асырушы топ-менеджер санауы тиіс. Осы ауыл сіздің жобаңыз. Оны қалай дамытасыз, мәселелерін қалай шешесіз, болашағын қалай елестетесіз? Соның бәрі кешенді жоспарға енуі керек. Ал, енді «Пәлен тонна қоқыс шықты, ит атылды, дүкен ашылды» дегендер әкімдердің күнделікті жасайтын жұмысы,– деп атап өтті.

Аудан әкімінен кейін тұрғындар атынан «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Оңғар Жанықұлов сөз алып, бірқатар мәселелер бойынша сауал қойды. Ол мәдениет үйінің салынатынына қуанышын білдіріп, халық күткен осы бір қуаныш аяқсыз қалмай, құрылысы уақытында басталып, тезірек бітуін аудан басшысы өзі қадағаласа деген ұсынысын айтып, өр суы тасығанда Тасшағылдың жайылымы мен шабындығына су жіберу, ауылішілік жолдарды көбейту сынды мәселелерді көтерді. Бұдан соң «Қазсушар» мекемесі Атырау облыстық филиалының Қызылқоға аудандық өндірістік учаскесінің басшысы Сайлаубек Темірғалиев:

– Биыл өр суы былтырғы жылға қарағанда аз келуі мүмкін. Себебі, осы қыста қар аз жауды. Дегенмен су келсе Тасшағылға дейін жіберуге тырысамыз. Алайда, жеке қожалықтар жайылымына су шығарғысы келсе біздің мекемемен келісім шартқа отыруы керек, – деді. Содан кейін Тасшағыл орта мектебінің директоры Гүлшара Ізімова мектептің жетістіктері мен жасалған жұмыстар хақында хабарлама жасады. Мектепте 12 пәндік кабинет жаңа стандартқа сай жасақталса, қалған кабинеттерді жаңа талаппен жасақтау жөнінде аудандық білім бөліміне сұраныс берілген. ҰБТ дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Мектеп директорының сөзінен соң аудан әкімі Арман Сырымұлы Тасшағыл орта мектебі аудан мектептері арасында үшінші тоқсан қорытындысы бойынша соңғы орындардың бірінде қалғанын ескертіп, нәтижені жақсартуды тапсырды. Жиын соңында жергілікті кәсіпкер Шахар Есенбаева әлеуметтік азық-түлік бағаларын тұрақты ұстап тұру мақсатында аудан басшысымен меморандумға қол қойды. Содан кейін аудан әкімі жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдап, қойылған сауалдарға заңдық тұрғыда жауап берді.

Басты талап – білім сапасы

«Қаракөл» мәдениет үйінде болған жиынды әдеттегідей аудан әкімі ашып, алғашқы сөзді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықовқа берді. Ол өз кезегінде округтің алдағы даму жоспары жайлы баяндама жасады. Алдымен салауатты өмір салтын дамытуды көздеген ол ауылдан армрестлинг, кір тасын көтеру және қазақ күресі сынды спорт түрлері бойынша үйірме ашу үшін аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне сұраныс бергенін жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдан тойхана салу, газ құю бекеті мен фотосалон ашу да жоспарға енген. Одан бөлек ауыл халқының сұранысына сай көшелерді жарықтандыру, күл-қоқыс алаңын қоршау, соғыстан оралмаған боздақтарға арналған ескерткішті қайтадан жаңғырту да алдағы уақытта жасалатын жұмыстар. Округ әкімінің хабарламасынан соң ауыл тұрғындары көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Оған тиісті жауаптар берілді.

Содан кейін Қаракөл орта мектебінің директоры Ермек Берікқалиев мектепте атқарылған жұмыстар мен білім сапасы жайлы хабарлама жасады. Мектептің үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша білім сапасы 47 пайыз. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі:

– Айтылған ұсыныстар мен тілектер міндетті түрде қаралады. Біз сол мақсатта ауылдық округтерді аралап жүрміз. Округ әкімінің, тұрғындардың айтқан мәселелерін жинақтап алдағы уақытта ауданның кешенді даму жоспарына енгіземіз. Өрт жағдайында жедел қимылдайтын бригада барлық ауылдық округте жасақталған. Алайда, олар өртті бірден сөндіре алмайтыны анық. Сол мақсатта біз бір-біріне жақын орналасқан екі-үш ауылға ортақ өрт сөндіру көлігін алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ, бұл алдағы уақыттың еншісінде. Су жіберу мәселесі ол Ойыл өзенінің тасуына байланысты. Ал, мектепке егілген талдарды мал жеп кету оқиғасын шешуді мектеп директорына тапсырамын. Мектепке қатысты айтатын тағы бір мәселе – білім сапасы. Біздің тарапымыздан жасалатын мектепке жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету сияқты мәселелер шешіледі. Соған жауап ретінде Сіздер де білім сапасын көтеруді қолға алыңыздар – деді. Жиын соңында аудан әкімі «Бәйтерек» дүкенінің иесі Мәлік Құрманғазымен меморандумға қол қойып, артынша тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Күнтізбе

Редакция

 
Сисенов Бауыржан

Сисенов Бауыржан Аманұлы
- "Қызылқоға" газетінің бас редакторы

Бердіғалиев Бауыржан

Бердіғалиев Бауыржан Оқасұлы- Бірінші санатты тілші


Губайдуллин Дулат

Губайдуллин Дулат Берікұлы
- Екінші дәрежелі тілші


Тілегенова Гулмира

Тілегенова Гулмира Мақсотқызы
- Екінші дәрежелі тілші


kosybaeva-ajymgul

Қосыбаева Айымгүл Жалғасқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig