Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауыл тұрғындарының айтары көп

Өткен аптада Тайсойған ауылдық округінде жергілікті қоғамдастық жиыны өтті. Ғ.Сланов атындағы орта мектептің акт залында ұйымдастырылған жиынға ауыл тұрғындарымен бірге аудандағы түрлі сала басшылары қатысты. Күн тәртібі бойынша хабарлама жасаған Тайсойған ауылдық округі әкімі Әділет Шаймарданов сәуір айында көктемгі тазалық айлығы басталатындығын тілге тиек етіп, оған біркісідей атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ, өткен жылы соңғы жергілікті қоғамдастық жиынында айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалысына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жиында айтылған бес ұсыныстың екеуі толық орындалса, екеуі орындалмаған. Ал, біреуі орындалу үстінде. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары Бағытжан Құлқайыров пен Аманкелді Түлкібаевтың А.Самарханов көшесіне жаңадан трансформатор орнату, тазалық және басқа да жұмыстарға арнайы техника алу туралы ұсыныстары толықтай орындалды. Мал арасындағы бруцеллез ауруы мен газ пайдалану мәселелері бойынша түсінік беру үшін облыстан сала мамандарын шақырту, өр суын Жарыпшыққанға шығаратын «Жаңқабай» шлюзін кеңейту туралы ұсыныстарды шешу мақсатында тиісті орындарға хат жіберілді. Ескі Тайсойған мен Ғ.Сланов атындағы орта мектеп аралығына жарық көздерін орнату сәуір айында атқарылады.

 Нодулярлы дерматит қауіпті кесел

Бұдан кейін сөз алған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиевтің түсіндіруінше, биылғы жылы да бруцеллез ауруына оң нәтиже берген малдар бар. Бұл ауруды түбегейлі жою үшін ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров шақырылып, іс-шаралар жоспары жасақталды. Жоспарланған жұмыстар өз нәтижесін берсе үш жылдың көлемінде аталмыш ауру түбегейлі жойылады деп күтілуде. Сондай-ақ, мүйізді ірі қара малдары арасында нодулярлы дерматит ауруы шығуы мүмкін. Өткен жылы аудан көлемінде пайда болған бұл ауруға қарсы вакцинамен егу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, тұрғындар арасында қолдағы малдарын ектірмеу фактілері кездесіп отырған жәйі бар. Айта кетсек, өткен жылы аталмыш ауруға қарсы малдарын вакцинамен ектірмеген тұрғындар кейіннен ауырған малдарын емдеу шараларына біраз шығындалды. Кейбір ауырған малдар өліп те қалды. Сондықтан, мал ұстайтын тұрғындар осыдан сабақ алып, есептегі малдарын нодулярлы дерматит ауруына қарсы алдын ала ектірген дұрыс. Аудан бойынша есептегі мүйізді ірі қара малдарын вакцинамен егу жұмыстары наурыз айында толық бітіру жоспарланған. Жиында бұған қоса Тайсойған ауылдық округінде ветеринария саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы округтің мал дәрігері Қанатқали Каримовтың хабарламасы тыңдалды.

Ауыл тұрғыны Аругүл Сағидоллақызы:

– Үйдегі асырап отырған итімізді атып кетті. Енді қайтадан ит асырап, заңды түрде тіркету үшін құжаттарды қайдан жасақтатамыз? Сондай-ақ, бартермен, яғни етке ауыстырып алған баспақтар сырғаланбаған. Білейін дегенім қазір баспақтар сырғаланбай ма? – деді.

Тұрғынның алғашқы сауалына аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай Латиев:

– Ит асырағыңыз келсе ауылдық округтерге ветеринария маманына барып, тиісті құжаттарды тапсырған соң паспорт беріледі. Бірақ, паспорты бар, тіркелген деп бос жіберіп қоюға болмайды. Көшеде бос жүрген ит бұралқы деп есептелінеді де атылады. Сондықтан, аудандық мәслихаттың сессиясы арқылы бекітілген ережеге сай паспорты бар ит байлаулы тұруы қажет, – деп жауап берсе, екінші сұраққа орай жергілікті мал дәрігер Қанатқали Каримов өткен жылы күзде сырғаның бітіп қалуына орай баспақтардың сырғаланбағанын тілге тиек етті.

 Салық заңдылыққа сай төленуі тиіс

Тұрғындар жиынында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали Базарбаев мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған бағдарламалары туралы, аудандық кірістер басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов салық заңдылықтары, заңсыз кәсіпкерлерлікпен атқарылып жатқан жұмыстар туралы, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Жанар Махметова ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану, заңдастыру жұмыстары туралы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанболат Нығметов несие беру жолдары туралы жұртшылыққа түсінік берсе, аудандық газ шаруашылығының басшысы Бауыржан Кереев газ отынын пайдалану ережелері жайында жұртшылықты құлағдар етті. Сала басшыларының хабарламаларынан кейін ауыл тұрғындары оларға сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Әмин Өтеғалиевтің айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесіне 1996 жылы «Ока» жеңіл автокөлігі берілген. Әкесінің бақилық болғанына біраз жыл өтті. Таяуда ауданнан телефон соғып, «Ока» көлігі үшін салық төлеу қажеттігін ескертті. Бұл қаншалықты заңдылыққа жатады? Ал, Қанатқали Каримовтің түсіндіруінше, кооператив мүшелігіне кіріп, несие ал-ған. Бұл қаржыға мал алып, бордақылауда.

– Бүгінгі күні бордақылаған малды сатып, несиені өтеудеміз. Түскен қаржыға қайтадан мал сатып аламыз. Білгім келетіні біз де осы атқарып жатқан шаруамыз үшін салық төлеуге міндеттіміз бе? – дейді Қанатқали Каримов.

Олардың сауалдарына жауап берген аудандық кірістер басқармасының басшысы Нұрболат Сармановтың айтуынша, заңдылыққа сәйкес көлік, жер және мүлік иесі қайтыс болса, оның төленбей қалған берешегін мұрагері өтеуге міндетті. Сондықтан, көліктің есепте бар-жоғын анықтап, егер есепте болса тіркеуден шығару қажет. Ал, кооператив арқылы несие алып, мал шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлер бордақылап, сат-қан малына ғана салық төлеуі керек. Себебі, ол мал сату арқылы табыс түсіріп отыр.

Бос жерлер конкурспен беріледі

Округке қарасты «Алдоңғар» шаруа қожалығының төрағасы Сұлтансиық Нәсіпқалиев: – 1996 жылы құрылған қожалықтың жері сынақ алаңына кіреді деген желеумен құжаттары жасақталынбаған еді. Бертін келе картадан қарап, сынақ алаңына кірмейтінін анықтап, құжаттарын жасақтаттым. Енді қожалық жерінің шекарасын нақтылап, белгілеп беретін маман қажет. Осыған көмек көрсетсеңіздер, – деп өтінішін жеткізді. Шаруагердің бұл өтінішіне жауап берген округ әкімі Әділет Шаймарданов:

– Мұндай өтініш округтегі бірқатар шаруа жетекшілері тарапынан айтылуда. Сіздердің өтініштеріңізді орындау мақсатында аудандағы бұл жұмыспен айналысатын маманға айтылды. Онымен келісім бойынша наурыз айының аяғында келіп, бұл жұмыстар атқарылады, – деді.

Жер туралы сауал қойған Гүлмира Дүйсенбаева:

– Шаруашылыққа орай өзімнің қалаған жерімді ала аламын ба? – дейді.

Оның сауалына жауап берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Жанар Махметованың пікірінше, алдымен ол жердің бос екендігі тексеріледі. Егер бос болса округ әкімінің ұсынысына сай конкурс арқылы беріледі.

Ләйлә Боранғалиқызының айтуынша, пайдалану мерзімінің аяқталуына орай 2014 жылы газ желісіндегі есептегішті тексертіп, ауыстырған. Барлығы заңды, төленген түбіртектері бар.

– Бірақ, өткен жылдың мамыр айынан бері төлемақыны біз есептегіштегі көрсеткіш арқылы емес, тариф бойынша төлеп келеміз. Бұл туралы бізге ескертілмеді. Себебін білгіміз келіп, құзырлы мекемелерге хабарласқанымызбен мардымды жауап ала алмадық, – дейді ол.

Бұл орайда, аудандық газ шаруашылығының басшысы Бауыржан Кереевтің түсіндіруінше, есептегішті тексерген жеке компания аудандағы тиісті орынға бұл туралы мәлімет бермегендіктен есептегіштің ауыстырылғаны базаға енгізілмеген. Қазіргі таңда ол компания жабылып қалғандықтан, есептегішті қайтадан ауыстырып, ауданға әкеліп базаға енгізілуі қажет. Әйтпесе, тариф бойынша төлене береді.

Жиын соңында айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, іс-шаралар жоспарын жасақтау округ әкімі аппаратына міндеттелді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521