Ашуға беріліп, ағайыннан айырылмайық!

Аудан орталығы Миялы ауылдық округіндегі А.Құнанбаев және Қарабалин көшелерінің қиылысында орнатылған тақтайшаға мән бердіңіз бе?

Ол тақтайшада бейнеленген адамның «қол алысуы» нені білдіреді деген ой көптеген ауыл тұрғындарын мазалауда. Негізінен аталған «қол алысу» белгісі аудандық соттың ұсынысымен Миялы ауылдық округінің қолдауымен медиацияны халыққа насихаттау мақсатында ілінген болатын. Қол алысу бір келісімге келу арқылы қол жеткізгенді, кешірім беру арқылы келіссөзге келгенді білдіреді.

2011 жылдың 28 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев қол қойған «Медиация туралы» Заңы 5 тамыздан бастап қолданысқа енді. Алайда, қолданысқа енгеніне бірнеше жыл болғанымен, бұл қызметтің талап-міндеті мен мүмкіндігі халыққа толық жете қоймай жатыр. Медиация институты қазаққа жат емес. Жалпы медиацияны көп жағдайда алаш жұртында орын алған ежелгі билер сотымен салыстырып жатады. Оған себеп - медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған. Заңның жалпы сипаты мен тұжырымдамасы баяғы қазақтың ықылым заманнан қолданып келе жатқан билер сотының үлгісі іспеттес.

Судьядан айырмашылығы – медиатор тараптармен болатын келіссөздерге кез келген уақытта, кез келген жерде қатыса алады. Ал, судьяға араласпаушылық принципі бойынша мұндай келіссөздерге қатысуға заң бойынша рұқсат етілмейді. Соттарда істер айлап қаралатын болса, медиаторға 30 күн беріледі. Тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы соттың төрағасы Ж.К.Асановтың биылғы жылдың сәуір айында оқырмандарға жолдаған хатында «Сот – дау алаңы. Онда айтысуға, таласуға мәжбүр боласыз. Кейде тараптар ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтып жатады. Сол себептен кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін. Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, ойланған жөн. Сіз немесе сотқа жүгінемін деген танысыңыз эмоцияға берілген жоқ па? Ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, шешуге болар еді ғой деп көбісі кейіннен өкініп жатады. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады. Уақыт жоғалмайды. Ақша үнемделеді. Қатынас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақталады» деген болатын. Ендеше, «Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық» ағайын!

Айтжан ДОСМАҒАМБЕТОВА,

Аудандық сот төрағасы.

Редактор-Журналист

Күнтізбе

октября 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031