Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Руслан «Қызылқоға барысы» атанды

Өткен аптаның жұмасы күні Миялы спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық кезеңі өтті.

Қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын ағайын спорт кешенін лық толтырды. Жарысты ұйымдастырушылар спорт кешенінің ішіне киіз үй тігіп, жаңа кейіпте безендіріпті. Еліміздің Әнұранымен ашыған жарыста аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов пен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жарыстың ашылу салтанатында «Тұмар» және «Ойыл аруы» бишілер тобы мен Жұмагелді Әділ, Бисұлтан Мұхтаровтар өнер көрсетіп, шара шырайын аша түсті. Содан кейін, сайдың тасындай іріктелген сегіз жігіт жеребе бойынша қарсыластарын анықтап, тартысты белдесулерді бастап кетті. Сөйтіп, іріктеуден іркілмей өткен Табиғат Мағауияұлы мен Руслан Ізғалиев ақтық сында кездесіп, өзара кім мықтыны анықтады. Тартысты өткен белдесуде қарсыласын ұпай санымен жеңген Руслан Ізғалиев «Қызылқоға барысы» атанып, Атырау қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алса, Табиғат екінші орынды қанағат тұтты. Ал, үшінші орын үшін болған белдесуде Думан Мүтішов қарсыласын таза ұтып, жарыстың қола жүлдегері атанды. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері медаль, диплом, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Осы орайда, жарысқа демеушілік танытқан Наурыз Сәлімгереев, Мұрат Панағожин, Бимырза Ғалиев сынды азаматтар екенін айта кетейік.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521