Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Арыстағы апат: 19 тұрғын үй мен 9 қора-қопсы өртенді

АРЫС. ҚазАқпарат - Арыстағы апатты жоюмен 1 200-ден астам адам айналысып жатыр.

Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. --- «24 маусым күні сағат 9.20-да Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Арыс қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасы өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Халықты эвакуациялау, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қорғау үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Ұлттық гвардия әскери қызметшілері жұмылдырылды. Барлығы 1 200-ден астам адам», - деп атап өтеді министрліктен. Ведомство ақпаратына сәйкес, оқиға орнында облыстық жедел штаб құрылып, ол Ордабасы ауданына қарасты Сарыарқа елдімекеніне орналастырылды. Қауырт желі құрылып, 11 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. «Қазіргі уақытта снарядтардың ұшып, жарылуына байланысты әскери бөлім қоймаларындағы өртті сөндіру мүмкін болмай отыр. Арыс қаласының өзінде 23 өрт сөндірушілер тобы жұмыс істеп жатыр. Олар 19 тұрғын үй мен 9 қора-қопсы өртін және 9 табиғи өртті сөндірді. Эвакуациялық шаралар жалғасып жатыр. Төтенше жағдай аумағынан 2815 адам шығарылды. 39 мыңнан астам адам өз беттерімен шығып кетті», - делінген таратылған ақпаратта. Қазіргі уақытта құқықты тәртіпті қамтамасыз ету және тұрғындардың мүлкін қорғау шаралары жүргізіліп жатыр. Қаланы шолғындауға 75 полиция наряды жұмылдырылып, 3 блок-пост орнатылған. Қаладан шыққан көліктер тексерілуде. Қылмыстық іс қозғалды. Жедел тергеу тобы жұмыс жасауда. Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында кеше таңертең жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан екі адам мерт болды. Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

inform.kz

Сурет: Ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521