060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Гүлжан Талпақова: «Би – спорттың ең қиын түрі»

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын аудан халқы өткен аптада би өнерінің керемет кешіне куә болып, сусындап қайтты.

Бұл Қазақстан Республикасының Халық әртісі атыраулық Гүлжан Талпақованың мерейлі 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Би думан-2018» аудандық бишілер фестивалі болатын. Облыстың барлық ауданында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан би фестиваліне кеш иесінің өзі арнайы келді. «Арман» мәдениет үйінде өткен фестивальды аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев ашып, кеш иесіне аудан әкімі атынан Құттықтау хатын табыстап, ықылас гүлін сыйлады. Оған Сағыз, Мұқыр, Миялы, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл ауылдық округтерінен жеке және топтық бишілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Фестиваль соңында барлық қатысушыларға Гүлжан Талпақованың арнайы сертификаты табыс етіліп, артынша кеш иесі би жетекшелеріне арналған шеберлік сағатын өткізді. Сол сәтті пайдаланып, біз Қазақстанның Халық әртісін сөзге тартып, аз-кем сұхбаттастық.

– Гүлжан Ізімқызы, ауданымызға қош келдіңіз! «Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл», – дейді қазақ халқы. Алдымен өзіңізді газет оқырмандарына таныстыра кетсеңіз...

– Қарға тамырлы қазақ сұрастыра келгенде бір-бірімен туыс, ағайын болып шығады ғой. Сол сияқты мен де бұл өңірге бөтен емеспін. Себебі, әкем Ізім осы Қызылқоға топырағында туып-өскен азамат. Шеркештің қызымын. Яғни, бұл аудан менің атақонысым. Әкеміз осы жақтан 1911 жылы алғаш мұнай өндіріле бастағанда Мақат ауданына қоныс аударған. Кейіннен жұмыс барысымен Атырауға көшкен. Ал, өзім 1948 жылы 12 қыркүйекте Атырау қаласында дүниеге келгенмін. 6 жасымнан бастап Н.Гогаль атындағы мектептің би үйірмесіне қатыса бастадым. Ол кезде бишілерге қазіргідей керемет жағдай жасалмаған. Әкем Атырау мұнай-өңдеу зауытында жасады. Сол жақта қаңылтыр, қалайыларды балқытып, түрлі алқа жасап алып келетін. Сонымен сахнаға шығып жүрдік. Кейіннен мектеп бітірген соң Алматыдағы Эстрада-цирк өнері студиясында Шара Жиенқұлованың халық биі класына оқуға түстім. Мәскеудегі эстрада студиясында тәжірибеден өттім. Ұзақ жылдық оқу мен жинаған тәжірибемнің арқасында София қаласында өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атандым. 1967 жылы елімізге, одан қалды бүкіл Кеңес Одағына әйгілі «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсеттім. Мен негізінен халық биі сыныбын бітірген соң жеке орындауымда қазақтың «Айжан қыз», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», өзбектің «Хорезм» билері болды. Кейіннен басқа да ұлттардың биін үйреніп, Германия, Моңғолия, Үндістан, Жапония, Сингапур, АҚШ мемлекеттерінде өнер көрсеттім. Кейіннен жасымның ұлғаюына байланысты биді қойып, Алматы қаласында би үйірмелеріне жетекшілік етіп жүрдім. Сөйтіп жүргенде, 2009 жылы өзімнің Атырауыма қоныс аударып, қазіргі таңда «Құрманғазы» атындағы мәдениет үйінде директордың орынбасары болып қызмет етудемін. Қысқасы 6 жасымнан би үйірмесіне қатысып, содан бергі саналы ғұмырымды осы өнерге арнап келе жатқан жанмын.

– «Би – сұлулықтың символы» деп жатады. Алайда, бұл өнердің де өзіндік қиындықтары мен машақаты болады. Осы жолды таңдаған жас өскіндерге қандай ақыл айтасыз?

– Биді тек қана сұлулықтың символы деп қарауға болмайды. Би – спорт. Соның ішінде спорттың ең қиын түрі десек те болады. Себебі, спортшылар тек спорттың бір түрімен айналысуы мүмкін. Күрес, бокс, футбол деген сияқты. Ал, биде ондай болмайды. Сен кез келген биді билеуге тиіссің. Топтық би, жеке би, классикалық би, әртүрлі ұлттар биі дейсің бе бәріне епті болуың керек. Би сонысымен де ерекше өнер. Осынау өнерге жаңадан қадам басқан жас өскіндерге айтарым ең бірінші биге шын жүректен берілуің керек. Тек хобби есебінде емес кәсіби биші боламын деп бар ынтасымен кіріскен адам ғана биікке жете алады. Бұл өнерде бойдағы дарын мен таланттан бөлек асқан жанкештілік, еңбекқорлық қатар жүруі тиіс. Сонымен қатар, бишілер үшін аса маңыздысы – аяқ киім. Ол кең де, тар да болмай, аяққа жатыңқы, сырт көзге әдемі көрінгені абзал. Содан кейін билегенде киетін киім мен тамақтану да аса маңызды. Көп адам біле бермейтін тағы бір қиындық, ол – жарақат. Түрлі жаттығулар мен шалт қимыл жасағанда тобығын қайырып алу, буындарын ауыртып алу сияқты жарақаттардың өзі биші үшін қауіпті. Қорыта айтқанда, биші болуға ынтасы бар жас осының бәріне төзімді әрі биге жан дүниесімен берілген адам болуы керек.

– Сіз Кеңес Үкіметі тұсында өнер көрсеткен бишісіз. Ал, қазір заман мүлдем жаңарды. Осы орайда, қазіргі және сіздің замандағы биде айырмашылық бар ма?

– Дұрыс байқадыңыз. Қазір би мүлдем жаңа бағытқа ауысты. Біз кезінде атын естімеген хит-хоп, брейк-данс сияқты билер қазіргі жастардың серігі болып алды. Киім киіс, би қимылдары да жаңа заманға сай өзгеруде. Біреулер сынап жатады. Бірақ, мен мұны қолдаймын. Себебі, би жанры бір орында тұрмай дами беруі керек. Тек киімдердің қысқарып, жалаңаштанып бара жатқаны жаныма батады. Қазіргі замандағы тағы бір қызығатын нәрсем – киім таңдау еркіндігі. Біздің заманда билегенде кие-тін костюмдер аса тапшы болатын. Ал, қазір бәрі бар. Қызылды-жасылды би көйлектері сахнаның да, бишінің де сәні болып тұрады. Соған қарап қазіргі бишілерге қызығамын. – Қазір өнер саласында жүргендердің пайда табатын жері той болып кетті. Соның ішінде бишілер қауымы да бар. Осыған көзқарасыңыз...

– Бұл да заманның сұранысына сай орын алып жатқан жағдай шығар. Күнкөріс үшін бишілердің құдаларды қарсы алып, келінді кіргізіп, қызды шығарып салып жүргенін көріп жүрміз. Ал, біздің кезімізде мейрамханаларда билеу ұят саналатын. Біз тек сахнада билейтінбіз. Себебі, ұстаздарымыз өнерді тек ақшамен бағалауға болмайды деп үйреткен. Өз басым қыздардың тойға шығып, ақша табуына қарсы емеспін. Бірақ, оның да өзіндік қиындықтары болады. Түнімен тойда жүріп, ұйқысы қалады, тамақтану уақыты өзгереді. Ал, бишілерге де спортшылар сияқты аса күтім керек. Өйткені, олар ел алдына шығады. Сол уақытта биге тойдағыдай немқұрайлы қарап, жай әшейін билей салу әдебі қалыптасуы мүмкін.

– Кәсіби биші есебінде «Қара жорға» биі туралы айта кетсеңіз. Біреулер ол биді Қытайдағы қазақтардан келген, бізде бұрын болмаған деп айтып жатады...

– Ол пікірді мен де естідім. Бірақ, бұл қате. «Қара жорға» қазақтың әуелден келе жатқан ұлттық биі. Кеңес үкіметі тұсында оны Шара Жиенқұлова билеген, кейіннен мен де биледім. Осындай қате пікірлер Шара апамыз сияқты адамдардың еңбегін жоққа шығарады. Рас, Қытайдағы қандастарымыз да билеген шығар. Бірақ, бұл би бізде бұрыннан бар.

– Бүгінгі би фестивалі туралы пікіріңіз. Аудан бишілеріне қандай баға бересіз?

– Қызылқоға ауданы әуелден таланттар мен дарындардың тал бесігі ғой. Оған бүгінгі фестиваль дәлел. Сахнаға шыққан әр бишінің көзінде от бар. Өнерге деген құлшынысы ерекше. Рас, кемшіліктер де болды. Оны жаңа шеберлік сағатын өткізгенде би жетекшілеріне айттым. Жалпы алғанда болашағынан үміт күттіретін жастар баршылық екен. Соларды көріп қуанып отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?