060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Гүлмира Сарина: «Есер әндерге еліктеген көрерменді аяймын»

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрімізді қайта жаңғырту мәселесі баса айтылған болатын.

Соған сай, жақында ауданымызға дәстүрлі әнші,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина мен жас ақын Жұлдызай Ысқақ «Сағыныш» атты концерттік бағдарламамен келіп кетті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен барлық ауданда өтіп жатқан бұл кеш «Арман» мәдениет үйінде өтті. Концерт барысында әнші мен ақын әсем ән мен жалынды жырлардан төгілтіп, аудан халқының ыстық ықыласына бөленді. Әсерлі кеште аудан әкімі Арман Баженов сахна төріне көтеріліп, келген қонақтарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлық табыс етті. Екі сағатқа жуық болған концерт соңында келген қонақтармен дәстүрлі ән, поэзия бағытында аз-кем сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Гүлмира ханым, ауданымызға қош келдіңіз! Қазақ «Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді. Алдымен өзіңізді газет оқырмандарына таныстырып өтсеңіз.

– Рақмет, қош көрдік. Мен шырайлы Шығыс өңірінің қызымын. Яғни Семейдің Абай ауданы Архат ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Өзіміз жанұяда он бала өстік. Мен қыздың кенжесімін, ұлдың кенжесі – қазірде ақындығымен көзге көрініп, халық­тың батасын алып жүрген бауырым Қалқаман Сарин. Астанаға арман қуып, бірімізді-біріміз жетелеп келдік. Бала кезімізден домбыра ұстап, ән айтып, жыр жаттап өскен қазақтың қарапайым қызымын. Мектеп қабырғасында ән айтып жүрдім. Үшінші сыныптан бас­тап мектепаралық, ауыларалық, ауданаралық көркемөнерпаздар байқауларына қатыс-тым. Кейін есейе келе Ербол деген ағам менің өнерге деген ынтамды байқап: «Сенің оқуың керек, жүр» деп, мені сол кездегі Целиноград қаласына алып келді. Қателеспесем, 1989 жыл. Өзі сол жылы отбасын құрған болатын. Жеңгеміз екеуі мені дайындап, жұмысқа орналастырды. Ол кезде Целиноград қаласының Астана болатынын білген жоқпыз. Қазір Аллаға шүкір еңселі елордамен бірге бой түзеп, шығармашылықты шыңдап, балаларға дәріс беріп жатқан жайымыз бар

– Бүгінгі ән сапарыңыз жайлы айтып өтсеңіз. «Сағыныш» атты шығармашылық кешіңіздің мәні неде?

 – Бұл ауданға жасаған сапарымның басты мақсаты – Елбасының «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық өнерді ұлықтау, дәстүрді әнді дә-ріптеу. Былтырғы жылы Атырау қаласында белгілі күйші, Атыраудың төл перзенті Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кешінде өнер көрсеткенімізде облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы аудандарды аралап, жырға шөлдеген халықты сусындатып қайтсаңыз деген ұсынысын айтқан еді. Мен бұл ұсынысқа қуана келістім. Сөйтіп, осы маусым айынан бастап қасыма інім, белгілі ақын Қалқаман Сарин мен жас ақын Жұлдызай Ысқақты ертіп аудандарды аралауға кірістім. Бұған дейін Махамбет, Исатай аудандарында болдық. Бұл үшінші аудан. Бүгінгі сапарға белгілі себептермен Қалқаман келе алмады. Кештің атын «Сағыныш» деп қойдық. Бұл Төлеген Айбергенов ағамыздың өлеңі болатын. Жаныма жақын болғандықтан әрі өткенді сағынғандықтан осылай деп атадық.

– Қазіргі таңда қанша жерден дәстүрлі әнді дәріптейміз десек те бәрібір эстрада әншілері бой берер емес. Тіпті екі ән жазып, оны фонограммамен айтып, танымыл болып жатқандары жетерлік. Жақында парламент депутаттары фонограммаға тыйым салу жайында мәселе көтерді. Бұған көзқарасыңыз қандай?

 – Ұлттық өнерге жаны ашып, мәселе көтеріп жатқан ағаларға рақмет. Алайда, мен өз басым  фонограммаға тыйым салуды онша кұп көрмеймін. Мен негізінен дәстүрлі әнші болғаныммен арасында эстрадамен де ән айтамын. Сол кезде эстрада әншілерінің жағдайын түсінгендей боламын. Фонограмманың бір пайдасы – ел алдына шығып, бес-алты әнді бір айтқанда жақсы. Өйткені, жанды дауыс-та айта берсе әнші ентігіп қалып, кешті соңына дейін аяқтай алмай қалуы мүмкін. Меніңше фонограммаға тыйым салғаннан гөрі эстрададағы есер әндер айтатын ессіз әншілерге тыйым салу керек. Ел алдына шығатын әншілер сүзгіден өтіп, әндері, мәтіндері, киімдері барлығы сұрыпталып шығар болса қазақ эстрадасы біраз тазарып қалар еді. Міне, осыларды реттейтін бізге көркемдік кеңес сияқты бір құрылым керек. Көркемдік кеңес құрылып, оған қазақ өнерінің жілігін шағып, майын ішкен әншілер, композиторлар, ақындар кірсе нұр үстіне нұр болады.

 – Расымен де, қазіргі қазақ эстра-дасындағы жүгенсіздік елдің есін алып болды. Әуені даңғаза, мәтіні түсініксіз әншілер қаптады. Осыларды көргенде қандай күйде боласыз?

–Дұрыс айтасыз. Біздің эстрада сай-қымазаққа толып болды. Ессіз әндер есті алған заман болды. Бір жылда екі-үш кеш беретін әншілерді көргенде көрерменді аяймын. Мысалы, мен шығармашылық кеш беріп, ел-жерді аралау үшін жиырма жылдай күттім. Ұстаздарымның батасын алып барып, кеш беруге шықтым. Ал, қазіргі кей әншілерде бата берер ұстаз да жоқ. Жетекшісі де, ұстазы да – интернет. Шет елдің әнін көшіріп, мәтінін мағынасыз қылып жазып, сахнаға шыға келеді. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп сондай әншілерге айтылса керек. Міне, осындай санасыз әнші мен сапасыз әннен құтылсақ, саф алтындай таза өнеріміз халықпен қайта қауышары хақ.

 – Салихалы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан,

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

Редактор-Журналист

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?