060500 Қызылқоға ауд Миялы а Қ Сәтбаев 1 +7 (71238) 21738 mialy44@mail.ru

Ақындар тәуелсіздікті жырға қосты

Қазақ халқы әр мерекесі мен жиын-тойын айтыссыз өткізбейтіні белгілі.

Соған сай, Жангелдин ауылында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні және Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана – Тәуелсіздік жемісі» атты облыстық ақындар айтысы болып өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат бөлімі, «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткен айтысқа Исатай, Құрманғазы аудандарынан және ауданымыздан барлығы алты ақын қатысты. Айтысты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев ашып, жиналған халықты егемендіктің еңселі тойымен құттықтап, қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыс «ә» дегеннен тартысты басталды. Алғаш болып сахнаға шыққан Исатай ауданынан келген Амангелді Панабердиев пен қарабаулық Бимырза Әбілқайыр бірі асаба, бірі студент болып халыққа нағыз сөз майданын көрсетті. Дегенмен, алғашқы жұп болғандықтан ба аздаған қобалжу мен сөздерінде шашыраңқылық байқалды. Ал, екінші болып сахнаға көтерілген құрманғазылық Нұрбейбіт Нұғманов пен миялылық Әсел Таушанова аға мен қарындастың жарасымды айтысын жасай білді. Айтыса отырып, әлеуметтік мәселелерді де көтере білген бұл жұп, айтысқа жақсы дайындықпен келгендерін дәлелдеді. Ең қызықты да, тартысты айтыс исатайлық Нұрболат Нұғманов пен жергілікті ақын Әнуарбек Садықов арасында өрбіді. Нұрболат аудандағы бруцеллез ауруының өршіп тұрғанын жалынды жырымен жеткізсе, Әнуарбек бүгінгі білім саласындағы олқылықтарды тізбеледі. Осы орайда қос ақынның айтысы ең жоғары дәрежедегі айтыс болғанын айта кеткен жөн.

Алғашқы іріктеу кезеңі аяқталған соң қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға төрт ақын жолдама алды. Әнуарбек пен Әсел, Нұрболат пен Нұрбейбіт болып жұпталған ақындар финалда нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті. Сөйтіп, айтыс өз мәресіне жетіп, қазылар алқасының төрағасы, белгілі ақын Жайғали Өтеуғали айтыстың өту барысын талдап, әр ақынның өнеріне жеке-жеке бағасын беріп шықты. Нәтижесінде, бас жүлдені Нұрболат Нұғманов жеңіп алып, 100 мың теңгемен марапатталса, бірінші орынға ие болған Әсел Таушанова 70 мың теңгелік байрақпен мадақталды. Жүлделі екінші орын ақтық сында Әселге ағалық ілтипатпен жол берген Әнуарбек Садықовқа бұйырып, оған 50 мың теңгенің сертификаты табыс етілсе, Нұрбейбіт Нұғманов үшінші орынға қол жеткізіп, 30 мың теңгені иеленді. Қалған ақындар ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Дулат МӘТЖАН.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?