«Қызылқоға» газетінің қысқаша тарихы

 

Бүгінгі аудандық «Қызылқоға» газетінің тарихы өткен дәуірде жатыр. Газеттің тұңғыш саны 1953 жылдың 31 қаңтарында оқырмандардың қолына тиді. «Сталин туы» деген атпен аптасына бір рет, екі бет болып шыққан газет арада өткен жылдары «Социалды еңбек», «Коммунизм туы» аталды. 1989 жылдан бері «Қызылқоға» деген атауға ие.

Алғашқы редактор Әлімбай Жанғазиевтен соң Теңдік Жауыров, Төлеубай Ысқақов, Ізни Нұрқасымов, Жолдығали Бақытов, Нұрлан Қабылов, Лес Жолдиевтер редакторлық қызметті жалғастырды. Олардың барлығы да аудан басылымын жоғары деңгейге көтерді деуге толық негіз бар. Айталық, жас кадрларды тәрбиелеп, шыңдады. Бүгінгі «Қызылқоға» газеті талай дарынды қаламгерлерді қанаттандырып, қияға ұшырды. Мереке Құлкенов, Мақсот Ізімов, Шолпан Ұғыбаева, Төлеген Жаңабаев, Әнуарбек Қосанов, Серік Жанғалиев, Қайрош Қабдешов, Әбілхан Төлеуішов, Мақат Хайруллин, Серік Қаражановтар «Қызылқоға» газетінен түлеп ұшқан түлектер.

Нарықтың өтпелі кезеңінде газеттің жұмысы тоқтап қалды.  Осы аралықта (1999ж-2002ж) жергілікті басылым «Таң» газеті Атырау облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінде, «Құрылысшы-А» ЖШС-нің демеушілігімен «Қызылқоға белестері» деген атпен жекеменшік үнпарақ болып «Ақ Жайық» ЖШС-нің баспаханасында басылып шықты. 2002 жылдан бастап аудан айнасы «Қызылқоға» газеті болып қайта шыға бастады. Төрт беттік болып шыққан газет 900 данамен «Ақ Жайық» ЖШС-нің баспаханасында басылды. Сол жылы 23 тамыздан бастап таралымы 1000 дана болып, Ақтөбе қаласындағы «Отандастар Полиграфия»  ЖШС-нің баспаханасынан шықты. 2003 жылы Ақтөбедегі «А-Полиграфия» ЖШС баспаханасынан 1700 данамен басылып шыққан аудандық газет ақпан айынан бастап сегіз беттік болып шықса, осы жылдың мамыр айынан «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан басыла бастады. Газет қайта ашылғанда материалдық-техникалық базасы мүлдем нашар еді. Аты дардай мекемеде бір ғана компьютер болған еді. Қосымша оргтехникалар мүлдем болмады. Аядай бір бөлмеде мақалалар жазылып, теріліп, бетке құрылады да «ZIP»-ке құйылып, бір қызметкер Ақтөбе немесе Атырау қалаларындағы баспаханаға апарды. Баспаханадан шыққан газетті қайтадан ауылға әкеліп, қызметкерлер бөліп алады да оқырмандарға аяқтай таратты.

Маусым айынан аудандық «Қызылқоға» газетін  «Атырау-Ақпарат» коммуналды мемлекеттік  кәсіпорны өз қамқорлығына алғаннан бері аудан айнасының екінші тынысы ашылды. Құрылымын жаңартып, жетілдіре бастаған «Атырау-Ақпарат» КМК қажетті технологиямен жабдықтауы, журналистерге жағдай туғызуы уақыт өткен сайын жақсара түсті. Редакция ұжымына екі, кейін үш бөлме тиіп, бертін келе есігі бөлек бес бөлмелі кеңсеге ие болды. Жасақталған нөмірді жаяу емес, ғаламтор арқылы электронды поштамен жіберуге қол жеткізді. «Атырау-Ақпарат» КМК басшылығының жүргізген жемісті жұмысының нәтижесінде газетті таратуды «Қазпошта» АҚ өз мойнына алды. Мекемеге су жаңа автокөлік берілді.

Қазіргі таңда «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты аудандық газеттің материалдық-техникалық базасы жақсарып, басылым 16 бетпен ауданның барлық ауылдық округтеріне, өзге облыстар мен қалаларға таралады.

 

Газетті әр жылдары басқарған редакторлар:

 

Әлімбай Жанғазиев (1953ж-1954ж тұңғыш редактор)

Қабдол Кенжалиев (1954-1957жж)

Жұмаш Нақпаев (1957-1958жж)

Әлімбай Жанғазиев (1958-1959жж)

Теңдік Жауыров (1959-1960жж)

Төлеубай Ысқақов (1963-1967жж)

Ізни Нұрқасымов (1967-1978жж)

Жолдығали Бақытов (1978-1988жж)

Нұрлан Қабылов (1988-1996жж)

Мағрупа Қазихан (1996-1999жж)

Лес Жолдиев (2000-2011жж)

Нұрлыбек Ғизатов (2011 мамыр -2011 тамыз)

Айдана Жекен (2011-2016 жж)

 

Бауыржан Сисенов (2016 жылдың 14 наурызынан бастап бас редактор)

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru