Н. Ә. Назарбаев,
    ҚР Президенті

    Н. А. Ноғаев
    Атырау облысының әкімі

    А. С. Баженов
    Қызылқоға ауданының әкімі

    %AM, %10 %517 %2019 %11:%Янв

    Қысқы спортты қайтсек дамытамыз?

    Жыл өткен сайын ауданымызда спорт саласы қарқынды дамып, спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

    Бұрын тек күрестен ғана бағы жанатын аудан спортшылары соңғы жылдары футбол, волейбол сынды командалық спортты да игеріп, аудан абыройын асқақтатуда. Тек бір әттеген-айы қысқы спорт түрлеріне келгенде жер шұқып қаламыз. Себебі, ауданымызда қысқы спорт кенже қалуда. Рас, әр ауылдарда бір-екі коньки тебетін мұз айдындары болар, бірақ, кәсіби түрде айналысатын қысқы спорт түрі жоқ. Бұған не себеп, қысқы спортты қалай дамытамыз, ол үшін не істеу керек? Міне, осы сұрақтар төңірегінде спорт саласына жауапты басшылар, спорт ардагерлері мен аудан халқының пікірін білген едік.

    Барлығы уақытымен шешіледі

    Қысқы спорттың ауданымызда кенже қалып жатқаны рас. Бұл сала аудан түгілі облыста да енді-енді қолға алынып, дамып жатыр. Соған сай алдағы уақытта ауданда да жүйелі жұмыстар жүрмек. Яғни, қысқы спорты дамыту бағытында біздің де өз жоспарларымыз бар. Оның бәріне уақыт пен қаржы керек. Мәселен, өткен 2018 жылы бөлінген қаржыға Сағыздағы спорт кешені мен Жангелдиндегі спорт мектебін күрделі жөндеуден өткіздік. Былтыр аудан спортына 24 миллион теңге қаржы бөлініп, оған жаңағы айтқан күрделі жөндеулер жасалып, спорттық құрылғылар алынды. Осылайша, жазғы спорт түрлеріне қажетті жағдайды жасап алдық. Енді алдағы уақытта тағы да қаржы сұратып, қысқы спорт түрлерін дамытуға жұмсамақпыз.

    Бірақ, бұл қысқы спорт түрлері бойынша мүлдем жабдықтар жоқ деген сөз емес. Біздің базамызда екі командаға арналған хоккей спортының барлық құрылғысы бар. Сол арқылы жылда Миялыдағы мұз айдынында хоккейден мектепаралық шағын жарыстар өтіп тұрады. Балалар мұз айдынында коньки теуіп, өзара жарысып қызыққа бөленіп жатады. Дәл қазір қысқы спорт кәсіби тұрғыда дамымағанымен бұқаралық сипат алып келе жатыр. Енді таза спорттық бағытта дамыту үшін алдағы уақытта шаңғы, коньки үйірмелерін ашып, балаларды тартуымыз керек. Бірақ, оның бәрі уақыттың еншісінде.

    Болатбек МЕҢДІҒАЛИЕВ,

    Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

    Ауыл баласының алмайтын қамалы жоқ

    Қысқы спортты ауылдық жерлерде дамыту өте дұрыс бастама. Осы істі тез арада қолға алсақ, ауыл балалары талай додаларда топ жарады. Себебі, ауылдың сықырлаған аязында шынығып өскен баладан көп нәрсе күтуге болады. Кішкентайынан қысты күні мал қарап, шанамен су тасып, кешкісін ыстық сорпа ішіп өскен балалардың иммунитеті мықты болады. Міне, осындай табиғи тұрғыда дайын тұрған баланы қысқы спортқа сәл бейімдеп жіберсе алынбайтын қамал болмайды. Мойындау керек, қазіргі қысқы спорт түрлерінен ел намысын қорғап жүргендердің көбі өзге ұлт өкілдері. Соның ішінде шет елдерден миллиондаған қаржыға сатып алған легионерлер көп. Ал, қазақтар өте аз.

    Біз ақшаны шет елге шашқанша неге ауылдық жерлерге қысқы спорттық базаларды салып, ауыл баласына мүмкіндік беріп көрмейміз? Өздеріңізге белгілі жазғы олимпиадада чемпион болып жатқандардың көбі ауылда туып-өскен қара домалақ балалар. Өйткені, ауыл балаларында намыс, жігер болады. Олар қандай додаға салсаңда психологиялық жағынан дайын. Тек физикалық тұрғыда дамытып, дұрыс жолға салған абзал.

    Мәлік СҮЛЕЙМЕНОВ,

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

    Арнайы база керек

    Қай-қай саланы дамыту үшін ең бастысы мықты база керек. Сосын барып нәтиже сұрауға болады. Қысқы спортты қолға алу үшін жүйелі жұмыстар жасалуы тиіс. Ең әуелі әр ауылдық округтен шағын болса да мұз айдындарын салған жөн. Сосын аудан орталығынан қысы-жазы жұмыс жасайтын мұз сарайы болған дұрыс. Сонда қыс бойы өз ауылдарында коньки теуіп шыныққан балалар қар ерігесін аудан орталығында жаттығуын жалғастыра алады. Сосын ауылішілік шағын жарыстарды жиі өткізіп тұрған абзал. Жарыс көрген бала түптің түбінде бір жерді жарып шығады.

    Мұз сарайын салу қиындық туғызатындай жағдай болса, аудандағы әр мектепке он шақты шаңғы мен конькиден алып берген дұрыс. Сосын дене тәрбиесі пәні мұғалімдерін курстан өткізіп, қысқы спортты дамытуға мүмкіндік туғызу керек. Кезінде балаларды талай жарысқа апардық. Сонда байқағаным балалар өздері айналысып көрмеген спорт түрлеріне қызыққыш болып келеді. Баланың сол мінезін пайдаланып, қысқы спорт түрін дамытқанымыз дұрыс. Өйткені, бұрын шаңғы теуіп көрмеген бала аса қызығушылықпен тез меңгеріп алады.

    Рахмет ҒАЛИАХМЕТОВ,

    спорт саласының ардагері.

    Шаңғы мен коньки спортын қолға алдық

    Жалпы өзім кішкентайымнан қысқы спортқа қызығып өстім. Бала кезімізде қолымызға талдан сындырып алған ағашты алып, шайбаның орнына қатып қалған тезекті пайдаланып, өзімізше хоккей ойнайтынбыз. Оны өзімізше «Шәкөш таяқ» деп атаймыз. Кейіннен Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, сол жерде шаңғы мен коньки спортын меңгердім. Университетаралық жарыстарға қатысып жүрдік. Қысқасы, Оралдағы оқуым мені қысқы спортқа одан сайын қызықтыра түсті. Сөйтіп, оқуды бітіріп, ауылға келіп, мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым.

    Мектепте қыс түскенде оқушылармен бірге қолдан мұз айдынын жасап, сол жерде коньки спортын қолға алдық. Балалар жайлап-жайлап конькиге үйрене бастады. Құлап-сүрінбей өздері тебетін дәрежеге жеткенде сынап көру үшін Атырау қаласына жарысқа апардым. Қателеспесем 2008 жыл болуы керек. Атырауда «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен хоккей ойнынан оқушылар арасында жарыс өтті. Ол сайыстан шәкірттерім командалық есепте екінші орынға ие болды. Кейіннен сол жарысқа тағы барып, жүлделі үшінші орынмен оралдық. Нәтиже шыққаннан кейін мектеп директорына сұраныс беріп, 20 шаңғы, 10 коньки алдық. Бүгінде қыс уақытында оқушыларға шаңғы, коньки тебуді үйретемін.

    Жарасхан ІЗІМҒҰЛОВ,

    Жаңашаруа орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.

    Мұз қалашықтар салынса...

    Қыстың сәні мұз бен қар екені мәлім. Менің ойымша балаларды қысқы спортқа тарту үшін әдемі етіп мұз қалашықтар салу керек. Қазір қыстың уақытында балалар сыртқа шығып ойнамайды. Барлығы үйде смартфон мен компьютердің алдында отырады. Егер ауданымызда бала қызығатындай сырғанақтар мен мұздан жасалған түрлі мүсіндер қойса бала біткен сол маңнан табылады. Осылайша, қысқы спортқа балаларды қызықтырып барып тартқан жөн. Ол үшін спорттық базадан бұрын қыста балалар ойнай алатын алаңдар жасалса деген тілегім бар. Мысалы, жаз айында балаларға ойнайтын жерлер көп. Ал, қыс келгенде қайда ойнатарымызды білмейміз. Жолға шанамен жіберсек, ағылған көліктерден қорқамыз. Коньки сатып алып беріп, ойынға жіберейін десек мұз айдыны ауылда біреу. Оның өзі орталықтан қашықта орналасқан.

    Сондықтан, бізге алып мұз айдыны емес, шағын-шағын мұз алаңдары салынғаны жөн деп есептеймін. Жыл сайын сол мұздан коньки теуіп, шыныққан бала қысқы спорт түрлерінің үйірмелері ашылған уақытта дайын спортшы болып шығатыны сөзсіз.

    Айсұлу ЕРМЕКОВА,

    Миялы ауылының тұрғыны.

    Кәсібилікке әлі ерте

    Ауданымызда қысқы спорттың дамығанын, балалардың жақсы жетістікке жеткенін бәріміз де қолдаймыз. Бірақ, бұл өте қиын шаруа. Біріншіден біз табиғи жағынан дайын емеспіз. Себебі, біздің аудан таулы аймақ емес. Ал, шаңғы спортын дамыту үшін міндетті түрде таулы, қыратты жерлер керек. Байқасаңыздар елімізде қысқы спорттан жүргендердің көбі Шығыс Қазақстан, Алматы сияқты таулы аймақтан шыққан спортшылар. Неге? Себебі, ол жерлер қысқы спортқа өте ыңғайлы. Ол жақтың қысы да ұзақ. Ал, бізде қалың қары бар таза қыс әрі кетсе үш айдан аспайды. Мысалы, шаңғы спортынан үйірме ашып, балалар енді-енді ысыла бастағанда қар еріп кетеді. Сосын келесі қыс түскенше күту керек. Ол уақытта әлгі балалар үйренгендерін ұмытып қалады.

    Рас, біздің ауданнан хоккей мен коньки спортын дамытуға болады. Ол үшін ауылдардан мұз айдындарын толтырып салу керек. Жалпы мұз айдынын салуға көп қаражат та кетпейді. Көлемі 10х20 метр болатын жан-жағы қоршалған нысанды тауып, ішіне су құйып қатырса мұз айдын болып шыға келеді. Тек округ әкімдерінде осы саланы дамытсам деген ынта болуы керек.

    Жақсылық ОРЫНБАСАРОВ,

    Сағыз ауылының тұрғыны.

    Балық аулау да спорт

    Жұрттың көбі қысқы спорт жайлы сөз болғанда шаңғы мен конькиді ғана айтады. Ал, негізінде мұзды ойып, балық аулау да қысқы спорттың бір түрі. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Онда қатысушылар командаларға бөлініп, арнайы белгіленген жерлерді ойып балық аулайды. Қалың мұзды қанша уақытта ойып, қандай салмақтағы балық аулағаныңа дейін есептеліп, сол арқылы жеңімпаздар анықталады.

    Міне, осы спортты бізде де қолға алған абзал. Бұл біріншіден спорт, екіншіден балықтарға пайда. Себебі, өздеріңіз күнде әлеуметтік желілерден көріп жүргендей қалың мұз салдарынан көп жерлерде балықтарға ауа жетпей қырылып жатады. Егер, біз Ойыл өзені бойынан балық аулаудан жарыс өткізсек балықтарға ауа барып, қырылудың алдын аламыз, табиғи тепе-теңдік сақталады. Осы жарысты Ойыл өзені бойлай ағып жатқан барлық ауылдарда өткізіп, жарыс нәтижесінде ауланған балықтарды тұрмысы төмен отбасыларға таратса тіптен керемет болады. Осы ұсынысты қолға алатын азаматтар табылып жатса әуесқой балықшылардың да саны артады.

    Талғат АЙТҚОЖИН,

    әуесқой балықшы.

    Мұз айдыны пайданың көзі

    Студент болғасын қалада түрлі ойын-сауық орындарына барып тұрамыз. Соның ішінде группаластар болып мұз айдынына жиі барамыз. Кейде коньки теуіп жүріп, «Осындай мұз айдындар біздің ауылда да болса ғой» деп армандайсың. Себебі, қысқы каникулда ауылға достарыңды қонаққа алып келсең апаратын жер таба алмай қаласың. Менің ойымша мұз айдыны әкімдік тарапынан салынбаса да жеке кәсіпкерлер қолға алуға болады ғой. Бұл тап-таза пайданың көзі. Өйткені, қалада мұз айдынға кірудің өзі 2000-3000 теңге, ал, конькиді жалға алсаң тағы ақша төлейсің. Осы бір кәсіпті ауылда қолға алса біраз ақша түсіруге болады.

    Қысы-жазы жұмыс жасайтын мұз сарайы қымбатқа түсуі мүмкін. Ауыл жастарына маусымдық мұз айдыны да жарайды. Шағын жерді қоршап, су шашып қатырып, жиырма шақты коньки әкеліп қойса оған келушілер көбейе түседі. Жарықшамдар жағып, түнгі уақытта ашып қойса каникулға келген біз сияқты студенттер толып барады. Қаладағыдай әсем әуен ойнатып, ыстық шай мен самса сатылса нағыз жастардың сүйікті орнына айналады. Одан бөлек, сол мұз айдынының қасынан шаңғы, коньки, шана сататын дүңгіршек ашса кәсіпкердің пайдасы еселене түсері сөзсіз. Аудан кәсіпкерлері дүкен аша бермей осындай тың жобаларды қолға алғаны абзал.

    Ақниет САРБАСБАЙ,

    студент.

    ТҮЙІН

    Қысқы спорт мәселесі тек біздің ауданда ғана өзекті емес. Ел бойынша осы саланы дамыту туралы түрлі ұсыныстар мен бастамалар айтылуда. Соның ішінде спорттық базаны жаңарту, әлемдік жарыстарға шығу, өз ұлтымыздың балаларын қысқы спортқа тарту мәселесі ең өзекті. Бүгінгі мақалада да небір орамды ойлар мен салмақты пікірлер айтылды. Енді осы айтқандарды аудан басшылығы мен кәсіпкерлер басты назарға алып, жүйелі жұмыстар жасалса, қысқы спорттан да олжа аларымыз хақ.

    Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

    Прочитано 26 раз
    © 2019 Qyzylqoga.kz. Барлық құқық қорғалған.

    Please publish modules in offcanvas position.