Паразиядадан қола медаль

Жақында Индонезия елінің астанасы Джакарта қаласында Паразияда ойындарының жалауы желбірегені мәлім.

Төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге жерлесіміз Бауыржан Тахауов баптайтын отырып ойнау волейболшылары да қатысып, дүбірлі додадан олжалы оралды. Аталмыш жарыста Қазақстан құрама командасы алғашқы ойындарда Индонезия, Ирак, Мьянма волейболшыларын ұтып, өз тобынан бірінші болып шығады. Алайда, жартылай финалда Қытай құрамасынан 1:3 есебімен ұтылып, кейін үшінші орын үшін болған тартыста Ирак елінің әуедопшыларын жеңіп, жарыстың қола жүлдегері атанды. Осы орайда, айта кетейік бұл жерлестердің Азия ойындарындағы 16 жылдан кейінгі алғашқы табысы. Жерлестердің жеңісінен соң бас бапкер Бауыржан Тахауовқа хабарласқан едік.

– Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Біздің жігіттердің де дайындығы жаман болған жоқ. Жарыс алдында Елордадағы Паролимпиадалық жаттықтыру орталығында оқу жаттығу жиынын өткізіп, Азия ойындарына жақсы көңіл-күймен аттандық. Бізге топтан шығу онша қиын болған жоқ. Тек жартылай финалда Қытай құрамасына жол бердік. Дәл сол ойын алдында құрамадағы белді ойыншыларымыз сырқаттанып, аздаған қиындықтар болды. Ал, осыдан бірер жыл бұрын Азия чемпионатында қытайлықтарды ұтқан едік. Қола медаль үшін болған тартыста ирактықтарды 3:0 есебімен ұттық. Әрине, қола жүлде де қомақты табыс. Осы жеңістен кейін біз отырып ойнау волейболы бойынша әлемдік рейтингіде үздік ондыққа кірдік. Алайда, біз бұл жетістікпен шектеліп қалмаймыз. Басты мақсат – 2020 жылы Токиода өтетін параолимпиада ойындарына қатысу. Сол мақсатта алда өтетін лицензиялық турнирлерде топ жаруымыз керек, – дейді бас бапкер.

Айта кетейік, ел құрамасы сапында Азия ойындарында қола медаль алғандардың қатарында қызылқоғалықтар да бар. Атап айтқанда, бас бапкер Бауыржан Тахауов пен ойыншы Бауыржан Сартаев Тасшағыл ауылының тумалары болса, көмекші- жаттықтырушы Ернар Матеуов Сағыздан, тағы бір ойыншы Нұртау Мұхаметқалиев Мұқыр ауылында туып-өскен. Ендеше, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған жерлестердің жеңісі құтты болсын демекпіз.

Дулат МӘТЖАН

Прочитано 175 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru