Видео

    %AM, %21 %041 %2018 %00:%Июнь

    Төрткүл әлем көз түккен дода сенсацияларға толы болып жатыр

    Ала допқа арбалған ағайын енді бір ай бойына көгілдір экранға телміріп, сүйікті командаларына жанкүйерлік етіп, тақым қыспақ.

    Себебі, төрт жылда бір болатын футболдан әлем чемпионаты 14 маусым күні Ресей елінде шымылдығын түрді. Дүбірлі додаға әлемнің азулы деген 32 құрамасы қатысып, жарыс көрігін қыздыруда. Әлем бойынша ең көп жанкүйер жинап, букмекерлік кеңселердің жұмысын қыздыратын байрақты жарыс биыл өзге чемпионаттардан өзгерек болып отыр. Басты жаңалық – енді ойын барысындағы даулы сәттер бейнеқайталау арқылы қаралып, төреші сол арқылы шешімін өзгерте алады. Яғни, биылдан бастап VAR жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ, байрақты доданың бойтұмары болып «Забивака» атты қасқыр бекітілгенін айта кетейік. Әлем чемпионаты Ресейдің Мәскеу, Калининград, Санкт-Петербург, Волгоград, Қазан, Нижний Новгород, Самара, Саранск, Ростов, Сочи және Екатеринбург қалаларында өтуде.

    Сенсациялар «сериясы» Кез келген чемпионатта міндетті түрде бір сенсация орын алатыны белгілі. Бұл доданың басты сенсациясы – 2006 жылғы әлем чемпиондары Италия құрамасының жолдама ала алмауы. Италиясыз басталған бұл жарыста құрамалар төрт төрттен сегіз топқа бөлініп, алғашқы күнінен-ақ тартысты ойынды бастап кетті. А тобында алаң иелері Сауд Арабиясын 5:0 есебімен талқандаса, Уругвай құрамасы мысырлықтардан бір доп айырмасымен ұтты. В тобында ирандықтар Марокко құрамасын жеңсе, Еуропаның қос үздігі Испания мен Португалия тоқсан минут бойы бір-бірін ала алмай, 3:3 есебімен тең тарқасты. Бірақ, алғашқы турдағы ең тартысты да, қызықтысы осы ойын болды. С тобында Франция Австралияны 2:1 есебімен жеңсе, даниялықтар Перу құрамасынан бір доп айырмасымен басым түсті. Сенсациялар «сериясы» жарыстың үшінші күні D тобында басталды. Месси бастаған әлемнің маңдайалды жұлдыздары жиналған Аргентина құрамасы Исландияны ұта алмай әбігерге түсті. Тіпті, бес мәрте «Алтын доп» иегері атанған Мессидің өзі пенальтиден гол сала алмады. Әйгілі Аргентинамен 1:1 есебімен тең ойнап, адымын аштырмаған исландиялықтарға күллі әлем тік тұрып қол соқты. Бұл топта Нигерияны 2:0 есебімен жеңген Хорватия бабында екендігін көрсетті. Аргентинаның күйін жарыстың басты фовариті саналатын Бразилия құрамасы да кешті. Олар Е тобында Швецария құрамасымен тең ойнап, алғашқы ойыннан-ақ ұпай жоғалтты. Сондай-ақ, бұл топта бір жылдары Қазақстан құрамасынан ұтылған Сербия Коста-Риканы 1:0 есебімен ұтып, көш бастады. Нағыз сенсация жарыстың төртінші күні Ғ тобында орын алды. 2014 жылғы әлем чемпиондары Германия құрамасы күтпеген жерден Мексикадан ұтылып қалды. Бұл жеңілісті әлеуметтік желі белсенділері «Немістер орыс жерінде ешқашан жеңіске жетпеген» деп Ұлы Отан соғысын мысалға алып, мысқылдап жатты. Бірақ, алда әлі ойындар бар, сондықтан «балапанды күзде санайтынын» ұмытпаған жөн. Бұл топта Оңтүстік Корея Швецияны ұтса, G тобында Бельгия Панамадан, ағылшындар Тунистен басым түсіп, үш ұпайды қоржынға салды. Алғашқы турдың соңғы ойындарын Н тобы қорытындылап, Жапония Колумбияны 2:1, Сенегал Польшаны 2 :1 есебімен жеңді.

    Жанкүйерлерге жасалған сый

    Ресейде өтіп жатқан футбол «тойының» дүбірі мен дүрмегі біздің елді де бей-жай қалдырар емес. Жағдайы жеткендері Ресейге арнайы барып, жарысты тамашаласа, бара алмағандары көгілдір экраннан-ақ көп нәрсені көзбен көріп, көңілге түюде. Бұл орайда, спортқа жаны жақын біздің аудан халқы да аладоп сайысын қалт жібермеуде. Тек бір әттеген-айы ауданымызда қаладағыдай жұрттың бәрі жиналып көретін үлкен экрандар жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында аудан әкімі Арман Баженов футбол жанкүйерлеріне арнап «Жастар» паркінде арнайы экран қойдырып, көпшіліктің көптен күткен арманын орындады. Сол жерде алғаш болып Португалия мен Испанияның ойынын аудан басшысымен бірге тамашалаған жанкүйерлер бұл жаңалыққа қуанышты екендігін жеткізуде. Әсіресе, ашық аспан астында достарымен бірге отырып, футбол көру мүмкіндігіне ие болған жастар жағы аудан әкіміне дән риза. Енді аталмыш экраннан күн сайын жергілікті уақытпен кешкі сағат 11.00-ден бастап кез келген адам келіп, тартысты ойындарды тамашалай алады.

    Кіл жүйрікте кім жүйрік?

    Футбол десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлер арасында біздің газет оқырмандары да жетерлік. Соған сай, аудандық «Қызылқоға» газеті футболсүйер қауым арасында сұрау салып, «Болжам бәйге» сайысын ұйымдастырған еді. Сайыс шарты бойынша қатысушылар газет қойған сауалдарға болжам бойынша жауап беріп, бағын сынайды. Әлем чемпионаты аяқталған соң нәтижені дәл тапқан қатысушы арнайы сыйлыққа ие болмақ. Әзірге сауалнамаға қатысқан бес адамның пікірін жариялап отырмыз. Егер төмендегі сұрақтарға берер жауабыңыз болса 8 775 220 83 90 нөміріне хабарлама арқылы аты-жөніңізді жазып, жолдауға болады.

    Бәйге сұрақтары:

    Биыл қай команда чемпион болады деп ойлайсыз? Ақтық сында қандай командалар кездеседі? Жарыстың қола жүлдесі кімге бұйырады? Ең көп гол соғуы мүмкін футболшы?

    Бауыржан Досқалиев, Қызылқоға ауданы футбол құрамасының жаттықтырушысы:

    Менің ойымша бұл додада Франция чемпион болады. Мбаппе, Гризман сияқты саңлақтары бар құрама осы қарқынынан таймаса кубокты төбелеріне көтереді деп сенемін. Франциямен финалға 2010 жылғы әлем чемпиондары Испания шығуы мүмкін. Биылғы испандардың қарқыны жақсы. Алайда, финалда француздардан 2:0 есебімен ұтылып, күміс жүлдегер атанады. Жүлделі үшінші орын белгиялықтарға бұйырады. Себебі, жалынды жастардан құралған бұл команда алғашқы ойынның өзінде Панама құрамасын 3:0 есебімен ұтты. Тәжірибесінің аздығынан үздік үштікті түйіндеуі ықтимал. Жарыстың үздік ойыншысы бельгиялық Лукаку мен француз Гризман екеуінің біреуі болады. Меніңше осы жарыста 8 гол салып, Гризман «Алтын бутсыны» алады.

    Нұрислам Құспанғали, журналист: Испания чемпион болады деп күтіп отырмын. Бапкерін ауыстырса да, бабы келіскен бірден-бір команда осы. Финалда Франция мен Испания ойнап, бір доп айырмасымен испандар жеңеді. Қорытынды есеп 2:1 болмақ. Үшінші орынға Бразилия мен Мексика таласып, Пеленің отандастары жеңеді. Қола жүлде – Бразилия. Испаниялық Диего Коста 7 голмен үздік сұрмерген атанып жатса таң қалмаймын.

    Райымбек Якупов, футбол жанкүйері:

    Менің болжамым бойынша Франция чемпион. Жүлделі екінші орын немістерге бұйырып қалуы мүмкін. Қола жүлдеге Неймар бастаған Бразилия құрамасы ие болады. Үздік ойыншы 6 голмен Криштиану Роналду атанады.

    Бекзат Өтешов, Қызылқоға футбол құрамасының шабуылшысы:

    Биылғы кубок иегерлері Франция елі болады деп отырмын. Финалда француздардан 3:1 есебімен жеңілетін Испания құрамасы екінші орынға тұрақтайды. Бес дүркін әлем чемпиондары Бразилия құрамасы қоланы қанағат тұтады. Биыл Гризман 7 голмен үздіктердің көшін бастайды.

    Дулат БЕРІК.

    Прочитано 61 раз
    © 2018 Qyzylqoga.kz. Барлық құқық қорғалған.

    Please publish modules in offcanvas position.