Н. Ә. Назарбаев,
    ҚР Президенті

    Н. А. Ноғаев
    Атырау облысының әкімі

    А. С. Баженов
    Қызылқоға ауданының әкімі

    %AM, %10 %496 %2019 %10:%Янв

    Керчь қаласындағы қанды қырғын немесе оған не себеп болды?

    Автор
    Оцените материал
    (0 голосов)

    2018 жылдың 17 қазаны күні Ресей Федерациясының Керчь қаласындағы политехникалық колледжінде жойқын жарылыс болды.

    Ресейдің тергеу комитетінің мәліметінше, бұл қанқұйлы оқиға алғашында «теракт» деп бағаланды. Аталмыш колледждің 4-курс студенті Владислав Росляков колледжде адамдарға оқ жаудырып, бомба жарды. 21 адам өлді. Оның 15-і – студент, 5-і – оқытушылар мен мектеп қызметкерлері. 67 адам жараланды. Қанішер сол жерде өзін-өзі атып өлтірді.

    Жарылыс ғимараттың бірінші қабатында болған. Оқиға орнына бірнеше өрт сөндіру көлігі, 5 «Жәдел жәрдем» көлігі, тікұшақ келген. Зардап шеккен адамның көптігі сондай, әскери көліктер мен қаладағы жолаушылар тасымалы көліктері де жұмылдырылған. Жаралыларды алғашында зембілмен, ол жетпеген соң колледждің есіктерін бұзып тасыған.

    Ресейлік «360» телеарнасының мәліметінше, жарылыстың алдында белгісіз біреу 1-қабаттың терезесіне бөтелке лақтырған. «Керчь.ФМ» радиосы болса, жарылыстың алдында ғимаратта атыс болғанын жазды. Қырым ауруханасына жеткізілген барлық жаралы адамдар жарылғыш мина жарақатымен түскен. Мәскеуден тергеушілер мен криминалистер келді. Қауіпті әдіспен екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    ВЛАДИСЛАВ РОСЛЯКОВ КІМ?

    Владислав Росляков 2000 жылы Керчь қаласында дүниеге келген. «Владислав кішкентайынан өте қатігез болды, мысықтарды ұстап, жіппен қылғындырып өлтіретін, біз оның бұл қылығын қойдыра алмадық. Сосын оның әке-шешесі айырылысып кетті де, бала анасымен бірге біздің үйден көшіп кетті»,–дейді көршілері.

    Росляковтың жеке өмірі туралы көп ақпарат жоқ. Мектепте оның тәртібі нашар болғаны, 15 жастағы қызға ғашық болғаны, бірақ жауапсыз махаббатқа тап келгені туралы айтылады. 1-курста курстастарымен дос болған. Соңғы екі жылда көп араласпай қалған жалғыз досының айтуынша, оның өлім, зорлық-зомбылық тақырыбындағы компьютерлік ойындарды жақсы көргені, жаппай өлтіруге деген қызығушылығы болғаны, осы тақырыпта ізденгені, АҚШ-тың «Колумбайн» мектебіндегі жарылыс жасағандарға ерекше көңіл бөлгені белгілі болды. Сондай-ақ, оның мергендер клубына мүше болғаны, бір апта ғана сабаққа қатысып, қару ұстауды, атуды өте тез меңгергені туралы клуб қызметкері айтып берген. 8 қыркүйек күні 12 калибрлі мылтыққа рұқсат алған. Қару-жарақ дүкенінен 150 патрон сатып алғаны, оны әжесінің үйінен ұрлап алған 20 мың рубльға алғаны айтылады.

    АТА-АНАСЫ ҚАНДАЙ АДАМДАР ЕДІ?

    Сол қаралы күндерде «Керчьтік қанішердің» қолайсыз отбасында тәрбиеленген бала екені Ресей баспасөзі бетінде үздіксіз жарияланып жатты. Әжесі Таисия Рослякова оның әкесінің ішімдікке салынған адам екенін айтады. Бала бес жасқа толғанда әке-шешесі айырылысып кеткен. Ал, анасын РФ-да тыйым салынған «Иегово куәгерлері» діни ұйымында болған деп жазады Ресей баспасөзі. Бұл ақпаратты Қырым Қорғаныс министрлігі де растады. Анасы оған кішкентай кезінен бастап көңіл көтеруге қатаң тыйым салыпты. «Бұлай істеме, ол – күнә, олай істеме, ол да күнә» деген тыйыммен өскен бала есейген жасында тұйықталып, қоғамнан бөлектенген.

    Росляков жарылыс алдында бірнеше күн бойы интернеттен мектептерде болған жарылыстарды қараған. «Оны неге қарайсың?» деген анасының сұрағына «әншейін»» деп жауап беріпті. Сол күні ол анасының жұмысқа кетуін күтіп, үйден анасының соңынан шығады. Иығында екі рюкзак болған... Әжесі оның кішкентай кезінде ашық бала болғанын, өсе келе тұйықталып, ноутбук сатып алып берген соң көшеге мүлде шықпай қалғанын, неше түрлі ойындар ойнағанын, өскен соң келісімшартпен әскерге баруды армандағанын айтады. «Оны бір күш әскерге тартты да тұрды»,–дейді әжесі. Мүмкін ол күш атыс қаруына қол жеткізу, сол арқылы қылмысқа бару туралы ойлардан туындаған арман да болуы мүмкін.

    Оның таныстарының айтуынша, соңғы кезде ол әлеуметтік желіден шығып кеткен, «маньяктар» туралы мәліметтерге ерекше қызыққан көрінеді.

    НЕГЕ ЭРИК ХАРРИС БОЛҒЫСЫ КЕЛДІ?

    Росляковтың өмірі мен психологиялық жағдайын зерттеген мамандар оны Эрик Харриске еліктеген деген қорытындыға келді. АҚШ-тың «Колумбайн» мектебінде жарылыс жасап, оқушыларды жаппай атып өлтірген Эрик Харрис бейнесіне еніп, оны айна-қатесіз қайталаған.

    Сонау өткен ғасырдың соңында, дәлірек айтсақ, 1999 жылы 20 сәуір күні Эрик Харрис және Дилан Клиболд деген жоғары класс оқушылары мектепте атыс жасап, бомба жарып, 13 адамды өлтіріп, 36 адам жараланған және ең соңынан өз-өздерін атып тастаған болатын. Росляков Эрик Харриске неге еліктеді десек, оған апарар жолдың студент үшін оңай болмағаны анық. Қырымда болған осынау қайғылы оқиғаның басты себебі – Росляковтың қолайсыз әрі толық емес отбасында өскені әсер еткен. Тергеу нәтижесінде отбасындағы ширыққан жағдайлардан шаршаған баланың жанында жанын түсінетін бірде-бір досы болмағаны анықталды. Оның курстастарына деген өкпе-реніші, туғандарымен, мүмкін өзі сүйген қызбен ұрыс-керісі, жалғыздық оны бірте-бірте радикалдандырып, айналып келгенде, интернеттен көрген сериялы адам өлтіргіштердің жолын қууға ықпал еткені анық.

    15 қазан күні ол әлеуметтік желіге сүйген қызының суретін орналастырып, астына «Сені сүйемін, күнім!» деп жазған. Мамандар оның жантүршігерлік қанды қадамға қызбен арадағы түсініспеушіліктің кесірінен баруы мүмкін екенін айтады.

    ИТ ӨЛІМ...

    Бүкіл Ресей, алыс-жақын шетел Қырымда болған қанды оқиғаға қайғырып, жазықсыз оққа ұшқан балалар мен мұғалімдердің, мектеп қызметкерлерін аза тұрып жатқанда Росляков ешкімге керексіз боп мәйітханада жатты. Баласының денесі әке-шешесіне де керек болмаған сыңайлы, олар мәйітханаға барып, баласын көруге немесе алып, жерлеуге еш асықпаған... Жазықсыз жастардың қанын мойнына жүктеген қаршадай қанішер өз құрбандарынан бөлек, іздейтін адамы жоқтардың зиратына жерленетіні айтылды.

    Жақында Ресейдің құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенген «360» телеарнасы Росляковтың бөтен есіммен жерленгенін хабарлады. Оған екі түрлі жағдай себеп болып отыр. Бірі – Росляковты жек көрушілер оның зиратын қиратуы әбден мүмкін.

    ЗАРДАБЫ ҚАНДАЙ?

    Аталмыш қылмысқа орай 650 адамнан жауап алынған. Жарылыс пен оққа ұшып, жандары қиналған балаларды көзімен көріп, психологиялық ауыр жағдайды басынан кешкен 350 студент Ресейдің шипажайларына демалуға жіберілді. Мемлекет бюджетінен қаза тапқан 20 адамның отбасына 1 миллион рубль, зардап шеккендерге 500 мың рубль берілді. Ал, жарылыс кезінде жаралыларға көмек көрсеткен адамдар республикалық наградаларға ұсынылды.

    Ресей Парламенті Мемлекеттік Думаға бірнеше заң жобасын ұсынды. Онда 18-21 жас арасындағы жастарға қару ұстауға рұқсат беру туралы заңды қатаңдату және білім ордаларын Мемлекеттік Гвардияның күзетуі қажеттігі туралы жобалар бар. Ал Ресейде білім орындарының бестен бірі ғана күзетіледі екен. «Известия» газетінің мәліметінше, Росляковтың ата-анасына баласына дұрыс тәрбие бермегені үшін 500 рубль айыппұл салынды.

    Info-vsem.ru сайтының мәліметінше, қылмыскердің анасы баласының киім-кешегін, ұстанған барлық затын қоқысқа лақтырып тастаған. Бұрынғы тұрған үйінен безіп кеткен. Соңғы тұрған жалдамалы пәтеріндегі көршілері «Қанішердің анасымен бір үйде тұра алмаймыз» деп шу көтеріп, оны өз үйінен қуып жіберген...

    ҰЛ-ҚЫЗЫҢ ҚАНДАЙ ОЙДА, АҒАЙЫН?

    Міне, бұл қанды оқиғаның астарында суицид мәселелесі жатқаны анық. Отбасымен, достарымен, сүйіктісімен түсіністік орната алмаған В.Росляков өзін-өзі өлтіруге бел буған және жалғыз өзі кете салмай, «өзінің» мына дүниеде бар екенін қоғамға осы қанды қырғын арқылы көрсеткісі келген.

    Күйзеліс, ашу-ыза, жалғыздық салдарынан әрі интернет желісінен зорлық-зомбылыққа толы фильмдерді көріп, психикасы бұзылған жастардың болашағы бүгінгі қоғамды, әрбір ата-ананы, бәрімізді алаңдатуға тиіс. Әлемде әр минут сайын бір адам өзін-өзі өлімге қияды екен. Соның ішінде Қазақстан 7-15 жас арасындағы балалар суициді бойынша алдыңғы қатарлардың бірінде тұр. Әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сүйенсек, еліміздегі кәмелетке толмаған балалардың 20-25 пайызы өзін-өзі өлтіруге итермелейтін қауіпті психологиялық жағдайда жүрген көрінеді.

    «БАЛАЛАР СУИЦИД ЖАЙЛЫ ТӨРТ ЖАСЫНАН БАСТАП ОЙЛАЙ БАСТАЙДЫ»

    Психологтарды«Балалар суицид жайлы төрт жасынан бастап ойлай бастайды» деген сөзі қандай қорқынышты?! Ата-анасына, бауырына қатты ренжігенде кішкентай сәбидің ойына өлу туралы ой келеді дегенге сенгің келмейді. Бірақ, бір зерттеулерде Қазақстан 5-15 жас арасындағы балалар суициді бойынша әлемде 9-шы орында тұр екен. 15-29 жас арасындағы жастар бойынша өзіне-өзі қол салудан еліміз 4-ші орында...

    Сарапшылар бірнеше себепті айтады. Меніңше, бала жанының жарқын ойларға толы болуы отбасындағы қайырымды, адами қарым-қатынаста жатыр. Ал, балаға сол отбасылар қандай тәрбие беріп жатыр? Әдетте психикасы бұзылған қиын балалар толық емес және қолайсыз отбасының балалары екені анық.

    ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметі бойынша елімізде 10 мыңнан астам нашар отбасы, 67 мың iшiмдiкке салынған адам бар. Бұл отбасыларда 15 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Сонда 15 мың баланың тұрмыстық жағдайы төмен, ішер ас пен киер киімге зәрулігі былай тұрсын, ең бастысы – олардың үлкендер тарапынан кемшін тәрбиенің салдарынан жүрегі жаралы, бойлары ашу-ызаға толы, қоғамға наразы деген сөз емес пе?

    Халықпен кездесуінде Қ.Қасымов: «Әдетте, нашар отбасылардағы жанжал адам өлiмi мен басқа да тұрмыстық қылмыстарға әкеп соғады. Елiмiзде 2-3 аса ауыр қылмыс тiркелмеген бiр күн болмайды. Әдетте олар отбасылық-тұрмыстық салада iшiмдiкке салынған адамдар арасында болады. Елiмiздегi барлық қылмыстың 14 пайызының себебi – iшiмдiк» дедi. Министр ішімдік салдарынан қылмыс өршіп тұрған облыстарды атап, «Ең жоғары деңгей Ақтөбе облысында байқалып отыр (28 пайыз), Маңғыстау облысы 4-ші орында (20 пайыз)» -деді. Жасөспірімдердің денсаулығын, психологиялық-психикалық саулығын нығайту, отбасы, мектеп тәрбиесі арқылы олардың өмірлік дағдысын, болашаққа деген жарқын ұстанымын қалыптастыру бүгінгі күннің ең басты мәселесі болуы тиіс. Жаһандануға бет бұрған, елімізге неше түрлі кірме жат идеология қаптап ене бастаған мына заманда баланы интернеттің құзырына беріп қоймай, оның әрбір қадамын назарымыздан тыс қалдырмауымыз қажет.

    СІЗ БАЛАҢЫЗБЕН ӘҢГІМЕ АЙТАСЫЗ БА?

    Балаңыз сізге сырын айта ма? Баламен әңгімелесе, сырласа білу әрбір ата-ананың ең бірінші міндеті болуға тиіс деп ойлаймын. Балаңыз достарымен ренжісіп қалды ма, біреуге ғашық болып қалып, ғашығы оны елемей жүр ме, әлде балалар мен үлкендер тарапынан әлімжеттік көріп жүр ме, зорлық-зомбылыққа тап келіп, ешкімге айта алмай, жүрегі жараланды ма? Үйге оралғанда, есіктен кірген сәтте балаңыздың жүзіне зер салып қараңызшы! Көңілсіз емес пе, сыртта, оңашада жылап алып, көзі ісіп тұрған жоқ па? Егер көңілі пәс болса, тамақ батпаса, әңгіме айтудан тыйылып, тұйықталып қалса, бұл белгілер дабыл қағуға тұрарлық. Әрине, ол дабыл ата-ананың өз ішінде болуға тиіс. Міне, сол сәттен бастап балаңызды сөзге тартыңыз, бақылаңыз және қандай жағдай болса да, оны кінәлай жөнелмей, түсініңіз, көмек қолын созыңыз. «Біз, яғни сен және мен бұл мәселені шешеміз! Бәрі де тамаша болады!» деген ананың әлде әкенің бір ауыз сөзі балаға қанат бітірері анық.

    Ұлдай САРИЕВА,

    «Дүрбі» газетінің редакторы, журналист

    Прочитано 41 раз

    Оставить комментарий

    Убедитесь, что вы вводите (*) необходимую информацию, где нужно
    HTML-коды запрещены

    © 2019 Qyzylqoga.kz. Барлық құқық қорғалған.

    Please publish modules in offcanvas position.