Елбасы көрмесінде болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы мен тарихи тұлғасын кең көлемде насихаттау мақсатында Атырау қаласындағы Ш.Сариев атындағы өнер мұражайында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме ұйымдастырылуда.

Соған сай, өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері аталмыш көрмеге Көздіғара, Тасшағыл, Мұқыр, Тайсойған, Ойыл, Миялы ауылдық округтері тұрғындары мен Жаңашаруа, Мұқыр, Ы.Шөреков, Б.Аманшин, Ш.Еркінов, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп ұстаздары мен оқушылары барып, тамашалап қайтты. Делегациямен бірге барған аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Бағытжан Нұрқасимов:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшпелі көрмесі өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған екен. Ш.Сариев атындағы өнер мұражайының төрт залы түгелдей президенттің өмір жолы мен саяси тұлғасынан сыр шертетін жәдігерлерге толыпты. Бір ерекшелігі – ондағы құжаттар мен құнды дүниелердің барлығы да түпнұсқа. Ешқандай көшірме жоқ. Соның ішінде маған ерекше ұнағаны – Елбасыға әртүрлі мемлекет басшыларының берген марапаттары мен сыйлықтары. Барлығы жалт-жұлт еткен ерекше жәдігерлер. Ал, бір залда Елбасымыз балалық шағынан сыр шертетін заттар тұр. Тіпті Әнжан анасының киім тіккен іс машинасына дейін көрмеден орын алған. Бұл көрме біздің ауданнан барған оқушыларға да ерекше әсер етті деп ойлаймын. Кез келген дүниеге көп қызыға қоймайтын оқушылар көрмені аралау барысында ұйымдастырушыларға түрлі сұрақтар қойып, қызығушылықтары ерекше болды, – дейді. Ал, Ш.Еркінов атындағы орта мектептің оқушысы Данагүл Егінбай болса, аталмыш көрме өміріндегі ең есте қалған оқиға екенін айтса, Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Саян Найзабек:

– Біз осы көрмені тамашалай отырып президенттің де біз сияқты қарапайым ауыл баласы екенін білдік. Бұрын әдеби кітаптардан «Қарадан шығып хан болған» дегендерді оқушы едік. Сол сияқты Елбасымыз да ауылда асық ойнап, қой бағып өскен жан екенін көрмеден қөріп білдік. Балалық шағынан бөлек мектеп кезінде жазған сия сауыты, дәптерлері де бізге ерекше таңсық көрінді. Ол кезде қазіргідей керемет жағдай жасалмаса да Нұрсұлтан Әбішұлы сабағын 5-ке оқи отырып, үй шаруасына да көмектескен елгезек бала болыпты. Біз бұл сапарымызда тек көрме тамашалаған жоқпыз, өмірімізге рухани азық алып қайттық десе де болады, – деді.

Осы орайда, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп ұжымы аталмыш көрмеге ұстаздар мен оқушыларды апаруға демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкерлер Октябрь Нұрадинов, Біржан Сабиров, Аманжол Ерғалиевтерге алғысын білдірді.

Дулат МӘТЖАН

Прочитано 273 раз Последнее изменение Среда, 17 Октябрь 2018 06:25

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru