Мәдениет майталманы

Сонау еліміздің шығыс өлкесіндегі Өскемен қаласындағы көп балалы отбасында туып өскен қыз бала күнінен әнші болуды армандады.

Анасына еріп жиын-тойларға барғанда сүйкімді бүлдіршіннің ашық та әсем дауысына ауылдастары қатты қызығатын. Арманшыл жас қыз мектеп бітіргеннен кейін ару қала Алматыға жол тартты. Ондағы ойы өнерін ұштай түсу болатын. Жас қыздың таудай талабы орындалды. Алматыдағы республикалық эстрада-цирк студиясының сынынан сүрінбей өтті. Сөйтіп, арманына қол жеткізіп, қызықты да думанды студенттік өмір басталды.

Атақты Ғ.Жұбанова, К.Кенжетаев, Ғ.Құрманғалиев сынды профессор, ғалымдардан дәріс алып, қазіргі атақты әншілер Н.Өнербаев, Б.Тайлақбаев, Қ.Тілеубековалармен бірге өнер әлемінің қыр-сырына қанықты. Ғафура сол күндерін бүгінде сағынышпен еске алады. «Егер сол әсем, ару қалада қалып қойғанда, бағың жанып, бірге оқыған достарың секілді белгілі әнші болып шыға келетін едің» деген достар әзіліне ол: «Онда мен Ақниетті қайдан табам?»,- деп күліп жауап береді. Иә, жоғары дауысты, опера әншісі болуға лайықты, көрікті, ұзын бойлы, келісті әнші қыз батыстағы шалғай ауылдың дәмі тартып, келін болып түсемін деп еш ойламаған. Бірақ, махаббат сезімі алды-артыңа қарата ма? Сүйген жүрек қай қиырға баруға да әзір емес пе?! Әнші қыз өз бақыты Ақниетті сол өнерлі ортада кездестіреді. 1982 жылы осы студияның цирк бөлімінде оқып жүрген сағыздық Ақниет Жанбосыновпен шаңырақ көтереді. Өз өнерлерін әрі қарай шыңдау мақсатында қол ұстасқан екі жас студияны бітірген соң, жоғары оқу орнына тапсырады. Ғафура Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтының ән кафедрасының, Ақниет мемлекеттік денешынықтыру институтына оқуға қабылданады. Бақытты да, шаттыққа толы студенттік күндері басталып, әне-міне дегенше жоғары оқу орындарын тәмамдайды. 1989 жылы екі жоғарғы оқу орнының дипломы бар жастар ауылға келіп, еңбекке араласады. Сөйтіп, ауыл мәдениетін дамытудағы қадамы басталып, одан әрі еселі ең-бекке ұласады. Олай дейтініміз, үйде–әйел, ана ретінде танылса, еңбекте – ұжым басшысы, үлкен өнер иесі Ғафураға жұртшылықтың лебізі өте ілтипатты. Қашан көрсең де жүзінен жылылық есіп тұратын, жаны жайсаң жанды сағыздықтардың бәрі жақсы көреді, тынымсыз еңбегін, өнерін құрметтейді. Ғафураның ең асыл қасиеттерінің бірі – ауыл арасында көрінбей, көзге еленбей жүрген таланттарды жарыққа шығарып насихаттауға, өнерін түлетуге, қанатын қатайтып қияға ұшыруға бейім. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, талай таланттыларды халыққа таныстыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарды. Талай өнерпаздарды өнерге баулыды. Өнер атты қиын жолда кішкентай ғана ауылдың мәртебесін көтеріп, атағын аудан, облыс, республикаға танытып жүрген «Сағыз» жайдарманшылары да осы Ғафура апайдың өнер мектебінен өткен шәкірттер. Кезінде депутат ретінде де халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ана мен бала денсаулығы, мәдениет саласының проблемасы жөнінде мәселелерді көтергені ел есінде. Және жергілікті басылымдардың бірінде берген бір сұхбатында кейіпкеріміз «Елбасымыз Н.Назарбаевтың арнайы қабылдауында болған сәттерім өміріме өшпестей із қалдырды» деп ағынан жарылады. Демек, өнер халықтікі, сол өнерге шын жанашыр болып, ауыл мәдениетіне шынайы көзқараспен қарайтын, қашанда болар істің басы-қасында жүретін осы бір қарапайым, ақжарқын Ғафура Жанбосынованың еңбегі ұшан-теңіз. Оның бәрін санап айтып шығу өте қиын. Мәселен, халықтық салт-дәстүрді насихаттап жүрген талантты дәстүрлі әнші А.Өскінбаевпен «Сал-серілер ізімен» атты ән кеші, салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы «Жастар таңдауы–спорт» атты спорттық жарыс кеші, белгілі кәсіпкер, құқық қорғау саласының ардагері С.Тастеміровпен болған «Тұғыры биік азамат» атты кездесу кеші, Астананың 20 жылдығына байланысты «Жасай бер, ару қала – Астана» атты мерекелік гала концерті тағы да неше түрлі маңызды шаралармен қатар, күні кеше Сағыз ауылының 80 жылдығына орай «Самғай бер, болашаққа атақоныс» атты кең көлемде дүбірлете өткен мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне осы «Шұғыла» мәдениет үйінің ұжымының, оның ішінде іскер басшы Ғафура Задақызының қосқан еселі еңбегін айрықша атап өтуге болады. Адал еңбектің абырой, атақ, бақыт әкелетіні сөзсіз. Әр жылдарда алған марапаттарына келетін болсақ, Атырау облысы делегациясымен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауында болуы, жыл қорытындысы бойынша «Үздік мәдениет үйінің директоры» атағын иеленіп, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы, күні кеше ғана «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталуы – ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердің еңбегінің жемісі. Бүгінгі таңда бақытты отбасында үш ұл-қыздан өрбіген сүйкімді немере-жиендер желкілдеп өсіп келеді. Жолдасы Ақниет көп жылдар бойы Қызылқоға аграрлы техникалық колледжінде студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп келе жатқан білікті бапкер. Асылдар мен ардақтылар аялаған туған топырағымыздың мәде-ниетінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ардақты ана, іскер басшы, мәдениет майталманы Ғафура Жанбосынова туралы осы шағын мақаламызда сыр шерткенді жөн көрдік. Ендеше, ауыл мәдениетінің абыройын асқақтатып, өнегесі өрісті өнерімен өрге жүзген, қанша жаны қиналса да отбасылық күйкі тірліктен елге рух сыйлайтын ізгілікті істі жоғары қоятын Ғафура Задақызындай жанкешті жандар көп болса игі дейсің.

Сайран БОРАНҚЫЗЫ,

Сағыз ауылы.

Прочитано 853 раз Последнее изменение Четверг, 27 Сентябрь 2018 04:44

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru