Сағызда су жаңа мектеп ашылды

Жарқын да қуанышты мерекенің бірі – 1 қыркүйектегі алғашқы қоңыраудың соғылған күні.

Бұл жаз бойы еркін демалып, болашаққа қадам басқан бүлдіршіндер мен ата-аналар, мұғалімдер үшін ерекше мейрам. Себебі, сол күні білім нәрімен сусындайтын барлық оқушы алтын ұя мектептеріне асығатыны аян. Биылғы жылы да сол дағдымен 1 қыркүйек күні аудан бойынша барлық мектепте салтанатты түрде алғашқы қоңырау соғылды. Атап өтерлігі – осы жылғы аудандағы алғашқы қоңырау сыңғырының алдыңғы жылдарға қарағанда жөні бөлек. Олай дейтініміз, биылғы жылдың білім күнінде Сағыз ауылдық округінің үшінші ауылынан жаңа бір мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, аудандағы білім ошақтарының саны он төртке толықты. Несін жасырайық, Сағыздың үшінші ауылынан мектеп салу керектігі жөнінде көптен бері қозғалып келе жатқан еді. 2016 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен сол мәселе оң шешімін тауып, 424 орындық мектептің құрылысы басталған болатын. Міне, бүгін аталмыш мектептің құрылысы тәмамдалып, салтанатты түрде кілті табыс етілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Баженов пен Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов арнайы қатысты. «Мен елімнің патриотымын» деген атпен өткізілген шара «Шұғыла» мәдениет үйінің жанындағы «Қазына» би тобының мың бұралған әсем биімен ашылса, алдымен сөз алған аудан әкімі Арман Баженов: - Қымбатты ұстаздар! Тәуелсіз еліміздің болашақ иесі жас ұрпақтың бойында тұлғалық қасиеттерді ұштап,кәсіби шеберліктеріңді одан әрі шыңдап, Елбасының Қазақстан халқына жолдауынан туындайтын білім сапасын арттырудағы игі бастамаларға педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілеймін. 1 қыркүйек – бірінші сынып оқушылары үшін үлкен өмірге аяқ басқан күн. Сондықтан да алдымен осы бүлдіршіндерді құттықтаймын. Олардың алғашқы қадамын бүгінгі ашылғалы отырған жаңа мектептен бастауы қуанышты да ерекше сезімге толы жағдай. Бұл Сағыз халқының көптен бері айтылып келе жатқан мәселесі еді. Облыс әкімдігінің қолдауымен бүгін шешімін тауып отыр. Жаңа мектепке 1-11 сыныптарға 366 оқушы, мектепалды дайындық сыныбына 36 оқушы, барлығы 402 оқушы қабылданып, 9 мұғалім мен 25 техникалық қызметкер жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Ендеше, жаңа заман талабына сай жарақтандырылған білім беру ұясының ашылуымен құттықтай отырып, баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, жұмыстарыңызға жетістіктер мен сәттілік тілеймін, - деді.

Бұдан кейін «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосынова бишілердің сүйемелдеуімен «Туған жер» әнін тамылжыта орындаса, облыс әкімінің атынан құттықтаған Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов, мектеп құрылысын жүргізген «Арал-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Мұрат Есбосынов, ата-аналар атынан сөз сөйлеген Ислам Қосжандар жаңа мектептен еліміздің мәртебесін жоғарылататын білімді ұрпақ тәрбиеленіп шығуына тілектестіктерін білдірді. Шара барысында, 10-сынып оқушысы Рысты Сағызбай «Мектеп ана», 7-8 сыныптан құралған хор «Қазақстан Отаным менің» әндерін шырқаса, қып-қызыл қызғалдақтың ішінен шыққан бірінші сынып оқушысы алғашқы қоңырау соғып, жаңа оқу жылының басталғанын паш етті. Жаңа мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ыбырай Сахиевтің қиялынан туындаған бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер сыйлап, тебірентіп жіберді. Осылайша, аудан әкімі Арман Баженов пен Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Жасан Есқайыров лентасын қиған жаңа мектеп ауыл тұрғындарын ерекше бір қуанышқа бөлеп тастады. Мектеп қазіргі заман талабына сай жабдықталған.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

Суретті түсірген Жайлау Таласов

Прочитано 1595 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru