Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Міне, әп дегенше жаз мезгілінің соңғы айы да төбе көрсетіп, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды.

Әрине, осы кезде қала мен ауылдағы ағайынның жыл сайынғы сары уайымына айналған мектеп формасы мен оқу құралын сатып алу біріне оңайға түссе, енді бірінің жанқалтасына салмақ салып жатады. Оған қоса, қазақ отбасындағы бала санына шаққанда, шамамен бір отбасынан кем дегенде екі-үш баладан оқиды дегенде, жұмсалар қаражаттың да төбе шашыңызды тік тұрғызары анық. Ал, сауда нүктелеріндегі бағаны айтпай-ақ қойыңыз...

Бір балаға қанша қаражат кетеді?

Бір қуантарлығы – қазір Атырау қаласында мектепке қажетті киім-кешек сататын дүкендер күн санап артып келеді. Ал, ол дегеніңіз күн тас төбеден төніп тұрғанда бұрынғыдай атышулы «Дина», «Көктем» немесе «Насиха» сауда орындарын аралап әуре болмайсыз деген сөз. Алайда, сайып келгенде барлығы қомақты қаржыға келіп тіреледі. Жуырда қала ортасындағы жаңадан ашылған «Киім және аяқ киімдер» атты дүкендердің біріне бас сұққанбыз. Расымен де дүкен ішінен оқу құралынан басқа мектепке қажет деген киімдердің бәрін табуға болады екен. Әрине керегімізді алу үшін бағаларын сұрағанымызда, мектептің дайындық сыныбына баратын ер балаға қажетті киімдерден: ақ көйлек – 2300 теңге, костюм – 12000 теңге, бәтеңке – 5000 теңге, спорт киімі – 6000-7000 теңге, спорттық аяқ киім – 4300 теңге, сөмке – 4000 теңге. Дәл осылай тізбектеліп кете береді. Ал, бұған оқу құралын қосқанда, бір баланың өзіне әжептәуір қаражат жұмсалады. Оны алмасаңыз, балаңыз өз қатарынан қалып қоятындай көрінеді. Осы орайда, бірнеше бала оқытып отырған мұқырлық Гүлназым Қапашева:

– Менің 4 балам да мектеп жасында оқиды. Биыл үйдің үлкені 10 сыныпқа, ал ең кішісі 3 сыныпқа көшкелі отыр. Жолдасым болса жұмыссыз. Ал, өзім Мұқыр ауылдық округі әкімі аппараты жанындағы ақылы қоғамдық қызметке, оған қоса қосымша табыс көзі ретінде жалдамалы жұмыстарға да шығып тұрамын. Әрине, тапқаным күнделікті тамағымыздан ауыспайды. Ара-тұра төркінім де көмектесіп отырады. Және жыл сайынғы республикалық «Мектепке жол» акциясы ылғи да бір қызымның киім-кешегімен қамтамасыз етумен келеді. Ал, қалған балаларыма жаңа киім әперуге қолым қысқалық еткендіктен, таныстарымның балаларынан қалған киім-кешектерді алып кигізуіме тура келеді, – деп мұңын шағады.

«Мектепке жол» акциясының пайдасы Бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан республикалық «Мектепке жол» акциясы да өзінің нәтижелі жұмысының арқасында көптеген отбасының алғысын арқалаумен келеді. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіліп тұратын акция аясында мектептерден мәлімет сұрағанымызда, Мұқыр ауылдық округі бойынша тізімнің енді ғана шығып жатқаны анықталса, ал Сағыз ауылдық округіндегі Кенбай орта мектебі бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан 50 балаға, ал №9 орта мектептегі әзірге 8 балаға көмек көрсетілгенін анықтадық. Алайда, акция аяқталғанға дейін бұл көрсеткіштің әлі де өсетіндігі туралы ақпаратқа қанық болдық. Әрине, акция барысында әсіресе округтегі жеке кәсіпкерлердің белсенділігінің өте жоғары екендігін байқауға болады. Өйткені, олар жетім мен жесірге, жоқ-жітікке көмектесуден қашқан емес. Осы орайда, сағыздық жеке кәсіпкер Балташ Қоразованың пікірін сұрағанымызда:

– Мен ылғи да Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратынан, не болмаса басқадай жағдайда көмек сұрап өтінген адамға өзімнің шама-шарқымша көмектесіп тұрамын. Киім сатушысы болғандықтан, «Мектепке жол» акциясында балаларды ақшалай емес, киім-кешекпен қамтамасыз етемін. Өйткені, ақшалай бес-он мың теңге берсеңіз, қымбатшылық кезде оған ештеңе ала алмайсыз. Биыл 30 000 теңге көлеміндегі қаржыға киім бердім. Алайда, оны баланың өзіне тікелей емес, Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері арқылы беріп жібердім. Өйткені, баланы ұялтпас үшін. Негізі оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін, – дейді ғой. Мен бұларды біреуге мақтану үшін жасамаймын, – дейді.

 Әр бала өз қатарымен оқымақ...

Сондай-ақ, тағы бір айта кететін жайт – мектепалды даярлық сыныбына баратын балаларын ата-аналар бес жастан-ақ балабақшамен қоштастырып, мектепке апаратыны белгілі. Ал, биылғы жылы бес жасқа толмаған балаларын да өз қатарынан қалдырғысы келмей, мектепке апарғалы жүрген бірнеше ата-аналарды байқадық. Сөздеріне құлақ түрсек, біреуінің баласы қыркүйекте, ал енді біреуінікі қараша, желтоқсан айларында беске толады екен. Алайда, баласының оқуға деген зор ынтасының арқасында, өз қатарластарынан кейін қалдырғысы келмеген ата-аналардың бүгінде басты уайымы сол болып тұр. Бұл туралы Сағыз ауылдық округіндегі Кенбай орта мектебінің директоры Бекбол Омаровтың айтуынша, аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаровтың хатына сәйкес, аудандық білім беру бөлімі, облыстық білім беру басқармасының 2018 жылдың 10 шілдедегі №15-3-35/2055 санды хатын жолдай отырып, Үкімет қаулысында көрсетілген биылғы жылы 1 сыныпқа баратындар 6,7 жастағы яғни 6 жасқа 1 қыркүйектен 31 желтоқсан аралығында туған балалардың баратынын және 1 сыныпқа баратын мектепалды даярлықтан өтпеген балаларға 20 күндік даярлық күндерін оқытуды қаперге беретіндігі жайлы мәтінде хат келген.

Заңдылыққа сәйкес мектептің бірінші сыныбына биылғы жылы 6,7 жастағы балалар қабылданады. Ал, келесі жылы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші сыныпқа тек 6 жастағы балалар қабылданады. Үкімет қаулысына сәйкес, бұл рұқсат берілген норма биылғы жылы бірінші сыныпқа 6,7 жастағы балалар және биыл 6 жасқа толатын, яғни, 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін туған балалар қабылданады. Алайда, бұл мектепке дейінгі ұйымдардан 5 жастағы балаларды шығарып жіберу деген сөз емес. Таңдау ата-аналардың құзырында. Екіншіден, ықшам аудандар мәселесі бойынша, алдымен білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын балалар, содан соң өзге ықшам аудандардың барлығы қабылданады. Ата-аналар балалары үшін кез келген мектепті таңдауға құқығы бар,–дейді ол. Байқағанымыздай, мектепке барып білім алатын бала болғанымен, оның жетпесіне қиналып, шыр-пыр болатын қашанда ата-ана. Бірі тартынып қаражатын киім-кешегі мен тамағына жеткізуге асықса, енді бірі баласының жасы жетпесе де, қатарынан қалдырмауға асық. Қалай болғанда да көштен қалмауға тырысады. Бастысы білім алып жатқан балаңызда сана болсын деңіз, ал қалған дүние қолдың кірі ғана...

Лаура НАРИМАНОВА.

Прочитано 171 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru