Келелі кеңес – келешекке бағыт

Өткен аптаның сәрсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде аудандық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті.

Оған аудан басшылары, аудандық мәслихат хатшысы, облыстық білім беру басқармасының өкілі, депутаттар, білім беру ұйымдарының директорлары мен педагогтар және ардагер ұстаздар қатысты. Онда алдымен өткен 2017-2018 жылғы оқу жылында қол жеткізген жетістіктер бейнеленген бейне-ролик көрсетілді. Содан кейін алдағы оқу жылының жаңалықтары мен өзгерістері туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров баяндама жасады.

– Біз 2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Жаңа бағдарламаға сатылап көшу биылғы оқу жылында да жүзеге асады. Енді жаңа оқу жылынан бастап сыныптарды топтарға бөлу туралы шешімді әр мектептің әкімшілігі өзі қабылдайды. Яғни, осы оқу жылынан бастап сыныптарды топтарға бөлу, бөлмеу мәселесін мектеп өзі шешетін болады. Бұл мектептердің материалдық-техникалық базасына, атап айтқанда, спорттық залдардың, аудитория қорының, оқушылар контигентінің, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің санына және тағы басқа жағдайларға байланысты. Сондай-ақ, 2018-2019 оқу жылында «Бір-бірімізге жақын тұрып, зиянды әдеттерден аулақ жүрейік» атты профилактикалық бағдарламасын енгізу қарастырылуда. Аталған профилактикалық бағдарлама 2016-2017 жылы республиканың жалпы білім беру мектептерінде апробациядан өткізілді және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сараптама нәтижесі бойынша жалпы білім беру мектептерінің оқу-тәрбие процесінде қолдануға ұсынылады. Профилактикалық бағдарлама ата-аналармен жұмыс істеуге арналған және ол сынып жетекшісі өткізетін үш кездесуден тұрады. Сөз соңында барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтай отырып, білім беру жүйесін тең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету, білім беру жүйесінің инфрақұрылымын жаңарту, балаларымыздың өз мақсаттарына кедергісіз жетуіне жағдай жасау жолында толағай табыстар тілеймін, – деді Амангелді Оразбайұлы.

Бөлім басшысының баяндамасынан соң кезек жарыссөзге беріліп, онда №9 орта мектептің директоры Өтепберген Әділ мен жас маман Салтанат Арманқызы сөз сөйлеп, жаңа оқу жылына табыс тіледі. Жарыссөз аяқталған соң аудан әкімі Арман Баженов мінбеге көтеріліп, енді басталатын оқу жылында оқушылардың алаңсыз білім алуы жолында әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалатынын тілге тиек етіп, бір топ ұстазды марапаттаса, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали да ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, жұмыста озат мұғалімдерді Алғыс хатпен ұлығылады. Сонымен қатар, тамыз мәслихатында облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталық директоры Ғабит Қабекенов те аудан ұстаздарын мерекемен құттықтап, шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек етіп келе жатқан педагогтарға Құрмет грамотасын табыстады. Мерейлі марапаттан соң Б.Аманшин атындағы орта мектептің бір топ шәкірттері ардагер ұстаздарға арнап, өлеңдерін оқып, артынша сыйлықтар табыс етілді. Жиын соңында, аудандық әдістемелік орталығының меңгерушісі Қайсар Жарылғаған сөз алып, алда тұрған міндеттерді айқындап, облыстық тамыз мәслихатына ауданнан қатысатын делегаттарды таныстырды.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

Прочитано 315 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru