Н. Ә. Назарбаев,
    ҚР Президенті

    Н. А. Ноғаев
    Атырау облысының әкімі

    А. С. Баженов
    Қызылқоға ауданының әкімі

    %AM, %10 %264 %2019 %05:%Янв

    Екпеден қашқанға ем қонбайды ал, мұны әрбір ата-ана түсінуі қажет

    Автор
    Оцените материал
    (0 голосов)

    Бүгінгі күні ата-аналарды елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе.

    Оның маңыздылығын түсінбеген кейбір ата-аналар балаларына екпе егуге қарсы. Бұл ретте, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратовамен сұхбаттасқан едік.

    – Алтынгүл Бөкенбайқызы, алдымен вакцинаның не екенін түсіндіріп берсеңіз?

    – Медицина тарихына сүйенсек, кезінде шешек, тырысқақ, оба, сүзек ауруларынан дүниежүзінде көптеген адамдар ажал құшқан. Ал, вакцинаға келетін болсақ, латын тілінен vaccinia-сиыр шешегі (коровья оспа) деген мағынаны білдіреді. Оны алғаш ағылшын дәрігері Э.Дженнер ойлап тапқан. 1796 жылы Джеймс Фиппс атты балаға шешек ауруына қарсы, шешекпен ауырып тұрған сиырдың денесіндегі көпіршіктен алынған сұйықтықтан жасалған вакцинаны енгізген. Тек 100 жылдан кейін Луи Пастер ғылыми түрде вакцина аты жаман жұқпалардан алынған микроорганизмдерді әлсіздендіріп, сол ауруға қарсы иммунитет қалыптастыратынын дәлелдеген. Қысқасы, екпе балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі.

    – Иммунитет қалыптастыру дегеніміз не, екпе не үшін қажет?

    – Мәселен, қызылша ауруын алатын болсақ, ол аурумен ауырған адам, қайталап қызылшамен ауырмайды. Себебі, ол адамдарда сол ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Алайда, бұл ауру әр адамда әртүрлі болып өтетіндіктен көп жағдайда ауыр өтіп, өліммен аяқталып жатады. Сондықтан, балаларды қорғау үшін қызылшаға қарсы екпе 1 жас және 6 жаста салынады. Ол балаларымызды қызылшадан қорғайды. Осы орайда айта кетсек, өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың басында Атырау қаласында қызылша ауруы тіркеліп жатыр. Олардың басым бөлігі 1 мен 3 жас аралығындағы балалар. Барлығы да қызылша ауруына қарсы екпе алмағандар. Жалпы, күні бүгінге дейін ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз, тіпті өзіміз жұқпалы ауруларға қарсы екпе алғандықтан ауданымызда аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркеліп отырған жоқ. Алайда жастардың өздері кезінде екпе алса да, балаларына екпе салдыртпай отырғандар бар. Бұл жақсы үрдіс емес, бұл жағдай одан әрі көбейіп кететін болса эпидемияға әкелуі мүмкін. Ал, эпидемия дегеніміз қандай да бір жұқпалы аурудың адамдар арасында әдеттегіден айтарлықтай көп тіркеліп, таралуы. Бұл жағдайда адамдарды емдеу, алдын алу шараларын жүргізу қиын болуы мүмкін. Себебі, кейбір жұқпалы аурулар ауа-тамшылы жұғады. Яғни, бір-бірімен сөйлескенде, қасынан өтіп кеткен жағдайда ауа арқылы таралады.

    – Ауданда сәбилеріне екпе салдыртудан бас тартқан ата-аналар көп пе?

    – Соңғы жылдары ауданымызда балаларына жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе салдырмай бас тартып жүрген ата-аналар кездесіп отыр. 2016 жылы тоғыз баланың ата-анасы екпе салдыртудан бас тартса, 2017 жылы жеті баланың, өткен жылы төрт баланың ата-анасы сәбиіне екпе салдыртудан бас тартты. Осы орайда айта кетсек, соңғы кездері жас ата-аналар көбіне білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенеді. Сол жалған ақпараттардың арқасында да жастардың екпеден бас тартып жатқандары бар. Түсінік жұмыстарына шақырғанда келмейтін ата-аналар да бар. Сондықтан, ата-аналардан өтінеріміз, осы салада жұмыс жасап жүрген білікті, тәжірибелі дәрігерлерден мәлімет алғандарыңыз жөн дегім келеді (эпидемиолог, иммунолог, педиатр, жалпы практика дәрігері).

    –Вакцинаның құрамында шошқаның тіндері кездеседі деген әңгіме айтылып қалып жүр. Бұл қаншалықты рас?

    – Жоқ. Бұл қате пікір. Себебі, біз әрбір әкелінген вакцинаның құрамын, қай елден шыққаны, шығу және пайдалану мерзімдерін, қарсы көрсетілген нұсқаулықтарын қарап отырмыз. Алайда, ол жерде шошқамен байланысты ешнәрсе көрген емеспіз.

    – Тағы бір ата-аналардың көкейінде жүрген сұрақ, елімізге сапасыз вакциналар әкелінеді деген рас па?

    – Жоқ. Қазақстан вакцинаның ең соңғы, тиімділігі жоғары әрі қымбат түрін пайдаланады. Бізге келетін екпенің барлығыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, рұқсаты бар. Әрбір келген вакцина түрін тіркеу уақыты тоғыз айдан бастап, бірнеше жылға созылады. Құжаттары, зертханалық түрде оның қауіпсіздігі тексеріледі.

    – Әңгімеңізге рақмет.

    Сұхбаттасқан, Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

    Прочитано 155 раз
    Другие материалы в этой категории: « Бала дәрігері – Балбибі Кәсіби ауру дегеніміз не? »

    Оставить комментарий

    Убедитесь, что вы вводите (*) необходимую информацию, где нужно
    HTML-коды запрещены

    © 2019 Qyzylqoga.kz. Барлық құқық қорғалған.

    Please publish modules in offcanvas position.