Н. Ә. Назарбаев,
    ҚР Президенті

    Н. А. Ноғаев
    Атырау облысының әкімі

    А. С. Баженов
    Қызылқоға ауданының әкімі

    %PM, %04 %573 %2019 %12:%Янв

    Біз қозғаған тақырып

    Жыл түгесілер уақытта әр сала өздерінің жасаған жұмыстарына есеп беріп, бір жылдық жұмысын қорытындылайтыны бар.

    Бұл орайда, біз де 2019 жылдың алғашқы нөмірінде былтырғы жылы аудандық «Қызылқоға» газетінде жарық көрген ең өзекті деген мәселелерді саралап, оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. Айта кетейік, былтыр газетіміздің 52 нөмірі оқырманға жол тартты. Оның әрқайсысы 16 беттен екенін ескерсек барлығы 832 бет газет басылып шыққан екен. Ең басты жаңалықтардың бірі – газеттің атауы мен айдарлары латын әліпбиінде шыға бастады. Одан бөлек газетіміздің сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары да смартфонға үңілген оқырмандар үшін рухани азық сыйлап келеді. Енді осылардың ең өзектілеріне тоқталайық.

    Жолдың жайы жанымызға батады

    (№8 сан, 22 ақпан)

    Облыс орталығынан шалғайда жатқан Қызылқоға ауданы үшін ең өзекті мәселелердің бірі жол екені мәлім. Соған сай, газет тілшісі Гүлмира Тілегенова жылдың басында осы мәселеге баса назар аударып, жыр болған жолдың жайын көтерген еді. Оған себеп – тақтайдай қылып салынған «Сағыз-Миялы» тас жолының көп уақыт өтпей бұзыла бастауы. Тілші өз мақаласында «Жолымыз қазіргі уақытта жамалған көрпе секілді ой-шұңқыры көп. Оның мұндай халге түсуіне не себеп?» деп мәселе көтеріп, астарына үңілген еді. Жауапты мамандар мен тұрғындардың пікірін біліп, жолдың бұзылу себебін анықтады.

    Осы орайда, айта кетейік жол мәселесі жыл бойына газет бетінен түскен жоқ. Алдағы уақытта да басты назарда болмақ.

     

    Көк жәшіктегі көргенсіз кинолар

    (№11 сан, 15 наурыз)

    Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қолы қалт еткенде қарайтыны – теледидар. Заманның дамығаны сонша бүгінде үйде отырып 40-50 каналды еркін көруге болады. Бұрынғыдай 3-4 канал көрсететін, ескі көк жәшікке телміріп отырмайсыз. Алайда, каналдардың саны көп болғанымен сапасы жоқ. Көбінде көрсететіні мәнсіз-мағынасыз сериалдар. Соны дер кезінде байқаған тілші Лаура Нариманова аталмыш тақырыпта мәселе көтерді.

    Бұдан кейін оқырмандарымыз хабарласып, аталмыш тақырыпқа орай «Оқырман беті» айдарында өз пікірлерін білдірді. Бұл да болса оқырманды өзіне тарта білген мақала болғанын айта кетейік.

     

    Тарихқа айналған тасқын

    (№15 сан, 12 сәуір)

    Аудан тарихында небір зұлматтар мен зобалаңдардың болғаны ақиқат. Солардың бірі – 1993 жылы орын алған су тасқыны. Талай шаңырақты ортасына түсіріп, ауданды біраз шығынға қалдырған су тасқыны әлі де болсын елдің есінде.

    Соған орай, тілші Дулат Ғұбайдуллин «Өткен күнде белгі бар» айдарымен аталмыш оқиғаның астарына үңіліп, оқиға куәгерлерін сөзге тартып, көлемді мақала жазған болатын. Су тасқыны кезінде Қайрош Қабдешов түсірген тарихи суреттер жарияланып, сол жерлердің 25 жыл өткеннен кейінгі қазіргі көрінісі де газет бетінде жарық көрді.

     

    Мектеп бітіру мереке емес

    (№21 сан, 21 мамыр)

    Соңғы жылдары түлектердің мектеп бітіру салтанаты ұлан-асыр тойға айналғаны ақиқат. Қымбат киім, қымбат көліктермен қыдыру, мейрамханадағы отырыс, от шашу, табиғат аясына демалысқа шығу. Мұның бәрі мектеп бітіруші түлектердің мерекелік шараларына кіреді. Бұл өз кезегінде ата-ананың қалтасына салмақ салатыны анық.

    Осынау өзекті мәселені көтере білген бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы Нұрсәуле Жауынбаева мектеп бітіру шығыны мен зардаптарын зерделеп, сараптамалық мақала жазды. Бұл мақала да оқырман тарапынан қолдау тауып, оң бағасын алды.

     

    Мал егілмей, бруцеллез бәсеңсімейд

    (№26 сан, 28 маусым)

    Аудандағы күн тәртібінен түспей отырған мәселелердің бірі – бруцеллез. Қанша мәрте айтылып, жазылса да осы бір дерт бәсеңдер емес. Оның бер жағында бруцеллез малдан қан алу, өтемақы төлеу, ауру малды жасыру сынды бірқатар мәселелер де күн өткен сайын көбеюде. Бас редактор Бауыржан Сисенов пен тілші Гүлмира Тілегенова «Маңызды мәселе» айдарымен «Мал егілмей, бруцеллез бәсеңдемейді» деген тақырыпта мәселе көтеріп, тұрғындардың жазған ашық хаты жарияланып, оған жауапты мекеме басшыларының пікірі қоса жарияланды.

     

    Ақиқат жаршысы болған «Ашығын айтайық»

    Кез келген басылым – заман ағымы мен оқырман сұранысына орай жаңаша бағытқа өзгеріп, тың жобаларды қолға алатыны белгілі. Сол секілді «Қызылқоға» газетінде шілде айынан бастап «Ашығын айтайық» атты жаңа айдар жарық көрді. Бұл айдардың басты ерекшелігі – еркін пікір. Яғни, белгілі бір мәселеге орай тиісті мамандар мен бұқараның айтар ойы, келтірер дәлелдеріне газет бетінен орын беріліп келді. Газет тілшілеріне өзекті деген тақырыптар жоспар бойынша бөлініп беріліп, әр апта сайын оқырман назарына ұсынып келді. Енді соларға рет-ретімен тоқталайық.

     

    Ауылдың халқы ауызсуға зәру

    (№28 сан, 12 шілде)

    Ауданымызда жаз келісімен ауызсудың жыры басталатыны белгілі. «Ашығын айтайық» айдарының алғашқы тақырыбы да осы ауыз су мәселесі болды. Бұл әсіресе Миялы, Сағыз, Мұқыр, Жангелдин ауылдық округтері үшін түйіткілді мәселе. Аталмыш мәселені көтерген тілші Дулат Ғұбайдуллин алдымен Сағыз ауылдық округіне іссапармен барып, ауыл тұрғындары Есет Сакупов пен Дәлубай Ахметовтің пікірін тыңдап, сол ауылдағы ауызсуға жауапты мекеме басшысының уәжіне құлақ түрді. Артынша Миялыдағы ауызсу тапшылығын да сөз етті. Оған аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова мен «Қазсушар» РМК-ның Атырау облысы филиалы Қызылқоға өндірістік учаске басшысы Сайлаубек Темірғалиев ресми түрде жауап берді. Ең бастысы ауызсу мәселесі аудандық деңгейде көтеріліп, бұқараның назарын аудара білді.

     

    Мердігерлер неге жауапсыз?

    (№33 сан, 16 тамыз)

    Жыл өткен сайын, еліміз дамып өркендеп келе жатқаны мәлім. Оған дәлел әр ауылдарда салынып жатқан зәулім-зәулім ғимараттар мен су жаңа әлеуметтік нысандар. Бұл мемлекет тарапынан құрылыс жұмыстарына қырауыр қаржы бөлініп жатқанының нәтижесі. Алайда, бір әттеген-айы құрылысты салушы мердігер компаниялардың салғырттығынан көп жұмыс уақытында бітпей, енді бірі мүлдем тоқтап қалып жатқаны мәлім. Осы бір өзекті мәселе тілші Гүлмира Мақсотқызының назарына ілініп, тамыз айында сараптамалық мақала жазған еді. Ол мақалада алдымен сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиевтың аудандағы құрылыстар жайлы мәліметі, артынша жұмысын жүргізе алмай отырған мердігерлер жайлы жазылып, тұрғындар мен жауапты мамандардың да пікірі сараланып берілді.

     

    Жолда қалған жобалар

    (№40 сан, 4 қазан)

    «Ашығын атайық» айдарының кезекті тақырыбы бір кездері үлкен сұранысқа ие болып, қыруар қаржы бөлініп, кейін жүзеге аспай қалған жобалар туралы болды. Сөздің шыны керек ауданымызда түрлі бағдарлама бойынша несие алып, кәсіпкерлік саласын дамытады деген бірнеше жоба орта жолда қалды. Тілші Дулат Ғұбайдуллин аталмыш тақырыпты көтере отырып, жауапты мамандар мен кәсіпкерлердің пікірін біліп, тұрғындардың да айтар ойларын ескерді. Қысқасы, бұл мақалада да барлық тараптың ойлары айтылып, жолда қалған жобалардың себеп-салдары ашық жазылды.

     

    Заңсыз таксилерге тосқауыл бар ма?

    (№42 сан, 18 қазан)

    Ел экономикасының қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Алайда, шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – заңсыз таксилер. Бюджетке бір тиын да салық төлемей, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүретін мұндай жандар заңды тіркелген таксилердің жолын кеседі, табысын азайтады. Бұл ретте тілші Гүлмира Тілегенова таксилерге тұтынушы есебінде мініп, мән-жайға өзі қанықты. Содан соң аудандық кірістер басқармасының бас маманы Бекзат Сүйіновтен заңсыз таксилер жайлы мәлімет алып, артынша тұрғындар мен такси жүргізушілерінің де айтар уәждеріне газет бетінен орын берілді. Ауданнан «Таксопарк» құру туралы бастама көтеріліп, заңды таксилердің қызмет көрсету сапасы да сөз болды.

     

    Бүгінгі баланы не қызықтырады?

    (№44 сан, 1 қараша)

    Қазір бір жерге қонаққа бара қалсаңыз ұялы телефонға үңіліп отырған балалардың көрінісіне көз үйренді. Соның салдарынан далада асыр салып ойнайтын балаларды үйден шығару мұң болды. Ал, бұған кім кінәлі, бұрынғы бала мен бүгінгі баланың айырмасы қандай? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеген Дулат Ғұбайдуллин телефонға телміріп, әлеуметтік желіге байланған балалар жайлы мәселе көтерді. Бұл мақалада тек телефон ұстаған бала емес, ұрпақ тәрбиесі, ұмыт қалған ойындар, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселелері де қамтылды. «Вконтакты» желісіндегі жасөспірімдерді теріс бағытқа тәрбиелейтін топтардың құйтырқы әрекеттері әшкереленіп, сол тақырыпта ата-аналардың да, жасөспірімдердің де пікірлері толықтай берілді.

     

     

    Мал ұрлығы қайтсе тыйылады?

    (№45 сан, 8 қараша)

    «Малым жанымның садақасы» дейтін қазақ әуел бастан төрт түлікті аса қадірлеген. Соның ішінде күн көрісі тікелей ауыл шаруашылығымен байланысты біздің аудан үшін малдың орны ерекше. Малды өсірген жақсы-ау, алайда, жыл сайын мал семіріп, оңала бастайтын күз мезгілінде мал ұрлығының көбейетіні жаман. Осы тұрғыда тілші Бауыржан Бердіғалиев малын ұрлатқан адамдар мен құқық қорғау органдары өкілдері, округ әкімдерінің пікірін тыңдай отырып, сараптама мақала жазды. Осы мақала шыққаннан кейін редакцияға хабарласып, өзінің пікірін білдірген оқырмандар да көп болды.

     

     

    Құмар ойынды қалай тиямыз?

    (№46 сан, 15 қараша)

    Ақиқаттың жаршысына айналған «Ашығын айтайық» айдарының тағы бір көтерген мәселесі құмар ойын болды. Бас редактордың орынбасары – жауапты хатшы Нұрсәуле Жауынбаеваның бұл мақаласы құмар ойынға құмартып, бар тапқанын бала-шағасының аузынан жырып жаман жолға салатындарға ой салды.

     

    Ажырасу сәнге айналған ба?

    (№47 сан, 22 қараша)

    Бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің ең өзектісі – ажырасу. Бұл мәселені басты назарға алған тілші Гүлмира Тілегенова биылғы жылдың алғашқы он айында 144 отбасы шаңырақ көтеріп, 20 отбасы ажырасқанын анықтады. Соның ішінде ең көбі жастар екен. Әлі бала сүйіп те үлгермеген жастардың кішкене кикілжіңге бола ажыраса салуы расымен де өзекті өртер жайт. Осы мәселелерді жан-жақты талдаған тілші әр сала өкілдерінің пікірін жинап, өзекті тақырыпты өз деңгейінде көтере білді.

     

    Бұқаралық спортты біз қалай дамытамыз?

    (№49 сан, 6 желтоқсан)

    Мемлекеттің мықты болуы ұлттың саулығына тікелей байланысты. Соны жете ұғынған Елбасы 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен айналысатындар санын отыз пайызға жеткізуді тапсырған еді. Сол жоспар ауданымызда қалай жүзеге асып жатыр, спорттық нысандардың жай-күйі қалай? Бұл сұрақтарға тілші Дулат Ғұбайдуллин жауап іздеп көрді. Мойындау керек бұқаралық спорт баспасөзде көп көтеріле бермейтін, көбіне қалтарыста қалып қоя беретін тақырып. Қорыта айтқанда, осы мақаланы оқыған әр адам алдағы уақытта өз-өзін жаттықтырып, салауатты өмір салтын ұстана білсе Елбасы қойған межеге де жететін күн алыс емес екендігін ұғынғандай.

    Түйін.

    Аудандық «Қызылқоға» газетінде бір жылдың ішінде бұлардан басқа да аса маңызды тақырыптар қозғалды, салихалы сұхбаттар жарық көрді. Біз тек ішіндегі ең көп оқылып, оқырманға ой сала білген санаулы тақырыптарға шолу жасадық. Алайда, газет ұжымы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Есігімізден енген жаңа жылда да тың жобалар мен жаңа айдарлар жүзеге аспақшы. Ол үшін Сіздер сияқты ойлы оқырмандар ұсыныс айтып, көкейде жүрген мәселесін көтерсе нұр үстіне нұр болары хақ.

    Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

    Прочитано 28 раз
    © 2019 Qyzylqoga.kz. Барлық құқық қорғалған.

    Please publish modules in offcanvas position.