Деген екен...

Қызылқоға өңірінен кімдер шықпаған?!

Батыр да, ақын да, әулие де, жазушы мен ғалым да шыққан. Тапқырлығымен халықтың есінде қалған жандар да өткен бұл өңірде. Сондай жанның бірі – марқұм Тұрғанғали Мырзағалиев ағамыз еді. Тұрекең Гурьевтің (Атырау) ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, өмір бойы мал маманы болып жұмыс жасады. Өте білгір маман еді. Тұрекең айтыпты деген әзіл-әңгіме ел ішінде жетерлік.

Ағамның мұрнын қараймын

1962 жылдан бері қарай. Көктем айы. Ауылымыздың екі азаматы бір үйден қонақтықтан шығып келе жатып, сөзге келіп қалады. Екеуі де ірі денелі. Бірі Шеркеш руынан болса, екіншісі Беріш руынан екен. Ол кездегі көлік ат қой. Аттан түсе қалып көк майсада емін-еркін төбелеседі. Арашалайтын ешкім жоқ. Содан беріштің бір жақ танауын шеркеш тістеп жұлып алыпты.

Арада бірталай жылдар өтеді. Жангелдин атындағы кеңшардың №4 фермасы Темірбайда орналасқан. Ферма меңгерушісі Жылқыбай Есқалиев, веттехник Тұрғанғали Мырзағалиев. Түнде ғана Миялыдан келген Тұрекең таңертең Жылқыбайдан сұранады.

– Қайда барасың?

– Миялыға, шаруам бар еді.

– Түнде келдің, неғылған шаруа?, – дейді ферма меңгерушісі. Сонда Тұрекең:

– Ана Шеркеш соқырішек болып, операция жасалады екен. Ішінен Беріш ағамның мұрнын қарайын деп едім, – деген екен.

Бәрін тапсам машина сұраймын ба?

Тұрекең ветеринариялық зертханада жұмыс жасап жүрген кезі. Мекемеде бір ескі «Газ-51» автокөлігі болыпты. Бір жерге баратын шаруасы болып көлікті сұраса бастығы:

– Тұрғанғали-ау, сол машинаның карбюраторы жасамайды, трамблері жоқ, бір дөңгелегі жарылып жатыр. Соларды тапсаң барып кел, – дейді.

Сол кезде Тұрекең:

– Мәке-ау, солардың бәрін тапсам сізден машина сұрап нем бар. Қойшыбайдың үйінің қасында машинаның рамасы жатыр. Соған салып алып, барып келмеймін бе? – деген екен.

Екі жыл малға жолауға болмайды

Жұмекең туралы өзінің ауылдас інісі, айтыскер ақын Кәдірбай Жолаевтың «Жұмаш аға» деген өлеңінде манадай жолдар бар:

«Тайсойғаннан білмепті ұзауды да,

Жиі соғып жүрдік қой біз ауылына.

«Жақындасам райком ұрсады», – деп,

Жамыраған тартпапты бұзауды да».

Оның мәнісі былай екен. Кеңшарда қой фермасын басқарып жүрген кезінде Жұмекеңді райком жиналысқа салып, «Екі жылға дейін малға жолауға болмайды», – деп жұмысынан босатады.

Содан бір күні райкомның қызметкерлері іссапармен келіп, қонақ үзілмейтін Жұмекеңнің үйіне түседі. Кешкісін қонақтармен бірге сәкінің үстінде карта ойнап отырса, бұзау жамырапты.

Оны көрген әйелі:

– Жұмаш, Жұмаш бұзауды ұста, – деп айқайлайды.

Ал, Жұмекең болса:

– Осы әйелдерде ес жоқ. Маған райком екі жылға дейін малға жолауға болмайды, деді ғой, – деп картасын ойнап отыра беріпті.

Есімім «Жұм.Аш»

Энгельс атындағы кеңшарда Жұмаш Қаденов деген азамат көп жылдар қой фермасының меңгерушісі болды. Сондай-ақ, кеңшарда түрлі жұмыстарды атқарған іскер әрі әзілқой азамат екен. «Жұмекең айтқан екен» деген хикаялар да жетерлік.

Ол кездерде малды Гурьев қаласына (Атырауға), Мақат стансасына тірілей апарып, ет комбинатына сойып тапсырады. Адамдардың бәрімен араласқыш Жұмекеңнің апарған арық-тұрақ малдарының өзі бірінші сортпен өтетін көрінеді. Көпшілікпен араласып жүргесін біреулер:

– Осы сіз атыңызды ұмытып қалмайсыз ба? Атыңыз кім? – десе Жұмекең:

– Жоқ. Менің атымды ешқашан ұмытпайсыздар. «Жұм. Аш», – деп саусағын жұмып ашатын көрінеді.

«Қай шабан болса да Инаматқа бір қой бер»

Кәдірбай Жолаевтың «Жұмаш аға» атты өлеңінде мынандай жолдар да бар.

«Бұл өмірде көп еді көргеніңіз,

Қысылғанда жол тауып ерледіңіз.

«Қай шабан болсаңдағы Инаматқа,

Бір қой бер», – деген қағаз бергеніңіз».

Бұл өлең жолдарының да өзіндік шығу тарихы бар. Ол кездері кеңшар шабандарынан қой фермасы меңгерушілерінің қағазымен қой алатын. Инамат сондай қағазды Жұмаштан сұраған екен.

Жұмекең:

– Қағазды қай шабанға берейін?, – деп сұрайды.

Инамат болса:

– Қай шабан болса да бере бер, – дейді.

Әңгімемен тұрып қағазды оқымай қалтасына салып алған Инамат жақын жердегі шабанға барып береді. Әлгі шабан:

– Мынау маған емес, – деп қағазды кері қайтарады. Сонда қағазды ашып оқыса: «Қай шабан болсаң да Инаматқа бір қой бер» деп жазылыпты. Аты аталмағасын қай шабан қой береді.

Жинап жазған

Құспан ЕРМҰХАНОВ.

Миялы ауылы

Прочитано 67 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru