Шахматшы қария

Компьютердегі сайт арқылы шахмат үйренгеніме төрт айдан асқанда менің де рейтінгім 2000-ға жетті.

Бұл арада аудандық, қалалық ардагерлер турнирлеріне қатысып үлгердім, көрсеткішім – алғашқы үштік. Бұл мен үшін жаман көрсеткіш емес, біздің көше орамында бұрын мені «жұмысшы Құрекең» дейтін, ал қазір «шахматшы Құрекең!» деп, әжептәуір көтермелеп атайтындар көбейді. Енді үш-төрт ашық дебюттен (бастаулардан) басқа бір-екі жартылай және жабық бастауларды талдап үйреніп жүрмін. Сhess.com сайтында дебютті талдайтын бөлім бар және шахмат тақтасымен белгіленген бөлігінде ФИДЕ шеберлерінен бастап, әлем чемпиондарының ойнаған классикалық партиялары келтірілген, солардан күніге оншақтысын талдаймын. Мәселен, ашық дебютті Пол Морфиден бастап үйренуге тырыстым. Содан соң Алехин, Капабланка және тағы басқалар болып кете береді.

Сөйтіп жүргенде, «жан жадыратып, күн күлдіріп» жаз да келді. Сәтжан жыл қорытындысын үздік бағалармен аяқтап, мақтау қағазын алды. Жазда таудағы оқушылар демалыс лагерінде өтетін бүкілқазақстандық оқушылардың турниріне Сәтжан бапкерімен бірге даярлыққа кірісті. Жаттығуы төрт сағатқа созылады, содан кейін паркке, өзен жағасына серуендету менің міндетім. Оның ас-суы әжесінің мойнында, өз әке-шешесі, әдеттегідей, таңертең ертемен кетеді, кешкісін жай оралады. Жұмыстары ауыр. Біреуі инженер-программист, екіншісі технолог. Әйтеуір, қаражат тауып, отбасын қамтамасыз етіп жүргендеріне шүкір. Әне-міне дегенше, Сәтжанның оқушылар демалыс лагеріне баратын күні де жақындады. Әдеттегідей әжесі бәрін дайындап, тіс жуғышы, сабынына дейін түгендеп, тауда салқын болатынын айтып, жылы киімдерін де жол дорбасына салды. Кішкентай шахматын да жолға алатын болды. Не бары он күнде әрі турнирге қатысады, әрі демалатын болады. Көңілсіз болмайды. Өзі сияқты балалармен бірге жүріп, бірге ойнайды.

Сөйтіп, жолға шықтық. Тауға өрмелеген бұралаң жолмен автобус жүйт-кіп келеді. Сәтжанның биік тауды көргенде көздері жайнап кетті. Биік-биік шыршалар мен самырсындарға таңдана қарап, «анау не, мынау не?» деп, бастырмалата сұрайды. Қаладан шыққанымызға бір сағаттай болғанда, үлкен шатқал алдымыздан шыға келді. Төменде буырқанған тау өзені ағып жатыр. Берігеректе тегіс жерде шатырадай, аппақ корпустар бой түзеген. Бұл – оқушылардың жазғы демалыс лагері. Үлкен шлагбаумды ашқан күзетші-полицей қарсы алып, келушілердің құжаттарын тексерді. Содан соң алдымыздан көк галстук таққан ересек жігіттер мен қыздар – вожатыйлар қарсы алып, лагерь бастығына апарып, жас ерекшеліктеріне қарай балаларды бөлмелелерге орналастырды.

– Мен Сәтжанның тәрбиешісі – вожатыйымын. Аты-жөнім Құлымғарина Мирамын, мынау менің визиткам. Өзім де шахматшымын, КМС-пін. Ата, уайымдамаңыз, бәрі де жақсы болады. Хабарласып тұрыңыз. «Рақмет, шырағым. Әлгіндегі автобуспен қайтайын». Сәтжанның көзі жәудіреп әлденеге уайымдағаны көрініп тұр. Алғаш рет үйден ұзап шыққаны осы болған соң да болар. Оны Мира апайы алдарқатып, сөзге тартып тұрды.

 – Сәтжан, демалысың аяқталған соң, өзім келіп алып кетемін. Уайымдама. Апайыңның айтқанын тыңда. Сол екі арада өзіндей тағы бір бала сонау Атыраудан келіпті, екеуі танысып, әлденеге мәз болып күліп алды. Мені шығарып салып, шлагбаумнан ары шығуға болмайтынын вожатый апайы айтып үлгеріпті. Екеуі маған қол бұлғап қала берді. Сәтжанның әжесі мен екеуімізге күн өтпейтін сияқты көрінді. Оның вожатыйына екі-үш күн сайын бір рет телефон соғып, хал-жайын біліп тұрамыз. Ал, оның әке-шешесі күн сайын хабарласады екен, оны кешкісін ғана бізге айтады. Сөйтіп, күн артынан күн өтті.

Мен сол кезде ардагерлердің қалалық шахмат турниріне қатыстым. Қазіргі абсолюттік рейтінгім – 2124! Соның нәтижесі болса керек, турнирдің жүлдегері атандым. Шахматтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Бас төреші Анатолий Аристрахович Носков өзі айрықша мақтап, КМС-тің нормасын орындаған бұрынғы станокші-токарь, завод жұмысшысы Құрымбек қария дегенде, жұрт дуылдата қол соқты. Немерем Сәтжанға аз да болса үлгі көрсететініме іштей қуандым. Сол сәтте бір жас журналист микрофонды аузыма тосып:

– Ата, өміріңізде өкінген сәтіңіз болды ма? – дегені. «Әрине, адам өмірінде ондай жайт болады. Менің басты өкінішім – цифрлық тұрғыдан басқарылатын токарьлық станокте жұмыс істей алмай кеткенім. Кәсіби училищеден (РУ-дан) басқа оқи алмадым. Жетікластық білім алып үлгердім. Соғыс баласымын ғой. Еңбекке ерте араластым. Одан ары оқуға мүмкіндік болмады.

Келесі күні «Хабар» арнасынан спорт бөлімінде мен жайлы көрсетіпті. Заводтағы жұмысшылар көріп, мәз болыпты. Бір құрдасым телефон соғып: «Құреке, қартайғанда, кәрбоз жорға шығады» деген осы! Құттықтаймын» дегені. Мұны мен немеремнің болашағы үшін, үлгі болу үшін жасап жүргенімді жұрт қайдан білсін! Сәтжанның демалысы аяқталардан бір күн бұрын оның тәрбиеші-вожатыйы маған телефон соғып: «Ата, құттықтаймын, немереңіз ерледі. Жас жағынан өзіндей балалардың арасынан бірінші орынға шықты. Марапаттау ертең сағат он бірде» деді. Үй-ішіміз түгел қуандық. Әсіресе, әжесінің қуанышында шек жоқ. Айналып-толғанып, оның жақсы көретін самсасын пісіруге кірісті.

Мен ертеңіне тағы да таудағы оқушылар демалыс лагеріне жол тарттым. Сәске түсте жетсем, балалар көп жиналыпты. Олардың ата-аналары, бапкерлері елдің түкпір-түкпірінен келгендер толып кеткен. Үлкен алаңның басында столдар, үстінде гүлдер қойылған, арғы шетінде мінбер, оның алдында бір топ бала сап түзеп тұр. Әр жерде қызылды-жасыл жалаулар көрінеді. Радиодан құйқылжыта күй тартылуда. Жұрттың бәрінің де көңіл күйлері көтеріңкі, мерекелік күй сыйлады дегегін осындай-ақ болар деп ойладым. Бір сәт тыныштық орнады. Керней тартылып, ортаға оқушылар демалыс лагерінің туы әкелінді. Мінберге көтерілген кісі бүкілқазақстандық оқушылардың демалыс лагерінде өткен шахмат турнирінің қорытындысын жариялауға рұқсат етіңдер деп бастады сөзін. Бірінші класс оқушылары арасынан үшінші орын алған Құрманшин Тілек, екінші орын – Сәдуов Жалғас, бірінші орын алған Жанболатов Құрал тиісінше медальмен және сыйлықпен марапатталынсын. Жұрт дуылдата қол соқты. Қаладан келген лауазымды кісілер балалардың мойнына медальдар тағып, бағалы сыйлықтар тапсырып жатты. Және екінші сынып оқушылары арасынан үшінші, екінші орындарды алғандарды атап-атап айтып, бірінші орын алған Құрымбек Сәтжан шақырылады! – дегені. Осылайша олардың мойындарына медальдар тағып, сыйлықтар үлестірілді. Және басқа класс оқушылары арасынан марапатталынған спорт шебері, шахматтан спорт шеберіне кандидаттар есімдері аталып жатты. Барлық жүлдегерлер марапатталып болған соң, бас төреші биылғы оқушылардың бүкілқазақстандық шахмат турнирінің аяқталғанын жариялап, туды түсіру рәсімін жасауға әмір етті.

Сол сәтте вожатый Мира Сәтжанның қолынан ұстап, көпшіліктің арасынан мені іздеп тапты. Мені көріп, немерем құшақтай алды. Бет-әлпеті күнге тотығып, денесі шымырлана түскен сияқты. Мойнындағы медалі күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Вожатыйына алғысымды айтып, қалаға оралдық... Жазғы демалыста Сәтжан екеуіміз Алматы опен (ашық) турниріне қатысып, балалар арасынан тағы да ол бірінші орынға шықты, ал мен ардагерлер бойынша екінші орынға көтерілдім. Сөйткенше болмай, Сәтжанның бапкері 8-14 жас аралығындағы балалардың дүние жүзілік турниріне оның баратынын хабарлағанда, бүкіл отбасымыз болып қуанғанымыз сонша, ерекше шаттыққа бөлендік. Ал немерем мұны ерекше жауапкершілік деп түсінгені, бәз біреулердей ел көрем, жер көрем деп қуанбай, дәл осылай спорттық салқынқандылықпен қабылдауы бәрімізді де ойландырды. Бапкері Санжар білікті маман болып шықты. Алдын ала шәкіртіне бір аптаға не істеу керектігін қолына жазып береді. Ол шахматшының қандай кемшілігі бар екенін жақсы біледі. Соны тез арада жоюды көздейді. Сонымен қатар оның денсаулығын да қадағалайды. Сәтжан екеуіміз күн ара паркке не өзен жағасына баруды бұрынғыша жалғастыра бердік. Парктегі аллеяда жүргенде не скамейкада демалып отырған сәтте әңгімелесеміз. Бірде Сәтжаннан: «Шахматта кімді өзіңе үлгі тұтасың?» деп сұрап едім, ол:

– Әрине, балалар мен жасөспірімдер арасынан шыққан әлемнің бес дүркін чемпионы Жансая Әбдімәлікке ұқсағым келеді. Турнирлерде ол кісіні талай рет көрдім. Өзін бір қалыпты ұстайды. Қуанышын да, ренішін де байқатпайды. Сондай-ақ, сөз арасында Сәтжаннан өскенде кім болатынын да сұрадым.

– Ата, мен роботтарды құрастырып, адамдардың ауыр еңбегін жеңілдеткім келеді. Кейде папам сияқты инженер-програмист те болғым келеді. Әйтеуір инженер боламын. Бәрін де уақыт көрсетеді, – деді байсалды түрде. «О, тоба, тілеуіңді берсін, арман-мақсатыңа жет!», - дедім... Көп кешікпей, қыркүйек айында сонау шет елдегі Монтевидео деген бір қаладан біздің цехтың бұрынғы жұмысшысы Құрымбектің немересі балалар мен жасөспірімдер арасында шахматтан өткен дүниежүзілік турнирде әлем чемпионы болыпты деген хабар бүкіл қалаға желдей есіп, кеңінен тарап жатты.

ТӘЖІБАЙ ЖАНАЕВ,

Шахматтан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат.

Прочитано 85 раз

Видео

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат»

Газетке Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде тіркелгені жөнінде 2018 жылдың 16 мамырында №17104-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй.

Байланыс телефоны: 2-17-38, 2-17-64

Электрондық пошта: mialy44@mail.ru